Аудан алғашқылардың бірі болып «Сарыарқа» газ құбырына қосылды. Қазір әлеуметтік маңызды жоба аясында елді мекендерді орталықтандырылған газбен қамту қолға алынуда. Ауданның 8230 тұрғын үйі осы жүйеге қосылып, көгілдір отынның игілігін көрмек.
Ауданда барлығы 17 елді мекеннің орталықтандырылған газ желісіне қосылуы көзделсе, күні бүгінге дейін 16 ауылда бұл шаруа аяқталды. Енді Жібек жолы ауылының тұрғындары да осындай игілікті істің жемісін көрмек. Сөз арасында ауданның экономикалық саласында белгіленген жоспарлардың басым көпшілігі орындалғандығын айта кетсек, артықтығы болмас.
–Салық пен төлемнен түскен түсім 1,6 миллиард теңгені құрады, – дейді Аршалы ауданының әкімі Мұрат Балпан, – осылайша меже 106,7 пайызға орындалып отыр. Әрине, маңызды бағыттың бірі – инвестиция тарту. Бұл орайда да алға басу бар. Өткен кезеңнің сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 135 пайыз өсімге қол жеткізілді.
Ауданның өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары бойынша межеленген жоспар асыра орындалды. Халықтың денсаулығын жақсарту барысында да айта қаларлықтай нәтижелі істер атқарылуда. Дегенмен, жергілікті жерде кадр тапшылығы әлі де бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 5 студент аудандық бюджет есебінен жоғары оқу орындарында білім алуда. Олар кейін ауданның денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін болады. Биыл бұл салаға аудан бюджетінен 60 миллион теңге қаражат бөлініп, қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды.
Соңғы жылдары аудандағы оқушылар саны көбейіп келеді. Сол себепті білім ошақтарында орын тапшылығы сезілуде. Осыған орай, Жібек жолы мен Жалтыркөл ауылдарында 300 орындық екі мектептің құрылысы басталды. 1100-ге жуық оқушы 9 білім мекемесіне арнайы көлікпен тасымалданады.
Күн өткен сайын аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы біршама жақсарып келе жатыр деп айта кетуге болады. Көпшілікке қолайлы жағдай тудырып отырған жақсы жайдың бірі – елдің жоғарыда айтылған көгілдір отынның игілігін көргендігі.
Б.ҚАЙЫРЛИН.
Аршалы ауданы.