Бақпағанға мал біте ме?..

Қараусыз малдан қауіп-қатер көп. Кейде орны толмас өкінішке ұрындыратын жол-көлік оқиғасына да себеп болып жатады. Жыл басынан бері бесауат жүрген үш мыңнан астам мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мал ұрлығының 60 дерегі тіркеліпті.

Ауылдағы ағайынның бүйірін шығарып, қара қазанын майлайтын төрт түлік малдың сүмесі екендігі әлмисақтан белгілі. Соңғы уақытта қоғамда біршама әділеттілік орнап,  құнарлы жайылымға, шүйгін шабындыққа қолы жете бастаған малсақ қауымның иелігіндегі мал басы неге өспей отыр? Оның бірнеше себептері бар. Алдымен, тепсе темір үзетін аптал азаматтары екі қолға бір күрек таба алмай қаңтарылып қарап отыр делінетін ауылдың өзінде қарына құрық іліп жылқы бағатын, малшы болатын адам жоқтың қасы.

Бағусыз малдың бейнеті бесбатпан. Үстіміздегі жылы қараусыз жүрген малдың кесірінен алты ірі жол апаты орын алып, 8 жолаушы жарақаттанған. Шынын айту керек, мұндайда мал иесі мен көлік жүргізушісі шығынға ұшырайды. Полиция қызметкерлері осындай оқиғалар бойынша 166 іс қозғаған. Осыдан-ақ қараусыз малдың көптігін, малсақ қауымның өздері күнін көріп отырған малын немкетті қарайтындығын аңғаруға болады. Мұндайда атамыз қазақ «шығасыға иесі басшы» дейді. Мал көздейтін қожасы болмағандықтан, иен далада бақташысыз бос жүрген түлік ел ішіндегі жайқалған бау-бақшаны қиратып, ел ырыздығы егінді басып, егіншінің маңдай терін еш етіп жайпап кететін жайлар да жиі кездеседі.

–Краснояр ауылының жанындағы Қарасу өзенін бос жүрген жылқылар әбден былғап болды, – дейді Абай Жүсіпбеков, – өзі де ағыны әлсіз, арнасы тар өзен болғандықтан қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта он сан жылқының үйіздеп тұратын жеріне айналған. Өзен суы батпаққа айналғалы не заман? Өзеннің жарқабағына қоршау орнатып қойыпты. Қоршауға қамалған жылқының қиы өзен суына араласып жатыр. Оны айтасыз, адам аяғы баса бермейтін жерден шүйгін іздеп дәніккен жылқылар саяжайға да маза бермейді. Жаз бойы жанын жалдап көкөніс өсіргендердің өкпе-назы көбейіп тұр. Енді қайтсін, күтіп баптаған еңбектері зая.

Бұл арада құқық қорғау органдары қол қусырып қарап отыр десек дұрыс болмас еді. Олар жергілікті әкімдікпен бірлесіп, жол бойына ескерту белгісі таңбаланған алпыс макет орнатыпты. Мал иелерімен әлденеше мәрте әңгімелесіп, мән-жайды түсіндіріп, жұмыс жүргізген. Әйтсе де қараусыз малдың қарасыны азаятын түрі жоқ. Осы арада малын қараусыз жібергендер Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын айта кетсек, артық болмас. Тағы бір мысал келтіре кетелік. Қазан айының алғашқы  күндері Ақкөл ауданына қарасты Наумов ауылдық округінде жергілікті учаскелік инспектор Нұрлан Әбілев елді мекеннен екі шақырымдай жерде бағусыз жүрген елу бас жылқыны көрген. Жылқы Наумов – Ақкөл тас жолының бойында жайылып жүрген. Мал иесі болса да бақташысы жоқ. Тәртіп сақшылары дереу иесіз жылқыларды айыппұл алаңына қамап тастаған. Жылқы иесі Бұланды аудаынның тұрғыны болып шықты. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арада екі күн өткен соң Зеренді ауданында қараусыз малдың кесірінен ірі жол апаты болды. Жүргізуші де, мал иесі де зардап шекті.

Малсақ қауымның мұқият болғаны жөн. Босбелбеулікті байқаған ұрылар да тегін олжаға ұмтылуда. Үстіміздегі жылдың басынан бері өңірде мал ұрлығының 60 дерегі тіркелген. Оңай олжаға дәніккен ұрылар 965 малды қолды етіпті. Абырой болғанда полиция қызметкерлерінің жедел іс-әрекетінің нәтижесінде 844 бас мал иелеріне қайтарылған. Тұтастай алғанда 179 миллион 394 мың теңге көлемінде зиян келген. Оның тек 128 миллион теңгесі ғана мал иелеріне қайтарылған. Қалғаны қашан қайтарылары белгісіз. Айдың, күннің, аманында ақадал малынан айырылған қаншама адам қан қақсап отыр. Осының барлығына қалайша жол беріледі. Ең алдымен, көп жерлерде бақташы мен мал иесінің арасында келісім шарттың жасалмайтындығы жасырын емес. Бұл мәселеге ауылдық округ әкімдері де жеткілікті мән бере бермейді. Негізінде ерте көктемде, мал жайылымға шығардың алдында жұртшылық  жиыны өткізіліп, қолда бар төрт түлікті кімге баққызамыз деген мәселе қаралуы керек.

–Бақташылар малды дұрыс бақпайды, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Әлімжан Молдашев, – жаз бойы алақандай жерге иіріп қояды. Сиырдың сүті тілінде екендігі белгілі. Мейірі қанып су ішіп, бүйірі шығып оттамаған соң небір сүтті деген сиырлардың өзі сүт бермейді. Демек, бақташының кесірінен мал баққан қауым табыссыз қалады. Көзден таса қалып, өз бетімен жайылып жүрген малдың темір жолдың, тас жолдың үстіне шығып кетуі де жиі. Мал жоғалса немесе жол-көлік апатына ұшыраса, бақташы мал иесімен нақты келісім-шарт жасалмағандықтан, құнын төлемейді. Осы жері түсініксіз, ол тегін бағып жүрген жоқ қой, біз уақытында ақшасын төлейміз. Ал, бақташының жауапкершілігі жоқ. Осы мәселені қалай шешуге болар екен.

Ел ішіндегі малсақ қауыммен тілдесіп, мәселенің мән-жайына тереңірек көз жүгіртсек, бәрі жайбарақаттықтың, жалпақшешейліктің кесірі. Әлі күнге дейін бұл арада заңдық талап жүзеге аспай жатыр. Мәселен, мал бағуды міндетіне алған малшы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салығын төлеп отыруы керек қой. Бұл жұмыс ауыл адамы үшін мехнаты мол қыруар шаруа санатында. Онда малды бағудың төлемақысы да қымбаттауы ықтимал. Ауыл адамы оны түсініп отырғандықтан, «е, жарайды, құдай бір жөнін береді» дей салады. Өйткені, өздері де бақташы таба алмай отыр ғой. Ендігі бір мәселе, ауыл адамдарының малының қанша екендігін жасыруы. Мәселен, қорасында 20 қара малы болса, ауылдық кеңестің тізіміне онын ғана жаздыруы ықтимал. Қағазда аз болғаннан кейін мөлшерленген жайылым да тар болады. Ал, шынтуайтында мал тізімдегіден әлдеқайда көп. Кеңес заманында әр отбасына бір жылқы, бір сиыр ғана бағуға рұқсат етілді. Бәлкім сол кезеңнен қалып қойған қорқыныш ауыл қазағының қанында әлі тірі жүр. Осындай жең ішінде жасырылған жұмбақ жағдайлар мал басының көбеюіне кедергі келтіріп тұр. Мал иесі жасырған соң, малдың саны туралы толық ақпарат та дұрыс берілмейді.

–Тұрмыстық жағдайларға байланысты облыс орталығына көшіп келдік, – дейді Ерлан Жетпісбаев, – елде азын-аулақ жылқымыз қалды. Бірақ, мал ішінде өзің жүрмесең, басы өспейді. Қазір жылқышыдан ерке адам жоқ. Өйткені, олар өздерінен басқа адамның белсеніп жылқы бағуға шықпайтынын жақсы біледі. Әрине, төрт түліктің төресін бағу оңай-оспақ шаруа емес. Бұрынғылар «жылқыны жылқы сияқты қайратты адамдар ғана баға алады» деген емес пе, қазір бұрынғыға қарағанда жұмыс әлдеқайда жеңілдеген. Технология мүмкіндігі қырдағы жылқыға да жетті. Жылқышылар үйірге түсетін құтпан айғырларға чип салған. Үйлерінде қай қиырда жүргенін қарап отырады. Жай қарасынына қожа. Жабағыға сақау шықса, мал ауырса уақытында хабарламайды. Өлімтігін тауып берсе жетіп жатыр. Келісім-шарт жасалмағандықтан жоғалған немесе өлген малдың құнын да төлемейді.

Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан көп ауылдың жылқышылары бетіне жан келтірмей, тәмам жылқыны өз білгендерінше бағады. Мәселен, егін көктеген уақытта қамап бағу. Күн ыстықта тар шарбақтың ішінде ірісі ұсағын теуіп мертіктіріп, күні бойы тілін тістеп аш тұрады. Қамаудан егін орылып, жер аяғы кеңінен соң ғана шығады. Бұл уақытта күздің сылбыраған қара жауыны басталып, қара суық ұрып,  көтерем жылқы оңала алмайды. Алды қыс. Жілігіне май жинамаған жылқы қысты көтере алмайды. Осындай шешімі оп-оңай қат-қабат қиындық алға басамын деген ауылдың адымын қысқартып тұр. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту ең алдымен бағымындағы малдың басына байланысты емес пе? Ендеше, бұл бағыттағы әншейінде айтуға тұрмайтын ұсақ-түйек болып көрінгенімен, булығып жатқан берекенің өрістер тұсын түзетпей болмайтын сыңайлы. Біздің ойымызша, мал бағуды да бір тәртіпке келтіріп, барлығын заңдастырғанда ғана мал басы көбейеді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар