Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ прозасы стилінің зерделі зерттеушісі - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ прозасы стилінің зерделі зерттеушісі

Сусыма құмдай жылдар жылжып өткен сайын уақыттың сүреңсіз табы өткен ғұмырдың ізін жасырып, санадан өшіріп, көңілден көлегейлеп, көкейден ұмыттыратыны хақ. Уақыт атты ұлы күштің алдында амалсыз жығылып, бас имеске әддіміз жоқ! Осынау ақиқатты мойындай отырсақ та, өмірдің қатал заңдылығына берілмейтін, жығылмайтын не нәрсе десек, Бұқар бабамыздың «Әлімнің хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген ғибратты сөзі еске оралады. Иә, уақыт қанша алға қарай жүйткісе де, жылдар жылжып бір-бірін алмастырса да тасқа басылған сөз де, жақсының ұлағатты есімі де санада жаңғырып, өшпейтіні мәлім.

Сонау ықылым замандарда өткен қаншама ұрпақтың есімдері жадымыздан өшсе де, сол кезеңдерде өмір сүрген ғалымдардың есімдері көкейімізде жатталып, қазіргі күнде де бізбен жасасып келе жатыр. Олай болатын болса, адам танымын кеңейтетін ғылымға да, оның өкілдері ғалымдарға да адамзат қоғамы мәңгі қарыздар екен!

Біздің бүгінгі әңгімеміздің өзегі де ғылым жайлы, осы ғылымды жасаушылардың бірі – ғылым өкілі, ғалым жайлы болмақ. Нақтырақ айтсақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының беделді ұстазы, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бердібай Шалабай туралы болмақ. Байыпты да салмақты, биязы да көркем мінезімен ерекшеленетін, айналасына үнемі шуақ шаша қарайтын осы бір жарқын тұлғаның ғылымдағы, оның ішінде қазақ тіл білімі саласындағы еңбектеріне тоқтала кетуді жөн санап отырмыз.

Бердібай Шалабай 1947 жылы қараша айының 2-сінде Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақ АССР-інің Шоманай ауданында ұстаздар отбасында дүниеге келіпті. Орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Жұмағамбет Шалабайұлы сияқты әке мен Рәзия Сәтберген сияқты ананың алтын ұя отбасынан түлеп ұшқан жас Бердібай 1964 жылы Алматыдағы С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсіп,оны 1969 жылы үздік аяқтап,университет аспирантурасына қалдырылады. Бекеңнің ғылымдағы сапары осы кезеңнен басталады. Аспирантураны бітіргеннен кейін оның ұстаздық пен ғылымдағы абыройлы қызметі табысты жалғасын табады.

Орал педагогикалық институтында, Қазақ қыздар педагогикалық институтында, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі сияқты сатылардан өтті. Қазіргі таңда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры болып, шәкірттер тәрбиелеуде. 1973 жылы филология ғылымдарының докторы, Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, профессор М.Балақаевтың жетекшілігімен Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы синтаксистік құралдардың стилистикалық қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертация, ал, 1997 жылы филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Р.Сыздықтың ғылыми кеңесшілігімен «Көркем проза тілін зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. Профессор Б.Шалабай артына із қалдыратын ізбасар шәкірттер даярлауда да талай еңбек сіңірді. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 34 ғылым кандидаты, 2 ғылым докторы, 1 PhD докторы дайындалды. Бұл ғылым иелері қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында абыройлы қызмет атқарып жүр.

Өзі қызмет ететін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде  2 PhD докторы дайындалуда. ПҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Шалабай Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің, Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті «Құрмет Белгісі» медалінің иегері. Қазақ тіл білімінде профессор Б.Шалабайдың сіңірген еңбегі қандай дегенде, оның тіл білімінің синтаксис, стилистика, функционалды грамматика салаларын зерттеген зерделі зерттеуші екендігін баса айтқымыз келеді. Ол өзінің ғылымдағы жолын тіл білімінің стилистика саласын салмақты да байыпты зерттеулерімен бастады. Оның «Көркем әдебиет стилистикасы» атты зерттеу еңбегін стилистика саласы бойынша М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев авторлығымен шыққан «Қазақ тілінің стилистикасы» атты еңбегінен кейінгі жарық көрген еңбектердің ішіндегі маңызды, бірегей еңбек деп санауымызға болады.

Стилистика саласын зерттеуден бастаған Б.Шалабай  дәстүрлі стилистика саласын жаңа парадигмаға сай мәтін лингвистикасы тұрғысынан қарастыра бастады.Дәстүрлі стилистика парадигмасы тұрғысында зерттеулер қаламгер шығармаларының тілін зерттеуде  көркемдік ерекшелігі тұрғысынан әдеби зерттеу еңбектермен үндесетін болса, ал, мәтін лингвистикасы аясында қаламгерлер тілі мәтін лингвистикасы саласында ғылыми зерттеулер жазып, бұл саланың қазақ тіл білімінде қалыптасып, орнығуына елеулі үлес қосты.

Қазақ әдебиетінің тарихына терең бойлап, тіпті ауыз әдебиеті үлгілеріне де тоқталып, автор бейнесінің эволюцияланудаму күйін саралайды. Осыған байланысты ғалым өзінің «Көркем проза тілі» деген зерттеу еңбегінде былай дейді: «Автор бейнесі» прозада қалай дамиды? Белгілі жай, ауыз әдебиетінде оның қара сөз жанрында да дараланған әңгімелеуші болған жоқ. Ертегілерде, аңыз әңгімелерде баяндаушы оқиғаларды жалпылама түрде баяндайды.

Осыған байланысты дараланған тілдік-стилистикалық құралдар жүйесі қалыптаспады. Баяндау тоны шығарманың өн бойында бірқалыпты болып, өзгермейді. Бұл жай алғашқы прозалық шығармаларға да тән («Бай баласы мен жарлы баласы», «Қалың мал»). Кейінірек романтикалық, реалистік сипаттағы жанрлардың пайда болуымен байланысты әңгімелеуші оқырмандарға тікелей сөз арнайды («Ақбілек», «Шұғаның белгісі»). Енді ертектегі әңгімешінің орнын жазушы басады да, тыңдаушының орнын оқырман басады. Фольклордың тілі дәріптеп жырлау үлгісінде болса, енді орнын мәнерлеп бейнелеу ауыстырады.

Әріден келе жатқан композициялық-тілдік формалар – монолог пен диалог дараланып, сыйымды да көпмағыналы бола түседі. Жаңадан әртүрлі аралас формалар пайда болады. Баяндаудың әңгімелеуші тарапынан (және оқырман тарапынан да) дараланып субъективтенуі әңгімелеу тонын саралайды. Ауыз әдебиетіндегі және бастапқы көркем прозалардағы бірқалыпты баяндау тонының орнына эмоционалдық сипаттағы өң-реңктер пайда болады» ( Б.Шалабаев. Көркем проза тілі. Алматы «Білім» 1994. 16-17 б.б.).

Ғалым прозалық мәтіннің баяндау тәсіліндегі эпикалық ракурс пен эпикалық қашықтық ұғымдарына тоқталып, оларға сипаттама береді. Эпикалық ракурсқа тоқталып: «Эпикалық ракурс – автордың оқиғаларды бейнелеудегі «өзін-өзі ұстау» дәрежесі, яғни, өзін-өзі көрсетуі. Осыған байланысты әңгімелеушінің белгілі бір құрылымдық типі қалыптасады» десе, эпикалық қашықтыққа байланысты: «Эпикалық қашықтық – әңгімелеуші – автордың шығармадағы баяндалып жатқан оқиғалардан белгілі бір мезгілдік немесе кеңістік арақашықтықта орналасуы. Ол белгілі бір баяндау формасы аясында өзгерістер енгізіп түрлендіреді» деп тұжырым жасайды.

Көркем әдебиет тілінің тарихы мен әдеби тілдің тарихының тығыз байланысты екенін айтқан ғалымның мына бір пайымдауларына да көңіл аударамыз. Бұл айтылғандардан көркем әдебиет тілінің тарихы әдеби тілдің тарихымен тығыз байланысты екенін көруге болады. Бұл, әсіресе, дамудың ертерек дәуірлерінде айқын байқалады. Алайда көркем әдебиет тілі мен әдеби тіл, екеуі бір нәрсе емес екенін де айқын түсініп ажыратпасқа болмайды.

Олай болмағанда ұғымдардың ауысуы орын алған болар еді. Сонымен, көркем әдебиет тілінің бастау бұлағының бір арнасы ауыз әдебиеті тілі екен. Ауыз әдебиетінің тілі, оның ішінде ертегілердің тілі алғашқы прозалар тіліне бірден-бір үлгі болды». Тағы бір көңіл аударатын мәселе, ғалымның «автор бейнесіне» қатысты ой-тұжырымдары әдебиеттану ғылымындағы көркем шығарма мәтініндегі баяндау теориясы болып есептелетін «нарратология теориясымен» ұштасып жатуы.

Мысалға ғалымның  «шығармадағы автор бейнесінің» көріну дәрежесі  әдетте әр түрлі. Кейде ол шығармада барынша «анық көрінеді», яғни, шығармадағы болып жатқан оқиға құбылыстарға автордың көзқарасы, қатынасы ашық бейнеленеді. Ал енді ол бірде жасырынып, кейіпкер бейнесінің тасасында қалады. Бірақ, бәрібір, олардың қай-қайсысы да «автор бейнесін» сипаттайды  деген ойлары әдебиеттанудағы автор тұлғасына қатысты «эксплецитті автор», «имплицитті автор» ұғымдарымен сәйкес келуі.

Өз басым үшін бағалысы профессор Б.Шалабайдың көркем мәтін лингвистикасы тұрғысындағы зерттеулерінің әдебиетттанудағы жаңа бағыт болып есептелетін лингвоэтникалық бағыттың зерттеулерімен ұштасып жатуында. 20 ғасыр жаңа технологиялар мен ақпарат ғасыры болып қана қоймай лингвистика мен әдебиет салаларына да көптеген жаңалықтарды алып келді. Әдебиеттануда ақын-жазушылардың өмірбаяны, шығармаларын оқыту, жай талдау ғана емес, сонымен бірге, лингвистикалық, лингвостилистикалық, лингвоэтикалық талдаулар әдебиет пен лингвистиканы ұштастырады.

Бұл тұста шығарма тілін лингвистикалық талдау әдеби туындының эстетикалық табиғатын, көркемдік қырын түсінуге, құбылыстардың көптеген мәселелерін шешуге өз әсерін тигізеді.А.А.Потебня, А.И.Пешковский, А.В.Щерба, В.М.Жирмунский, Б.М.Эйхенбаум, В.Б.Шкловский және Прага мектебінің өкілдері көркем әдебиетке талдау жасауда лингво-поэтика тәсілдерін қолдануда елеулі жұмыс атқарды. Әдеби және лингвостилистикалық тәсілдердің үйлесуі лингвоэтникалық тәсіл және ол көркем шығарма мәтінінің талдауын жаңа  сапалы  деңгейге алып шығады.

Лингвопоэтикалық  талдау алғаш поэзия материалдарында қолданылып, кейіннен прозалық шығармалардакеңінен қолданылды. Лингвопоэтика көркем мәтіннің мазмұны қандай  тілдік амалдар мен әдістермен берілді  және оқырманға эмоциялық- эстетикалық әсері қалай болды деген мәселелерді зерттейді.  Лингвостилистикалық  талдауда қарастырылатын мәтіннің әр бөлігі талдауға түссе, ал лингвопоэтикалық талдау тек шығармамен толық таныс болған соң және оны толықтай түсінгеннен кейін жүзеге асырылады. Зерттеушіден жазушының идеялық түпкі ойына ену, оның дүниетанымы мен эстетикалық ұстанымымен таныс болуы, көркем ойлау тәсілі және мәденифилологиялық дәстүрлерге қатынасы маңызды болып есептеледі.

Профессор Б.Шалабайдың көркем мәтін  лингвистика саласындағы зерттеулері лингвопоэтикалық зерттеулермен ұштасып жатыр дегенде айтпағымыз, зерттеуші де көркем мәтінді талдағанда шығармамен таныс болған соң, оның идеялық- көркемдік, эстетикалық құндылығына бойлағаннан кейін ғана талдауға көшеді. Ғалым Б.Майлин, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, М.Әуезов,С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов прозаларын талдағанда жалаң стилистикалық талдау ғана емес осы қаламгерлердің прозалық шығармаларының көркемдік-идеялық, эстетикалық құндылықтарын парықтай, таразылай отырып, лингвистикалық талдау жүргізеді. Мұның барлығы ғалым зерттеулерін лингвопоэтикаға жақындата түсетін құнды қасиеті деп білеміз.

Қазіргі таңда ғалымның «Көркем әдебиет стилистикасы» (1999 жыл), «Стилистиканы дамыта оқыту технологиясы» (2006 жыл), «Қазақ тілінің функционалды-коммуникативтік синтаксисі» атты оқу құралдары жоғары оқу орындарындағы кең сұраныстағы оқу құралдары ретінде танылады.

Қорыта келгенде, профессор Б.Шалабай тіл білімінің мәтінтану, мәтін лингвистикасы, синтаксис салаларында 5 оқулық, 200-ден аса ғылыми мақалалар жазып, толайым еңбек тындырып отыр.

Өмірде қарапайым, биязы да жұмсақ мінезімен ерекшеленетін Бердібай ағамыз өз принцип, қағидалары, ұстанымдары тұрғысында ешкімге иілмейтін емендей қайсар рухымен, ақырын жүріп, әлдекімдердей кеудесін қақпай-ақ тіл білімінде үлкен ғылыми мектеп қалыптастырып отыр. Алдағы  уақытта ғалым ағамызға үлкен шығармашылық табыс, отбасының рахатын, бақытын көре берсін деген тілектеміз!

Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
университетінің қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар