Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстаздың қаламгерлік қыры - АРҚА АЖАРЫ

Ұстаздың қаламгерлік қыры

Жастық шақтағы үкілеген арманы орындалған, өмірдің қия-бұлтарыстарынан сүрінбей өткен, алдағы мақсат-мұратына талмай да, тайсалмай жүзген, байсалды шақтың сәулеті мен дәулетіне, мерейлі зейнетіне жетіп отырған бір азамат бар ортамызда. Ол –мерейлі 63-ке аяқ басқан, Көкше өңіріне белгілі байырғы ұстаз, кәнігі педагог, іскер басшы, тіл жанашыры, қоғам белсендісі, қарымды қаламгер Қаратай Бәйкенұлы Төлекеев.

Кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков, ғалымдар Айқын Нұрқатов, Нығымет Ғабдуллин сынды жайсаңдар шыққан Шұқыркөл сияқты киелі де текті өңірден түлеп ұшқан Қаратай Бәйкенұлы үлкен арман жүгін арқалап, сол кездегі астанамыз, асқақ та биік Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультеті  қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіріп, туған өңірінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиесімен айналысты.

Кейіннен Көкшетау қаласындағы №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы қазақ орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Ақмола облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры сияқты абыройлы лауазымдарды жемісті атқарды. Мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры қызметінде жүргенде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде орнықтыруға бар білігін аямады.Осы өңірдегі санаулы тіл жанашыры ретінде көзге түсті. Қызмет істеген ортасына, айналасына өзін сыйлы азамат ретінде көрсете білді. Ағаға ілтипаты, ініге ізеті бар тұлға ретінде танытты өзін. Қарекең тек байырғы ұстаз ғана емес, Арқаның,  сұлу Көкшенің өнерпаздық дәстүрін бойына сіңірген дәулескер домбырашы, әуелете ән шырқайтын әншілік талантымен де байқалып жүр ортасына. Ол сонымен қатар, шымыр да уытты әңгімелер жазып, проза жанрында қалам тербеп, өнімді де өнікті шығармашылық қызмет атқарып жүр.

Қаратай бүгінде қадірлі ата, қамқор әке атанып, бала өсіріп, немере тәрбиелеп отырған бақытты отбасы иесі, құрметті отағасы. Қарекеңнің отбасына шадыман бақыт, зор денсаулық, өзіне шығармашылық табыстар тілей отырып, сөзімді оның шығармашылық қырына арнап, арнайы тоқтала кетсем деп отырмын.

Қаратай Бәйкенұлы оқырмандарына облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген әңгімелерімен таныс. Оның әңгімелерінде өмірдің саналуан құбылыстары, адам тағдыры алуан сюжеттік желілер, өмірлік перипетия арқылы көрініс табады.

Қаламгер «Тағдыр тәлкегіне түскен махаббат» әңгімесінде Қанат, Асқар, Аққу тағдырлары арқылы жас отбасылардың баянды тірлігі үшін адалдық, шынайылық,түсіністік қасиеттер қажет екенін алға тартады. Мұндай сюжеттік сарын «Тоңып секірсең де тойып секірме…» әңгімесінде жалғасын табады. Әңгіме кейіпкері Сәмен ақсақалдың немересі Нұрым мен немере келіні Мөлдір отбасындағы бұралаңы мол, келеңсіз тірлік сөз болады. Мөлдір сияқты жолдан тайған жас келіншектің тайғақ тағдыры арқылы жастарға, жас отбасыларына терең ой тастайды. Қаламгердің «Орындалған арман», «Арланның ажалы», «Көне көз қариялардың әңгімесі» деген әңгімелерінің тақырыбы ерекше. Бұл туындыларында ұмытыла бастаған ұлттық болмыс, ұлттық тұрмыс-тіршілік сипаттары нақты оқиғалар аясында тебіреніс, толғаныс, айшықты суреттеулер арқылы жеткізіледі. Бұл әңгімелердегі ұлттық бояу, өрнек-нақыш, тілдік оралымдар М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, С.Жүнісов, Т.Әлімқұлов, тағы басқа қазақ қаламгерлеріндегі дәстүрлі стиль өрнектердің заңды жалғасы іспеттес. Ал «Орындалған арман» әңгімесінде қазақ прозасында жазушы Т.Әлімқұлов қалыптастырған ұлттық санадағы бәйге, тұлпар ұғымдарының жаңғыруы бар.

Қаратай Бәйкенұлының прозалық дүниелері топтастырылған әңгімелер жинағын оқып шыққанда түйгеніміз, жинақ авторында қалыптасқан прозашының тіл, стиль, көркемдік өрнек-үлгі, машығының болуы. Сөз соңында қаламгер бауырымызға шығармашылық зор табыс тілей отырып, алдағы уақытта да өзінің прозалық шұрайлы дүниелерімен оқырмандарын қуанта берсін деген сенім білдіреміз!

Сәбит ЖӘМБЕК,
          Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
университетінің қауымдастырылған профессоры
.

Білікті  басшы, ұлтжанды  азамат

Төлекеев Қаратай Б2йкенұлы 1959 жылы 24 қарашада бұрынғы Көкшетау облысы Рузаевка ауданы Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Он жылдық орта мектептен соң, 1978 жылы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы өнер институтына емтихан тапсырып қабылданғанымен, климаттың жақпауына байланысты еліне оралады. Келесі жылы жаңадан ашылған Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының «театр және кино әртісі» факультетіне түсіп, бір курсын жақсы аяқтағанымен, тағы да климаттың әсерінен институт басшылары денсаулыққа қолайлы деп Мәскеудегі өнер институтына жолдама береді. Алайда «өз елінде ғана оқимын» деген мақсатпен өнер жолын тоқтатып,  Абай атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі және әдебиет факультетіне сырттай түсіп, оқып бітіреді. Еңбек жолын туған ауылында Мәдениет үйінің директоры болып бастап, мектепте оқу ісінің меңгерушісі және мектеп директоры лауазымында 1996 жылға дейін жұмыс істеп, осы жылдан бастап 2006 жылға дейін  Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-кешенінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды.

2006 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы  лауазымында қызмет етуде.

Қаратай Бәйкенұлы   «Сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Ол сөз өнеріне ден қоя отырып, серілер жолын жалғастырып келеді. Бойындағы көп қасиеттерінің бірі домбырамен ән айту. Сонымен қатар, өлең шығаратын ақындық өнері де бар. Кезінде Жанайдар Мусин ағамыз  «Жер шоқтығы – Көкшетау» атты кітабында сол шақтағы белгілі әншінің бірі деп атап жазған болатын. Аудан, облыстағы талай өнер додаларына қатысып, лауреат атанған.  Ұстаздыққа ауысуымен ән айтуды екінші жолға қойған.

2021 жылы жастар тәрбиесіне арнап жазылған «Өмір сыры» атты әңгімелер жинағы жарық көріп, оқырман қауымға жол тартты. Шығармалардың қай-қайсысы болсын, оқырмандарын  қатты сүйсіндіреді. Сонымен қатар, биыл «Балалар жылы» аясында «Болашақ» сарайының директоры Айнагүл Қыдырбайқызының қолдауымен «Кәрім мерген» атты ертегілер мен әңгімелер жинағы жарық көрді.

Асқар тау,  ардақты  әке  ретінде  Қаратай Бәйкенұлы мен жұбайы Гаухар Әскерқызы аяулы ана, отбасы ұйытқысы ретінде үш ұлы мен бес немересін тәрбиелеп отыр.  Ата-бабамыздың дәстүрін жалғастырып,  қолы бос кезінде аңшылықпен және балық аулаумен әуестенсе, әрине, уақытының көп бөлігін немерелерін тәрбиелеуге жұмсайды.

Қаратай Бәйкенұлы адамгершілігі мол адам. Байсалды және салмақты  мінезімен  кез-келген адамды өзіне баурап алады. Парасатты, білімді әрі білікті маман ретінде  бір істі  бастаса,  аяғына дейін  жеткізуге тырысады.  Іскерлігін, тапқырлығын, әр қадамын  ойлап басатындығын  атап айтқым келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, жақсы тәрбие алғандығы алыстан сезіліп тұрады. Қаратай Бәйкенұлы адамдармен тез тіл табыса алады. Әрқашан қолынан кітап, газет түспейді, күнделікті жаңалықтармен, ақпараттармен танысып отырады. Сөз саптауы терең, білімді қаламгер. Жаңадан келген жас мамандарға көрсеткен үлгі-тәлімі өмірдің әр жағдайында дұрыс шешімге жөн сілтейді. Қазіргі кезде мұндай азаматтар саусақпен санарлықтай. Біз, әріптестері Қаратай Бәйкенұлымен біраз жылдар қызмет атқарып келеміз. Әр адамның бойына біткен қасиеттері болады. Басшымыздың  бойында жақсы қасиеттер өте мол, сол қасиеттердің  бірі не ренжігенін, не ашуланғанын көрген емеспіз. Әр істі байыппен шешуге тырысады. Болашақ ұрпаққа үлгі болуға лайық адамның бірі десек қателеспейміз. Қаратай Бәйкенұлы сияқты басшылар сенімділік орнатып,  Отаныңды,  халықтың  дәстүрі мен мәдениетін сүюге тәрбиелеп, болашаққа деген үмітімізді нығайта түседі.

Қаратай Бәйкенұлы мемлекеттік тілді оқыту және тіл дамыту саласындағы еңбегіне қарай бағаланып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің бірнеше рет Құрмет грамотасымен, Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл»,  Білім және ғылым министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен және Ақмола облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Бүгін міне, қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс деген кезеңге жетіп отыр. Қуанышыңыз ұзағынан болсын! Тілейтініміз өміріңіз қашанда көктемдей жарқын әрі шуақты, жаздай нұрлы болсын! Денсаулығыңыз зор, отбасыңыз аман болып, ұрпағыңыздың қызығын көре беріңіз!

Ләззат ҚОҚЫШЕВА,
Ақмола облыстық
оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы.

Тіл жанашырының шығармашылық кеші өтті

Саналы ғұмырын қазақ тілін дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге арнап келе жатқан ақмолалық ұлтжанды азамат Қаратай Төлекеевтің шығармашылық кеші болып өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ана тілім – тірегім, тілімменен түледім» атты кешке өңірдің зиялы қауымы мен елордамыз Астана қаласынан қонақтар қатысып, қаламгердің шығармашылығы мен жеке болмысына қатысты ой-пікірлерімен алмасты, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы редакциялық баспа басқармасының басшысы Дәулеткерей Атауұлының айтуынша, Қаратай Төлеекевтің тіл жанашыры ретінде елге сіңірген еңбегі орасан зор.

–Бүгінгі кеш өте мағыналы. Себебі, бұл – қазақ әдебиеті мен тілінің, қазақ әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі жанашырының кеші. Сондықтан да, біз елордадан ат терлетіп, әдейі келдік. Қаратай Бәйкенұлының қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі зор, – деді Дәулеткерей Құсайынов.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова кеш иесіне облыс әкімі Ермек Боранбайұлының атынан өңірдің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, жиын барысында Қаратай Бәйкенұлының соңғы шыққан туындыларының бірі – «Өмір сыры» атты кітабына қатысты оң пікірлер ортаға салынып, талқыланды.

–Өңірдегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, ұлттық әдебиеттің өркендеуіне үлкен үлес қосқан зиялы азамат. Бүгінге дейін көп шәкірт тәрбиелеген. Тіл жанашыры, қаламгер ретінде көпке таныс. 63 жасқа толып, зейнет жасына аяқ басып жатқанына орай, облыстың ішкі саясат басқармасы осындай әдемі кеш ұйымдастырып жатыр. Жиын барысында жазушының шығармашылығына, көтерген тақырыптарына талдау жасап, пікір алмасатын боламыз, – деді кеш туралы ақын, жазушы Серік Жетпісқалиев.

Қаратай Бәйкенұлының шығармашылық кешіне жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат,  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары, әдебиетшi ғалымдар Сәбит Жәмбек, Ерболат Баят, профессор, өлкетанушы Мұсатай Есмағамбет, ақын, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, «Болашақ» сарайының директоры Айнагүл Қыдырбайқызы, тағы басқалары қатысты.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар