Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жас ұрпақ тәрбиесі алаңдатады - АРҚА АЖАРЫ

Жас ұрпақ тәрбиесі алаңдатады

Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген халық. Дегенмен де, қазіргі таңда сол құндылықтың бағасы төмендеп кеткендей. Соның бірі ата-ана мен баланың өзара қарым-қатынасы, өзара түсіністігі, бір-біріне деген ілтипаты һәм сыйластығы сияқты тәрбие өзегі саналатын құндылықтарға сызат түсіп бара жатқандай. Бұл мәселеге жүрдім-бардым қарап, аса мән бермей, маған қатысы жоқ деген сыңай танытқанымызбен, қоғамда болып жатқан кез-келген мәселенің кез-келген адамға тікелей өз әсері болатындығын ескеруіміз керек, әсте.

Қазір не көп, психолог мамандарды жағалаған ата-ана қарасы көп. Басы ауырып, балтыры сыздағанға адам шыдай беретіндей. Ал, жан дүниесі жалғыздық кешсе, оған адам шыдай алмайды-ау, сірәда. Бір өкініштісі, бұл күнде көп адам бір-бірімен тіл табыса алмай, іштей құса болып, жақынынан емес, жат біреуден қамқорлық күткендей. Ал, жүрегіңе жалғасып, сол жүректен өмір гүлі болып тамыр жайған бір жапырақ балаңа керек болмасаңһәм онымен түсінесе алмасаң,жақсы құбылыс емес-ау.

«Тик-ток» қауіпті ме?

«Күйсіз көңіл жүрмейді» дейді халық. Шынында да, кез-келген іске ынта-ықылас болмаса бәрі бекершілік. Балаңыз айтқаныңызға ден қоймақ түгілі, елең етіп елемей жатса көңіл қайдан пәс болмасын.  Бірақ, бір ғажабы біз көптеген түйіткілді мәселелерді өзіміз қолдан жасап аламыз. Соның бірі балалардың әлеуметтік желілерге тәуелділігі. Қазіргі таңда адам баласы телефонға, тарқатып айтар болсақ, әлеуметтік желілерге тәуелді болып қалды.

Мәселені өзіміз тудырамыз деген сөздің жалғасы болсын, мысалы, күні кеше болған бір отырыста жетпіс жасар әжейден үш жасар немересі келіп, «Апа, телефоныңызды беріңізші, «Тик-ток» қарайыншы» деп қиыла сұрады. Бәлкім бұл жаңалық та емес шығар. Дегенмен де, әжесі немересінен нені қарайтындығын қадағаламағандығы сәл-пәл көңілге қаяу түсіргені бар.  Әженің әлеуметтік желіге аса  әуестігі болмауы да мүмкін. Бірақ, кез-келген саналы адам әрбір нәрсенің күңгейі мен көлеңкесі болатындығын ұмытпауы керек.  Сол сияқты, әлеуметтік желінің де өз артықшылығы мен өз кемшілігі бар. Өткенде бір апаның өз аузынан естідім. «Телефондағы ақпараттарды қараймын деп, көбіне намаз болған уақытты өткізіп алып жүрмін.

Не сыйқыры бар екенін білмеймін, қолыңа алсаң болды, уақыт зымырай жөнеледі. Бір қисынсызы, нені көргеніңді де, не нәрсеге уақытыңды бөлгеніңді де білмей қаласың. Мәкі-жүкі әңгіме, өтірігі көп ақпарат, сансыз өсек, мағынасыз сұхбаттар, «жеңіл» өмірді насихаттайтын видеолар, бейпіл сөздер көп. Соны саналы адам ретінде ұғып отырасың, бірақ, осыған уақытыңды кетіріп алғаныңды байқамай да қаласың » – дейді ол. Апай дұрыс айтады. Адамдағы ең құнды дүние оның уақыты. Уақытты ысырап ету зор күнә. Себебі, оның өз өлшемі бар. Сағатың таусылса, бәрі де тәрк болатыны хақ.

Жасырары жоқ, аса қартайып тұрмасақ та біздің де әлеуметтік желіге аса қызығушылығымыз жоқ.  Бірақ, бір жапырақ баланың аузынан «Тик-ток» деген сөзді естігеннен кейін сараптап көрейік деген ниетпен байқап, көрдік. Әрине, аталмыш платформаның зиян, пайдасы туралы кесіп айту қиын. Дегенмен де, мұндағы видеолар сүзгіден өткізілмейтін сияқты. Қыздардың жалаңаштануы, бейпіл сөздер, ұлт зиялыларын мазақ ету, жөнсіз келеке, орынсыз күлкі, ата-анаға қарсы сөйлеу сияқты бейәдеп қылықтар, бір сөзбен айтқанда өкінтер өкінішті тұстары көп.

Бір әттеген-айы, осының барлығы жастар арасында сұранысқа ие трендке айналып отырғанға ұқсайды. Иә, рас, арнайы аккаунттар арқылы сабақты түсіндіретін қысқаша видеоларда бар. Сабақты сабақ үстінде оқуға ынтасы жоқ оқушы соны үйден оқиды дегенге сенім аздау. «Тик-ток» әсіресе, жасөспірімдер арасында танымал екендігін де ескеруіміз керек. Танымал дүниеге көпшілік әуес келеді. Әсіресе, әлі де болса дүниетанымы дұрыс қалыптаса қоймаған бала әрнеге еліктейтіні де жасырын емес. Бәлкім, біз мәнсіз ғұмырдың жетегінде жүріп, мәңгілік ғұмыр ретінде берілген аманатың, бала-шағаң, өмір жалғасыңның болашағына баса назар аудармағанымыздың салдарынан осындай кеселге ұшырап жатырмыз ба?  Кім білсін…

Бұрындары үйдегі әжелер өз немерелерін жастайынан еңбекке баулитын. Мұны тіпті өздерінің ата-аналарына сеніп тапсырмай, ұрпақ тәрбиесімен аға буын, ата-әжесі айналысатын. Ал, ата-әжесінің қамқорлығын, тәрбиесін көріп-өскен бала жаман болмайды емес пе?! Ал, қазіргі балаларды телефон тәрбиелеп жатыр.  Ата-анасы напақа соңында, олай болмаса, тағы болмайды. Күнкөріс бәріне қажет. Бұл орайда, телефон жансыз дүние дегенімізбен, оны да басқаратын адам. Ал, телефонның, әр жағында байланыста кім отырғаны беймәлім ғой. Яғни, жастайынан танымайтын жанның тәлімін көрген бала, өскенде өз ата-анасымен сырлас бола ала ма? Мағынасыз дүниелерге босқа уақыт өткізуді ғадетке айналдырған бала күні ертең қандай адам болып қалыптасатынын елестетудің өзі қиындық тудыратыны бар…

«Вейп»-ке құмар ұл-қыздар…

«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Яғни, алдын алмасаң, меңдеп кететінін меңзеген ғой. Баланың телефонға тәуелділігі өз алдына бір мәселе болса, қазіргі таңда жасөспірімдер арасында электронды темекі шегу мәселесі де ушығып тұр. Бұл бәлені де «Тик-ток» пен «Инстаграмм» сияқты әлеуметтік желілерде жиі жарнамалайтынын ескерсек, құмартудың қайдан шыққанын топшылау қиынға соқпас. Психологтардың пайымдауынша, түйдек-түйдек көк түтін шығарып, бұрқырата темекі тартуды жасөспірімдер өздерінше ересек болдық дегенмен байланыстырады екен.

– Ересектерге еліктеу, өтпелі кезеңдегі жасөспірім үшін қалыпты жағдай. Еліктеушілік дегенбұрын да болған қазір де бар. Бірақ, заман басқа. Қазіргі таңда ақшаның жетегінде кеткендер көп. Міне, солар адамның есін тандырып, ессіз күйге түсіретін түрлі психотроптық заттарды балаға сатуды ар көрмейді. Біреудің баласын біреу аясын ба? Соңғы жылдары  жасөспірімдер арасында вейп сынды әртүрлі электронды шылымдар кеңінен таралған.  Ал, олардың адам ағзасына зияны орасан. Жасөспірімдер әдетте өз достарынан қалмауға, топтан бөлінбеуге тырысады. Осындайда, ата-аналар балаларына жастайынан темекі сияқты жалпы  зиянды әдеттердің адам ағзасына кері әсері бар екендігін түсіндіру қажет. Өзін үлгі етіп, балалармен дос болуға тырысу керек, – дейді психолог Баян Әшетова.

Ғаламтор жүйесінде вейптің құрамы туралы ақпарат көп. Сол ақпараттарға сүйенетін болсақ, вейп құрамында тұрмыстық химия заттарында кездесетін пропиленгликоль бар екен. Сонымен қатар, ғалымдар вейптің құрамындағы хош иістендіргіштерді зерттей келе, олардан 75 пайыз диацетил токсинді химикаттың кездесетінін анықтаған. Диацетилді тағамдарға қосуға рұқсат болғанымен, оны көп уақыт иіскеп жүру дертке шалдықтыратыны айтылған.

Бір сорақысы, электронды шылымға жас қыздар да құмар көрінеді. Денсаулық сақтау министрлігі әр бес жыл сайын арнайы мониторинг жүргізеді екен. Сондағы мәліметке сүйенсек, соңғы бес жылда электронды темекі тарту күрт өскен. Олардың арасында жасы 11-ден асқандар да бар. Негізі заң бойынша бұл өнімдерді жасы 18-ге толмағандарға сатуға болмайды. Алайда, аталмыш бәлені әлеуметтік желі арқылы да оңай сатып алуға болатын көрінеді. «Қараусыз қалған мал – қасқырдың олжасы» дегендей, шаңырақты шайқалтпай, отбасын асыраймын деп жүрген ата-ананың қараусыз қалған баласын қоғамның өзі тәрбиелеп жатыр.

Кейде балаларымен досындай сырласып, теңдей сөйлесетін ата аналар өз беделдерін өздері жоғалтып алып жүр-ау деген ой мазалайды. «Әй деген әже, қой деген қожа болмаса» баланың басқа шықпасына кім кепіл?

Жасөспірімдер неге қылмыс жасайды?

Адамды тұрмыс билейтінін бала кезден естіп өстік. Кеңес кезінде тәрбие алғандар бұл сөзді айтқан адамның иесі кім екенін де топшылап отырған болар. Байыбына барсақ, бұл сөз күні бүгінге дейін шындықпен жанасатындай. Иә, нарық қос бүйірден қысып барады. Халықтың басым көпшілігі қарызға батқан. Үйде отырып талқылайтын да басты мәселе қарыз, несие, тағы басқа түйіткілі көп тіршіліктің қым-қуат тірлігі. Осыны естіп өскен бала да кедейшіліктен құтылу һәм тез баю жолдарын көздейтінге ұқсайды. Бірақ, тойынғаннан да тура жолдан адасатындар жоқ емес.

Көбіне жасөспірімдердің қылмысқа баратынын осы біз жоғарыда тілге тиек еткен қос фактордың себебімен байланыстыруға болады.  Қазір байқасаңыз, бай манаптың да, кедей кепшіктің де баласының қолында қымбат телефон. Яғни, өсіп келе жатқан балаға «жоқ» деген сөзді айтуға арланып, жоқты бар етіп көрсетуге үйірміз. Мұның барлығы жақсылықпен аяқталмайтыны да сөзсіз. Жоқшылықты мойындау, кедейшілікке мойынсыну оңай емес әсте де.  Содан болар, көптеген жасөспірім ұрлық, тағы басқа қылмыстарға барудан тайынбайды. Ал, тойынғаннан тәртіпсіздікке барудың салдары не?

Күні кеше облыс орталығындағы сауда үйлердің бірінде келеңсіз жағдайға тап болдық. Жасы он бес, я он алтыдағы бір қыз бала түрлі тәттілер мен сусындарды   сөмкесіне білдіртпей салып алып, төлеместен дүкеннен шығып кетпек болған кезде сауда үйінің қызметкерлері байқап қойып, дереу ата-анасына хабарласты. Кескін-келбетіне қарасаң, тоңып, аш жалаңаш жүрген балаға ұқсамайды.Ал, сауда орнының қызметкерлері кешіріммен қарамай, полиция қызметкерлерін шақыртса қалай болар еді? Бұл жағдай баланың болашағына өз әсерін тигізбей қоя ма?!

Polisia.kz ақпараттық медиа-порталында жарияланғанындай, Ақмола облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жуық көбейген. Мәселен 2021жылы жасөспірімдер арасында жасалған қылмыс төртеу болса, ағымдағы жылы 11 қылмыстық іс тіркелген. Атап өтерлігі, бұлардың басым көпшілігі өңіріміздегі орта кәсіптік арнаулы білім беретін колледждердің оқушылары. Әрине, биылғы жылдың басында облыс орталығы Көкшетау қаласында екі жасөспірімнен 800 грамм психотропты заттар  тәркіленген суыт хабарды еске алсақ, біз тілге тиек етіп отырған  мәселенің аса күрделі екендігін ұғына түскендейміз.

Иә, кім баласын жаман болсын деп тәрбиелейді? Ондай болған жағдайда, қазақта бір әулеттің бұзығын бір рулы ел болып түзеген еді ғой. Рухсыздықтан арылған, намысын жаныған ел болуды ойласақ, алдымен бала болашағын ойлайық. Мансап, ақша – өмірдің мәні дегенді ешкім де, ешқашан да айтпаған. Өмір жалғасы бала емес пе? Ендеше, жапырақ ғұмыр жастардың болашағы гүлмен көмкерілгеніне не жетсін!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар