Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен аптаның соңында Көкшетау қаласының бірқатар білім және әлеуметтік нысандарында болып, жағдайларымен танысты, жаңа міндеттер жүктеп, шешімін күткен мәселелерге көмек-қолдаудың болатынын айтты. Көкшетау жоғары медициналық колледжінде 1200-ден астам студент білім алып жүр. Оқу ордасында медицина қызметкерлерін 8 мамандық және 9 біліктілік бойынша даярлайды.
Өңір басшысы колледжбен танысуды оқу операциялық бөлмесінен бастады. Бұл жерде студенттерге операция кезінде қалай жұмыс істеу керектігін, қандай медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер қолданылатынын үйретеді. Олар хирургия мен емдеудің барлық негіздерін дәл осы жерде игереді. Содан кейін студенттер білген-түйген білімдерін тәжірибеде тікелей медициналық мекемелерде бекітеді. Жалпы алғанда, соңғы жылдары колледжде материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайтылып, кадрлық әлеует жақсарған. Дуалды оқыту элементтерін қолдана отырып және медициналық ұйымдармен әлеуметтік әріптестік қағидатын дамытып, үздіксіз медициналық білім берудің өзекті міндеттері шешімін табуда.
–Бізде жергілікті бюджет есебінен 542 студент, республикалық бюджет есебінен 55 студент білім алып жүр. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 187 студент, ал, адам өз есебінен 438 студент оқып жүр. Бұл қызығушылықтың барын көрсетеді. Аудан әкімдерінің гранттары бойынша да оқитын 23 студент бар. Өткен жылы бізде 217 студент бітіріп, оның 190-ы жұмысқа орналасты. 2023 жылы колледжді 376 түлек бітіреді деп жоспарланып отыр, – дейді колледж директорының міндетін атқарушы Назгүл Серғалиева.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев колледж медицина мамандарын даярлауда және кадр тапшылығы мәселесін шешуде маңызды орын алатынын тілге тиек етті. Сондықтан, оқу ордасындағы сапалы білім деңгейін ұстап тұру және түлектердің жұмысқа орналасуын одан әрі жақсарту қажет. Бұл орайда:
–Өңірдің медицина саласына арналған кадрлар ұясы – Көкшетаудағы осы медицина колледжі. Медицина жыл сайын алға жылжуда. Жас мамандарды тарту, ұрпақтар сабақтастығын жолға қою керек. Әсіресе, түлектерді жұмысқа орналастыру кезінде кадр саясаты да өте маңызды, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ, өңір басшысы «Dakon» ЖК мүгедектер арбалары мен тігін бұйымдарын өндіру шеберханасына барды. Онда Ермек Маржықпаев өз ісін жолға қойып, белсенді қоғамдық жұмыстар жүргізіп, басқаларға оң үлгі көрсетіп жүрген қаланың мүмкіндігі шектеулі тұрғындарымен әңгімелесті.
Рамазан Мұқатаев дене мүмкіндіктері шектеулі адамдардың проблемаларын жақсы біледі және оларды шешуге тікелей атсалысып жүр.
–Бізде пікірлестер мен көмекшілер өте көп. 17 адамнан тұратын команда жинадық. Тапсырыстарды белсенді әрі жылдам жинап шығамыз. Арбаларға, тігін машиналарына қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізу бойынша логистика жұмыстары жолға қойылды. Әрине, бұл процесс оңай емес, бірақ, біз ерінбей жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді ол.
Айта кетейік, «Dakon» жеке кәсіпкерлігі 5 миллион теңге көлемінде гранттық қаржыландыру алған болатын.
–Бұл қаражатқа біз қосымша жабдықтар, құралдар, дәнекерлеу аппараттарын сатып алдық. Біздің қазір дәнекерлеумен жұмыс істеп, арбаларды жөндеуге күрделі тапсырыстар алуға қауқарымыз жетеді. Бөлінген грант аясында біздің ұйым біршама аяққа тұрды, бірақ, осындай жобалар ұзақ мерзімді болса деймін, – деп толықтырды сөзін кәсіпкер.
Өз кезегінде облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі облыс тұрғындары мемлекет тарапынан қолдаусыз қалмайтынына және олардың мәселелері міндетті түрде шешілетініне сендірді. Ақмола облысы бойынша «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығына әдетте, ересектер тарапынан зорлық-зомбылық пен қысымға ұшыраған балалар түседі. Орталық өз қызметін 2017 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Ол мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істейді, бұл мұқтаж жандарға жан-жақты көмек көрсетуге мүмкіндік беретін өңірдегі бірден-бір мекеме. Орталықта консультациялық қызметтер үшін сенім телефонының тәулік бойғы жұмысы ұйымдастырылған. Басшысы Әсем Асайынова айтып өткеніндей, психологтар мен педагогтар қоғамдағы тағдыр ауыртпалығына тап болған жандарды әлеуметтік бейімдеу бойынша жұмыс жүргізеді. Орталық тұрғындарына психологтың консультациясы мен жұмысы, психологиялық зерттеу жүргізіледі. Қазір бұл жерді 28 бала мекен етіп отыр, олардың 18-і өмірлік қиын жағдайға тап болғандар, 10-ы аналарымен бірге келгендер.
–Балалар орталықта болған кезде олармен психологтар, сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс мамандары, заңгерлер жұмыс істей бастайды. Әрқайсысына жеке көмек көрсетіледі. Тәрбиешілер әр баламен жүйелі кері байланыс орнатып, балғындар бос уақытта әртүрлі іс-шараларға қатысады. Баланың уақыт өте келе өзгере бастағанын байқаймыз. Ұзақ сот процестерінде отбасы мен балалар арасында көп жұмыс жасаймыз. Бұл жағдайда баланың өзін жайлы сезінуі және қорықпауы өте маңызды. Отбасында қиын жағдай болмас үшін біздің әріптестер аудандарға барып, түрлі тренингтер мен семинарлар өткізеді, – деп түсіндірді «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының басшылығы.
Ермек Маржықпаев орталықтағы балалармен және психологтармен сөйлесті. Ол орталық пен балалар билік тарапынан қараусыз және қолдаусыз қалмайды деп сендірді. Бұл үшін бюджеттен жыл сайын тиісті қаражат көлемі көзделеді.
Камила Әбделманова.