Соңғы екі аптада 120-ға жуық ақмолалық  COVID-19 жұқтырған

Ақмолалықтар өткен жылдарға қарағанда тұмаумен және ЖРВИ-мен жиі ауыратыны байқалған. Сырқаттанушылық көрсеткіші 2,8 есе өсті. Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері барлығы 106 мыңнан астам жағдай тіркелді. Сонымен қатар, жаңа жылдың екі аптасында аймақтың 120-ға жуық тұрғыны COVID-19 жұқтырған.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның айтуынша, ауырған балалардың үлес салмағы  56,78 пайызды құраған. Жалпы  60 мыңнан астам жағдай тіркелген. Жүкті әйелдер арасында ЖРВИ-нің 2294 жағдайы тіркелді.

–Биылғы эпидемиялық маусым басталғаннан бері ауруханаға пневмониямен ауыратын 505 адам жатқызылды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 395 (78 пайыз) жағдай, бір жасқа дейінгі балалар арасында – 106 (20 пайыз) жағдай тіркелген. Өткен эпидемиялық маусыммен салыстырғанда, ауруханаға жатқызу көрсеткішінің 18 пайызға өскені байқалады. Жүкті әйелдер арасында 3 адам пневмониямен ауруханаға жатқызылды.

Жеке білім беру ұйымдарында ЖРВИ белгілері бар балалар мен қызметкерлерді анықтау үшін таңертеңгі тексеру жұмыстары ұйымдастырылған. Онда тұмау жұқтырған балаларды оқшаулау, сыныптарды желдету режимін күшейту, білім беру объектілерінде температуралық режимнің күнделікті мониторингін жүргізу жөніндегі іс-шаралар көзделген. Сондай-ақ, ЖРВИ алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, – деп атап өтті  Айнагүл Мусина.

Коронавирустық инфекция аймақта белсенді таралуда. 2023 жылдың басынан бері 121 COVID-19 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап аурудың өсуі байқалды. Яғни, 283 жағдай тіркелді, бұл 2022 жылғы қарашадағы көрсеткіштен  3 есе көп.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар