Төтенше жағдайлар қызметі өткен жылы өз әлеуетін көрсете алды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Нұрлан Атығаев осы ведомствоның 2022 жылғы атқарған жұмыс нәтижелері жөнінде айтып берді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 2021 жылмен салыстырғанда төтенше жағдайлар 4 пайызға аз тіркелді.  Зардап шеккен адамдар саны 35 пайызға, ал  қаза болған адамдар саны 38 пайызға азайды.

–Жүргізілген профилактикалық жұмыстың арқасында материалдық залалдың және өрт кезінде адамдардың өлімі мен жарақатының азаюына қол жеткізілді. Департамент бөлімшелері 3011 рет   оқиға орнына жедел шығуды жүзеге асырды. Сонымен қатар, 244 адам құтқарылып, 300-ден астам  адам эвакуацияланды, ал, 163 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетілді, – деп атап өтті Нұрлан Атығаев.

2022 жылы Ақмола облысының аумағында 937 өрт тіркелген болатын. Осыған байланысты, өрттің қауіпті факторларынан 34 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алды. Департамент басшысы  жазатайым оқиғалар тұрғын үй секторында жиі кездесетінін атап өтті.

–Өрттердің ең көп саны тұрғын үй секторында болды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен төмен. Адам өліміне байланысты өрттердің көп бөлігі қолайсыз отбасыларға қатысты немесе  абайсыздықтан өрттен сақтану ережелерін ескере бермеуден орын алады, – деді ол.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында департаменттің бастамасы бойынша азаматтардың осы санатымен жұмыс істейтін, құрамында ТЖ, полиция, денсаулық сақтау қызметкерлері бар жұмыс тобы құрылды.

– Есепке 7 749 тұрғын үй алынды, онда 35 мыңнан астам  адам тұрады. Үйлердің 93,3 пайызында дербес датчиктер  орнатылған. Осы мақсатқа мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 7 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Өткен кезеңде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жылыту пештерін жөндеу  мен электр сымдарын ауыстыру екі тұрғын үйде жүргізілді. Сонымен қатар, депутаттық корпус, мемлекеттік органдар қызметкерлерін, қоғамдық нысандар мен еріктілерді тарта отырып, тұрақты негізде ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілуде, – деп түсіндірді департамент басшысы.

2022 жылы өрттің алдын алу бойынша іс-шараларды қаржыландыру 70 пайызға ұлғайып, облыстық бюджеттен осы мақсаттарға шамамен 606 миллион теңге бөлінді. Қабылданған шаралар орман өрті, материалдық залал,  дала өрттері және шөптердің жану факторының азаюына септігін тигізді. Сонымен қатар, департамент басшысы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды іс-шаралардың өткізілгенін алға тартты.

– Екі мыңнан  астам  рейдтік  іс-шара өткізіліп, оның барысында 126 адам 2 миллион 243 мың 647 теңге сомасына әкімшілік  жауапкершілікке тартылды. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылаумен екі мыңнан астам  объект қамтылды. Тексеру нәтижелері бойынша 22 миллион теңгеден астам сомаға 1 614 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот органдарына 222 материал жіберілді, 74 миллион теңгеден астам айыппұл өндіріліп алынды, – деп атап өтті Нұрлан Атығаев.

Брифингте мұнымен бірге, ауа райына байланысты төтенше жағдайлардың жай-жапсары да сөз болды. Республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 271 учаскесіне қозғалысты шектеу енгізілген. Ақмола облысы аумағында өткен наурыздың соңғы күндерінде жекелеген аймақтарда елді мекендер мен егістіктерге қар мол түсіп, Целиноград және Аршалы аудандарында ең күрделі су тасқыны қалыптасты. Аталған аудандарға қосымша күштер мен құралдар жіберіліп, су тасқыны жағдайының дамуын алдын ала және дәл болжау қауіпті учаскелерді дұрыс анықтауға мүмкіндік берді.

Жазғы шомылу маусымында департамент қызметкерлері қайғылы оқиғаларға жол бермеу бойынша алдын алу іс-шараларын өткізді. Шомылуға арналған ресми орындарды белгілеп, құру үшін су айдындарына тексеру жүргізілді. Суда балалардың қаза болуына жол бермеу мақсатында білім, дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесіп, жүзудің дағдылары мен ережелерін үйрету бойынша жұмыс жүргізілді.

Брифингтің соңында департамент басшысы биыл да өрттерден және су айдындарындағы жазатайым оқиғалардан сақтану үшін халық арасында профилактикалық жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

                                                                                Ілияс ӘУБӘКІРОВ.     

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар