Батыр ерлігі ешқашан өшпейді

Бүгінгі таңда республикамызда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтің 100 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Осыған байланысты облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында «Қазақтың текті қыраны – Талғат Бигелдинов» атты тарихи танымдық іс-шара болып өтті.

Оны осы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Серік Ысқақов ұйымдастырып, өткізді. Бұл іс-шараның басты мақсаты оқушыларды адамгершілікке, Отанын сүюге, оны қорғауға баулу, Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерліктерімен таныстырып, соларды біліп жүруге тәрбиелеу болып табылады. Тарихи танымдық кештің қонақтары қоғам қайраткері, тіл жанашыры, жазушы-аудармашы, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл және Краснояр ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы, ұлағатты ұстаз  Есенбек Әбішев балалармен бірге Т.Бигелдинов туралы қысқаметражды фильмді және фото көрме мен кітап көрмесін тамашалап, батыр атамызға балғындардың ән шашуы, өлең жолдарын тыңдады.

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтің туғанына 100 жыл толуына орай, ол кісінің өмірбаянын тағы бір шолып өтудің артықтығы жоқ. Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. Жерлесіміз авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, «Барыс» орденінің иегері.  Өзінің әскери өмірінде жауынгерлік барлау, немістің шабуылдаушы ұшақтарына шабуыл жасау секілді жүздеген оқиғаларды басынан кешірген қазақтың ержүрек әуе қыраны. 305 әскери шабуылға шығып, көптеген жау ұшақтарын жойып, жүздеген командалық тапсырмаларды орындады.

Ол Берлин үшін жүргізілген шайқастарға қатысып, мыңдаған жауынгерлермен бірге Қызыл алаңда Жеңіс шеруінде жүріп өтіп, 23 жасында ғана осыншама даңққа бөленіп, елге нағыз батыр ретінде оралды.

Соғыс аяқталғаннан кейін 1950 жылы Т.Бигелдинов Әскери әуе академиясын тәмамдайды. 1956 жылға дейін КСРО Әскери әуе күштерінде қызметте болады. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиация саласында еңбек еткен. Қазақ КСР Азаматтық авиация басқармасы төрағасының орынбасары лауазымында Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Өскемен және басқа да облыс орталықтарында ұшып-қону жолақтарын салу жұмыстарына басшылық еткен.

Талғат Бигелдинов 1966 жылы жарық көрген «Илдер шабуылдайды» кітабында өз өмірінің авиациядағы, майдандағы және соғыстан кейінгі кезеңдері туралы баяндайды. Батырдың бұл кітабы КСРО көлемінде кеңінен танылды. Сондай-ақ, ол «305-ші рейд» және «Мәңгілік шыңында» кітаптарының авторы.

Талғат Бигелдиновтің ерліктері бірнеше рет теледидар бағдарламалары, деректі және көркем фильмдер үшін мықты негіз болды. Тірі кезінде аты аңызға айналған Талғат ағаның ұлы Жеңістің 55 жылдығына орай, 2000 жылғы 9 мамырда Көкшетау қаласындағы Даңк аллеясында мүсіні орнатылды.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Ж.Бигелдиновтің есімі Ақтөбе қаласында орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігі Әуе Қорғаныс күштерінің Әскери институтына, Қарағанды Республикалық әскери мектеп-интернатына берілген. Батылдыққа, ерлікке және ержүректілікке толы даңқты өмір кешкен батырдың жүрегі 2014 жылғы 10 қарашада мәңгілікке тоқтады. Міне, кешке шақырылған құрметті ағаларымыз да мектеп оқушыларына батыр атамыз туралы кеңінен әңгімелеп, ұрпаққа ұран – ерлік шежіресіне қанықтыра түсті.  Сол үшін де бұл күн жас ұрпақ есінде ұзақ сақталады деп ойлаймыз.

Серік ЫСҚАҚОВ,
Краснояр № 3 көпсалалы мектеп-гимназиясының
тарих пәнінің мұғалімі. 

 Көкшетау қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар