Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Кітапхана ісі мамандығы: кеше, бүгін, болашақта» - АРҚА АЖАРЫ

«Кітапхана ісі мамандығы: кеше, бүгін, болашақта»

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген болатын көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев. Бұл сөздер кітапхананың адам өмірдегі орнын дәл айқындап бергендей. Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің құрылғанына бүгінде 45 жыл толып отыр. Әрі Үкімет Қаулысымен 24 қазан биыл тұңғыш рет Кітапханашы күні ретінде аталып өтті. Осыған орай, Көкшетау қаласының құрамына кіретін Краснояр ауылындағы үлгілі кітапханада «Кітапхана ісі мамандығы: кеше, бүгін, болашақта» атты тәжірибелік  конференция болып өтті.  Конференцияны қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің басшысы Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиев жүргізді.

–Көрікті Көкше жері сал-сері, ақын-жазушыларымен қалай мақтанса, олардың өмірі мен шығармашылығын насихаттап жүрген, адам жанының рухани азығы саналатын кітаптың күтімімен айналысатын кітапханашыларымен де солай мақтануы керек, –дей келе, облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова кітапхана негізі қаланғаннан бері онда басшылық қызметте жұмыс істеген кітапханашылардың ерен еңбегін атап өтіп, қазіргі ұжымына ақжарма тілектерін арнады. Облыс бойынша әлеуметтік желілерде өткізіліп жатқан іс-шаралардың басым бөлігін аталмыш ұйым кітапханашылары өткізіп жатқандығына назар аударып, ризашылығын жеткізді. Сонымен бірге, шарада Краснояр селосының әкімі Ардақ Тасқынбаев,  Ақмола облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Дінмұхамед  Шалабаев, Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Күнім Оразбаева, М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Галина Саликова, аталмыш кітапхананың бұрынғы басшысы, ардагер Алтын Жағыпарова құттықтау сөз сөйледі.

– Дамыған елдер кітап пен кі­тапха­на­шылардың қоғам үшін маңызын бұрыннан ай­шықтап қойған екен. Ал, бізде жағдай керісінше. Кітапханашылардың еңбекақысы өте төмен. Соған қарамастан, олар жүк түсіруші, сұрыптаушы, сан алуан бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушы секілді ақысы төленбейтін қызметтерді қоса атқарады. Биылдан бастап, 24 қазан – Кітапханашы күні болып заң жүзінде белгіленіп отыр. Біз бұл күнді ұзақ күттік. Себебі, бұған дейін біз қызмет атқарған кезде кітапханашы күнін мамырда, не қазанда атап өтерімізді білмей, әркім өз білгенінше мерекелейтін. Үкімет­тің қаулысы шыққан кезде кі­тапханашылар бір қуанып қалды. Кі­тапханашылардың мәртебесін әлі де көтеруіміз керек. Әсіресе, еңбекақылары мен әлеуметтік жағдайына мән берілсе, – деді Алтын Жағыпарова.

Шарада бір топ қызметкерлер қала әкімі мен қалалық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды. Конференцияның негізгі бөлімінде мазмұнды баяндамаларға да кезек берілді.

–Біраз жылдан бері Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесімен тығыз байланыста серіктесіп еңбек етіп келеді. Бүгінде аталған кітапханада қызмет етіп жүрген кітапханашылардың 90 пайыздан астамы біздің оқу орнын «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған түлектер. 2000 жылдан бері бұл мамандықты 1,5 мыңға жуық маман бітіріп, еліміздің әр түкпіріне жұмысқа кетті, – дей келе, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  ұстазы Нұргүл Аниева қазіргі заманғы кітапханашы қандай болуы керек деген тақырыпты қаузап, біраз маңызды ақпараттармен бөлісті, саладағы өзекті мәселелерді көтерді. Кітапханашылардың уақытпен бірге жүріп, заманауи технологияларды меңгергеніне ерекше назар аударды.

Сонымен бірге, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет  колледжінің кітапханашысы Салтанат Смақова да баяндама жасап, кітапханамен өзара ынтымақтастық тақырыбында әңгіме өрбітті.

Кітапхананың құрылғанынан бастап, оның дамуы мен көркеюі жолында  еңбек еткен ардагер кітапханашылар да ортаға шығып, ұжымның бүгінгі қызметкерлерін кәсіби мерекемен және мерейлі датамен шын жүректен құттықтап, жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті. Кітапхананың бұрынғы басшысы Алтын Жағыпарова бастап келген ардагерлер қатарында  Бақытжан Дусатова, Нүрия Құсайынова, Ләйлә Сейітова, Айман Әлиева, Елена Загороднева секілді айтулы кітапханашылар сөз сөйледі. Олар тоқырау кезеңіндегі қиындықтар, қайта құрылу кезіндегі ауыртпалықтар мен кедергілер, техника мен Интернеттің болмаған тұсындағы жанкешті жұмыстары туралы айтып, бүгінгі кітапханалардың материалдық-техникалық базасына қызығушылықтарын жеткізді.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
Көкшетау ақпараттық кітапхана жүйесінің баспасөз хатшысы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар