Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қаламы қарымды жазушы, қадамы құтты қайраткер - АРҚА АЖАРЫ

Қаламы қарымды жазушы, қадамы құтты қайраткер

Қасиетті Көкше топырағында жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 5-6-шы шақырылымының депутаты, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің мерейтойы кеңінен аталып өтуде.

Мерейлі тойдың мазмұны, мәнді беташары туған топырағы – Алаштың санталай игі-жақсыларын өмірге әкелген Қарағаш ауылында аталып өтті. Жазушының ақ бесігі көз ұшына ілінгенде аттанар жақ қапталдан шоқ қайыңның бауырындағы еңселі ескерткіш көзге түседі екен. Дәл сол арада ат басын іріктік. Қоңыр күздің мың сан бояуы табиғаттың дидарына жұқалай жағылып, әлдебір салтанатты, көңіліңе сыршыл сезім селін құятын реңге боялып қалыпты. Ұйыса өскен ақ қайыңдардың қойнауы жып-жылы екен. Пейілімен жылытып, періште көңіл перзенттерін аймалап тұрғандай.

Жапырағынан айырылса да бұтағы бүтін, тамыры мықты. Дәл осы арада көне суреттердің тіріліп көз алдымызға келгені. Жазушының атасы Жұмжұма Көкше төңірегіне аты шыққан әйгілі Науан хазіреттен дәріс алған діндар адам. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда бұл әулет жергілікті жұрт «іш жақ» деп атайтын Түмен асып кетсе керек. Отызыншы жылдары бес ұлымен туған елге оралыпты. Әйтсе де, жақсының жағасына жармасқан тексіздердің қолы ажырай қоймаған. Әрі тағдыр да сындарлы сәтін үзбеген. Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда бір әулеттің бес ұлы қан майданға аттанып, қыршын жастың төртеуі хабар-ошарсыз кеткен. Қазақта «қырық жыл қырғын болса да, кебенек киген келеді» деген сөз бар.

Ажал оғы қарша борап тұрған от-жалынның ішінен татар дәмі таусылмай, аман оралған Жабалдың әкесі Ерғали екен. Тағдырдың теперіші туралы жаңа айттық ғой, отбасының отыз омыртқасын опырып, қырық қабырғасын қаусатқан қиындық жалғыз емес еді. Егістік алқапта шашылып жатқан, аз уақыттан соң қардың астында қалып шіріп кететін масақты теріп, шиеттей балаларымды аш қалдырмаймын деп бір дорба бидай жинағаны үшін анасы Үмітжан он жылға сотталып кеткен. Заман-ай десеңізші, көрінеу көзге көрініп тұрған қиянатқа қарсы тұрар, адалын айтар бір пенде табылмаған-ау сонда?! Жазықсыз жазаның аттай төрт жылын өтеп, туған елге оралғанымен, Сібірдің сақылдаған сары аязы асыл сүйегінен өтіп, айықпас ауруға шалдығып, Үмітжан ана небары 34 жасында мынау жарық дүниені тәрк етіп, қайтпастың кемесіне мініп кете барған. Сол кезде бүгінде бір елге тұтқа болып отырған Жабал ағамыз небары жеті-ақ жаста екен.

Айтуға ғана оңай, әйтпесе, көкірегі мұңға, жүрегі қайғыға толмады дейсіз бе, толғанда қандай, бүгінгі күні жазушы-драматургтың шығармаларын ден қойып оқысаңыз, ақ торғын мұңның лебі еседі. Оқырманның жан-жүрегін бебеулетіп, жанына жай таптырмайтын ащы бір шындықпен әдіптелген әлгі мұң ақ пен қарасы, әділдігі мен әділетсіздігі алма-кезек астасып, таразы басына түсіп жататын өмір шындығы, өмір ақиқаты қылаң береді. Тіпті анық, айқын көрінеді.

Туған ауыл абыройлы перзентін құшақ жая қарсы алды. Алдымен осы  төңірекке дін шапағатын жазған аталарына қойылған, анығында  жазушы Жабал Ерғалиұлы өз қаражатына орнатқан «Атажұрт» стелласының алдында жылыжүзді жүздесу өткізілді. Жазушыны қарсы алған қалың топтың ішіндегі Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов осы бір игі шараның жалпақ жұртқа өнеге екендігін орынды атап өтті. Әлгі ақ қайыңдар да жарыса сыбдырлап, ескі заманның естелігін айтып жатқандай. Иә, замананың желі адамның да жанын күйзелтіп, жапырағын жұлған. Бірақ, тамыр аман, дің мықты. Қайта қаулап өсеріне күмән жоқ. Өсті де емес пе?! Аруақты аталардың ақ жолын жалғаған Жабал Ерғалиұлы бойындағы жаратқан ие сыйлаған қабілет-дарынның, қайтпас қайсар қайраткерлігінің арқасында алты Алашқа танылып отыр.

Біз 1980 жылдардың орта шенінде облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне қызметке ораналасып, қолымызға қалам ұстаған кезеңде Жабал Ерғалиұлы оқырманға ойлы дүниесімен танылған қаламгер еді. Сол заманның жақсы-жайсаңын боямасыз бейнелеп, ел деп соққан ет жүректерінің лүпілін сетінетпей, сол қалпында бере білетін әңгімеге бергісіз очерктері мен мәнді мақала, жүрек қылын шертетін эсселері күн құрғатпай жарияланып жататын. Жалғыз облыстық газетте емес, республиканың бар басылымдарында. Осы арада мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Сәкен сері Жүнісовтің бір ауыз сөзін келтіре кетсек, артықтығы болмас. Заманында ол кісі Жабал Ерғалиұлы туралы былай деп қалам тербепті: «Азамат ретінде сыйлас, қаламгер ретінде сырлас Жабал Ерғалиұлының жан дүниесіндегі туған елге деген сүйіспеншілік пен құрмет, арманды мақсат пен адал ниет өзге де жігіттердің жүрегінен табыла берсе, осынау Көкшенің көлемі көк кілемдей болып мәңгі көгере беретініне сенімдімін». Сәкен сері өкшесін басып келе жатқан қайраткер һәм қаламгер інісінің бойындағы перзенттік парыз парасатын пайымдап, ағынан жарылып, бағасын берген емес пе?

Ауылдың қақ ортасындағы жазушы салған мешітте болып, аруақтарға құран бағыштадық. Қарағаш ауылының білім ошағында жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлының шығармашылығына арналған шырайлы кеш өткізілді. Кеш барысында қаламдас інілері Қайырбай Төреғожа, Құдайберлі Мырзабек, Ерболат Баятұлы пайымды пікірлерін білдіріп, әдебиет айдынындағы кемесі өрге жүзген кемел тұлғалы ағаларының қаламынан туған туындыларын талдап, ақжарма, адал сөздерін айтты. Аудан әкімі Берік Әлжанов жазушы Жабал Ерғалиевтің қайраткер ретіндегі қисапсыз шаруасын айта келіп, «Тайынша ауданының құрметті азаматы» атағымен марапатталғанын жеткізді. Осы арада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 5-6-шы шақырылым депутаты болған кезінде қаламгердің белсенді қызметін бір ауыз сөзбен айта кеткен орынды болмақ. Сенатор өзіне жүктелген ел аманатын абыроймен ақтады. Еңбекшілдер ауданына ән дүлдүлі Біржан салдың, Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың, Төтенше жағдайлар академиясына Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің, Краснояр селосындағы ұлттық спорт мектебіне Балуан Шолақтың есімі берілуіне орында еңбек сіңірді.

Оқырман қауым халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Жабал Ерғалиұлының қарымды қаламынан шыққан, ел қамын қаузаған ойлы, парасатты мақалаларымен, замана жүгін арқалаған хикаяттарын, әсерлі әңгімелерін, елінің бүгіні мен ертеңін, қатпар-қатпар проблемаларын қаузаған драмаларын жақсы біледі. Осы орайда «Құшағы суық дүние», «Кешкі мұң», «Ескі арба», «Қош бол, құлыным», «У  дүние», «Алдамшы өмір» тәрізді шығармалары оқыған жанды түпсіз терең ойға бойлатпай қоймайтындығын айта кетуіміз керек. Әр шығармасында ұлы өмірдің философиясы, санқилы соқпақпен өрілген адамдардың тағдыры, пенденің пешенесіне жазылған сындарлы сынағы, адам жанының нәзіктігі, лүпілі мен күрсінісі қамшының өріміндей жымдасып, санамен салмақтай білген адамның көкірегіне ой салатыны бар.

Әр шығармадағы шеберлікпен сомдалған көркем, келісті образдар бізбен бірге өмір сүретін, кәдімгі ортамызда жүрген адамдар. Анық, ақиқат суреттер. Тіпті, кейбір көріністі өзің де көргенсің, бірақ, айта алмағансың. Оқырманның көңіліне жақын болатындығы, өзі өмір сүріп жатқан ортадағы таныс, бейтаныс бейнелердің арасында күн кешкендей қым-қуыт тіршілікте қанаттаса, қабаттаса ұмтылып келе жатқандай күйге бөленері бар. Мұның барлығы өмір атты майдан. Сол майданда арайлап атқан таң мен алаулап батқан кештің қас-қағым сәті тәрізді жылдам өтетін, зырлап ағатын өмір ағысының ақбас толқындарымен алысып жүріп, ақиқатты аңсайды. Шындықты мұрат тұтады. Бәлкім сонысымен де өміршең. Әлі адам баласы түйсініп таппаған шындық атты шынардың діңінен қуат алып, өмір мағынасын түсініп түйсінуге ұмтылдырады. Бәлкім бұл жазушының жан дүниесіндегі аласапыран арпалыс шығар.

Драматург ретінде дүйім жұртқа танылған суреткер қаламынан «Бұлтты түнгі толған Ай», «Құлпытастың көз жасы», «Қилы жол», «Жан шырылы», «Қас-қағым» атты драмалары еліміздің театрларында сәтімен сахналанып, өз көрермендерін тауып үлгерген. 2015 жылы Қырғызстанда өткен 5-ші халықаралық «ART-ORDO» театр фестивалінде М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық драма театры сахналаған «Қас қағым» метафизикалық трагедиясы бас жүлдені жеңіп алды.

Жазушының ерен еңбегі де лайықты бағаланған. Елбасының Жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болған. Есімі «Қазақстанның үздік адамдары», «Солтүстік Қазақстан» және «Ақмола облысы» энциклопедияларына, «Ақмола облысының тұлғалары» жинағына енгізілген. «Алматы облысы Қарасай ауданының құрметті азаматы», «А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің құрметті профессоры».

Ел Жабал Ерғалиұлын «Жабал шешен» деп атайды. 2010 жылы Сыр елінде Еркін Әуелбековтың 80 жылдығы аталып өтсе керек. Көкшетаулықтар да барыпты. Салтанат басталып, сөз кезегі келгенде Жабал Ерғалиұлы баяғының шешендеріндей: «Қасиетті топырағыңда Қорқыт бабамның сүйегі жатқан Сыр елі, сен неге қасиетті болмассың, ен далаңды жарып ағып жатқан Сырдариясы бар, Сыр елі сен неге терең болмассың? Төріңде Төретамың мен Байқоңырың бар, Сыр елі, сен неге биік болмассың?! Қасиеттісің, Сыр елі! Тереңсің Сыр елі! Биіксің Сыр елі!» Таудан аққан тасбұлақтың екпініндей лықсыған көркем де терең сөзді түйдек-түйдегімен ағытқан кезде тәмам ел тәнті болған деседі. Содан бері Жәкең «Жабал шешен» атанған. Сөз қадірін білетін барша жұрт сыйластығы мен құрметін білдіріп, осылайша төбелеріне көтереді.

Алда жемісті жылдардың жалғасы сабақтала бермек. Өзің мен сөзің аман болсын, Алаштың лебізін айта білген, ардақты аға!

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар