Тыңдарманын тәнті еткен оркестр

Ағымдағы жылы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің құрылғанына 40 жыл толып отыр.                                             

Аталмыш мерейлі датаға орай, салтанатты іс-шара болып, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Аталмыш өнер кешінде Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова құттықтау сөз сөйлеп, оркестрдің өңірлік мәдениет пен өнер саласының дамуына қосып келе жатқан қомақты үлесін ерекше атап өтіп, оркестрдің бас дирижері, «Мәдениет қайраткері» Ерназар Оразалинге Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаты мен ұжымның мерейтойына орай 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Іргетасы 1982 жылы қаланған эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі қазіргі таңда әртүрлі бағыттар мен жанрларда жұмыс істеуге қабілетті, өз стилі мен өз қолтаңбасы бар ұжым.Оркестр  репертуар таңдау мәселесіне  кәсіби талғаммен, үлкен талаппен қарайды. Оркестр репертуарында халық әндерінен бастап, Қазақстан мен шетел композиторларының шығармалары, эстрадалық және джаздық композициялар, музыкалық ертегілер бар.Осы қырық жылдың ішінде оркестр талай фестивальдер мен байқауларға қатысып, репертуарын толықтырып, байыта түсті. Бүгінде оркестр репертуарында 600-ден астам шығармалар бар. Осы орайда, оркестр дирижері Ерназар Оразалиннің еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Ол өзінің қабілет-қарымымен ел сүйіспеншілігіне бөленгендарынды дирижер. Өнер майталманы жетекшілік еткен жылдары оркестр классикалық, заманауи, эстрадалық, джаз, рок-музыкаға дейінгі үлкен музыкалық шығармаларды өз репертуарына енгізді.Оркестр құрамында  қазіргі заманғы қазақстандық музыкалық өнерді республикалық аренада насихаттап жүрген жоғары кәсіби музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары еңбек етуде.  Олардың әрбірі өз кәсібінің шебері.

Әрбір музыкант үлкен бір музыкалық ағзаның жасушасындай. Бір мезгілде тыныстайды, бір мезгілде үн қатады. Жүрекке жетер сырлы әуездің сұлулығын сезіне түсесің, иланасың, тыңдай бергің келеді. Концерт барысында тыңдаушысын осындай тылсым сезімге бөлеген оркестр кезек-кезегімен әртүрлі жанрдағы шығармаларды нақышына келтіре орындап берді. Аталмыш кешке арнайы шақырылған қонақтар да концерттің мәнін аша түсті. Атап айтар болсақ, Ресейдің Тула қаласындағыгубернатор оркестрінің бас дирижері Владимир Леер және Павел Демьяненко (труба) және «Dolce Vita» ішекті аспаптар квартетіконцертке ажар беріп, классикалық өнерге өзіндік өрнек салып, тыңдаушысын тәнті ете түсті.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар