Тәбәрік

Таяуда туған ауылдың ыстық топырағында емін-еркін аунап-қунап қайтудың сәті түскен. Қараша ауылда бұл күнде қала жайлаған біздің әулет ат басын тірейтін жалғыз-ақ шаңырақ – нағашымыздың үйі. Ет жақын туыстан қол қусырып қарсы алатын отбасы осы ғана. 

Күн шылбыр бойы көтерілмей, ақ қайыңдардың қойнауындағы қараша ауылдың қарасыны көрінген. Әншейінде байыз тауып отыра алмайтын далақұмар нағашымыз үйінде екен. Аз-кем амандық-саулық сұрасқан соң берекелі дастарханды қаумалай қонғанбыз. Шай үстінде де сөз сабақталды.

Нағашымның өзіне айнымай тартқан атқұмар балалары көрші ауылға кетіпті. Көрші ауыл дегенде, ауылдың өзі емес, жұрты ғана жатыр. Кіндік қаны сол ауылда тамған азаматтар шартараптан жиналып келіп, Ұлы Отан соғысының боздақтарына арналған ескерткішті жөндеп, маңайын абаттандырып, құран оқытып, ас беріп жатыр екен. Ас болған соң әрине, әртүрлі жарыстар, ат бәйгесі ұйымдастырылған.

Нағашым шаруасы шағын болғанымен, белдеуінен жүйрік ат кетпеген атбегі. Кешегі кеңес заманында да тақымынан желқуық жүйрік үзілген емес. Соңғы жылдары оң жақ жамбасында бұршақ таңбасы бар жүйрік торыны жаратып, ат тұяғы жететін жердегі бәйгеге қосып жүретін.

Ауыл-елдің амандығын айтып бола бергенде бір бозбала сүйіншілеп табалдырықтан аттады. Шайын аузына ала берген, қаладан келген біздің інішек сүйіншілеген бозбаладан көзін алар емес.

–Қалағаныңды ал! – деді нағашым сәл кідіріп қалған бозбалаға жымия күліп қарап.

–Кейін торы атқа бір тақымымды тигізсем, сүйіншіге бергеніңіз сол болсын, – деді бозбала.

Жүйріктің жалынан сипағысы келетін атқұмарлығы көрініп тұр. Кейін етпісірім уақыттан соң көрші ауылға жүйрік жетелеп кеткен нағашымның балалары да оралды. Олжалы көрінеді. Бірінші орынға тігілген құлынды биені жетектеп қайтыпты. Шоқтығы биік, омыраулы мал екен.

–Жиен, сенің сапарың жақсы болды. Атам қазақ «құтты қонақ келсе қой егіз табады» деген. Алмай жүрген бәйгеміз емес қой, мынау құлын саған тәбәрік, – деп жомарттық танытты нағашым.

Ас ішіп болған соң қалаға бет түзедік. Әлден уақытта жолсерік бала тәбәріктің не екенін сұрады.

–Ежелгі дәстүр, – дедім мен, – еншісі бөлінбеген қазақтың олжаны бөлісуі. Көңілі кең, пейілі жомарт ата-бабамыз дүниенің бет жүзіне қарамай, қанжығасына байланар олжадан дәметкен ағайынға сыбағасын беріп отырған. Бұл ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты, сыйластық пен ізетті берік ете түсетін ата дәстүрі. Сенің де біле жүргенің жөн.

Жалғыз жолсерік баланың ғана емес, бар қазақтың есінде жүрсе несі айып?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар