Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті жобалап бекіткен «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру шеңберінде ауданымызда жаңа жоба қолға алынды.
Бұл жоба былтырғы жылы ауқымды көлемде аталып өтілген Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, Қорғалжын ауданының Тілдерді оқыту орталығы мамандарының ұсынысымен дайындалып, бүгінгі күні өз жұмысын бастап отыр. Ол – Қорғалжын аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді оқыту орталығы жанынан ашылған «Тәуекел» қазақ тілі клубы.
Аталмыш клубтың басты ерекшелігі –мазмұны түсініксіз кітаптар оқып, қалың дәптерлер қолдану арқылы тіл ережелерін үйрену міндетті емес. Грамматиканы да жаттап ешкім әуре болмайды. Оның орнына қазақ тілінде түрлі әңгімелер мен ойындар, қызықты іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынған. «Бұл бұрынғы қалыптасқан әдіске қарағанда анағұрлым ұтымды және тілді игеруге жеңіл соғады», – дейді тілдерді оқыту орталығының мамандары. Өйткені, тіл үйренушілердің өзін еркін сезінуі, оған қоса, тіл үйренуге жұмсаған әрбір алтын уақытының тартымды да қызықты өтуі кімнің де болсын, көңілінен шығатыны жасырын емес.
«Тәуекел» клубына қатысуға ниет білдірушілердің мемлекеттік тілді үйренудегі машықтарын дамыта отырып, түрлі іс-шараларға қатыстыру арқылы олардың тіл мәдениетін, тіл үйренуге деген құлшынысын арттыру клубтың басты міндеті саналып отыр.
Клубқа мүше ретінде тіркелу тегін және ұлтына немесе жас шамасына ешқандай шектеу қойылмайды. Клубта қазіргі таңда қазақ және орыс ұлтының өкілдері тіркелген. Келем деушілерге аудандық тілдерді оқыту орталығының есігі қашан да ашық.
Шоқан ЗӘКАРИН.
Қорғалжын ауданы.