Ерекше білім беру қажеттілігі  бар балалар саны артып отыр

Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар 10 мыңнан астам бала бар. Олардың 3 мыңға жуығы мектепке дейінгі балалар мекемелерінде оқып, тәрбиеленеді. 176 бала денсаулық жағдайы бойынша тәрбиелеуге және оқытуға жатпайды. Осынау мүмкіндігі шектеулі балалардың даму ерекшеліктері туралы логопедтер мен «Ерекше Өмір» қоғамдық қорының өкілдері айтып берді.

Балалар денсаулығындағы ең түйіткілді мәселе – тілдің кеш шығуы, психикалық дамудың кешігуі, ақыл-ойдың баяу дамуы. Сондай-ақ, эмоционалды-ерікті санасы бұзылған балалардың көбеюі байқалады. Мамандар алаңдатарлық статистиканы да атап өтті.

–Жылдан жылға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны артып келеді. Ең алдымен, бұл бүлдіршіндердің сөйлеу қабілетінен аңғарылады. Әр екінші баланың дерлік тілі кеш шығып жатыр. Яғни, белгіленген жаста ол ойын толық жеткізіп, сөйлей алмайды. Оған көптеген себептер бар. Бұл бағытта тек логопедтер ғана емес, дәрігерлер де, дәлірек айтқанда, терапевтер мен невропатологтар да жұмыс істеуі керек. Бірақ, соңғы диагнозды логопед қояды, – деп түсіндірді «Ерекше өмір» мүгедек балаларды қолдау қоғамдық қорының төрайымы Әлия Рақымбекова.

Өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға көп көңіл бөлінуде. Бүгінде инклюзивті тәжірибелерді енгізу бойынша облыстық ресурстық орталық пен 50 ұйым жұмыс істейді. Арнайы мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту мақсатында Көкшетау қаласында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 280 орындық балабақша және халықтың аз қамтылған топтарына арналған 166 орындық балабақша салу жоспарда бар.

Бұған қоса, облыста инклюзивті білім беруді қолдаудың 15 ресурстық кабинеті ашылды, 2025 жылға дейін инклюзивті білім беруді қолдаудың тағы 103 ресурстық кабинетін ашу жоспарланып отыр. 2022 жылы 63 миллион теңгеден астам сомаға инклюзивті білім беруді қолдаудың 6 кабинеті ашылады деп күтілуде.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар