ЖАҢАЛЫҚ

Эссе

Ел құлағы – түрік. Жұрт жаңалық күтуде. Ниет дұрыс. Кезектен тыс сайланған Президент. Әлем алмағайып. Жұрт жаңалықты жақсылық деп қабылдауға даяр. Тек жаңалық мазмұны ізгілік болса екен.

Ізгі қадам бәрімізге қажет. Халық аздап жалықты, оның сеніміне қуат керек. Неден болсын сенім қуаты алып шықпақ. Сенімге қуатты ұлтшылдық немесе патриотизм делік, бәрі бір мағына.

Неге діни сенім орнықты болып шықты. Сенімге қуат қосылды. Ол имандылық қуаты. Иман жолы – ізгілік, тура жол. Қазақ халқы бағытын тура жолға бұрған. Ол талас тудырмас, алайда тура жолға түсіп, жолаушы болу да осал емес екен. Тура жолдың бойында бөгет, кедергілер жеткілікті. Оның ең бастысы халықтың ауыр тұрмысы.

Тұрмыс қиыншылығы сананы кедейлендірді, кедей сана қалыптастырады, ол қауіп.

***

Кедейлік қазіргі қазақ елінің ауыр тағдыры. Кейде еліміздегі кедейлікті анықтау үшін біз әлем халықтарының қатарында бұл мәселеде нешінші орын алатынымызды баяндаймыз, ондай салыстырма-статистиканың керегі де, қажеті де жоқ. Қазақтар өзге елдер үшін ғұмыр кешпейді, олар өздерінің атамекенінде ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқандықтан, ең болмаса, тоя тағам жеуге құқылы. Бұл табиғи жағдай.

Шыр етіп дүниеге келген әр қазақтың баласы байлыққа, барлыққа кенелуі де табиғи жағдай. Сәбидің алғашқы байлығы жер жүзінде тоғызыншы орын алатын атамекені. Дархан даланың қазынасын айтып тауыса алмаймыз, бүгінге дейін кен орындары болып ашылғандары, әлі ашылмағандары қаншама?!

Сәбидің келесі байлығы сонау ғұн, сақ дәуірінен үзілмей жеткен – көркем тілі, әдебиеті. Әлемдегі ең әділеттілік жол, ол мұсылмандық діні. Дәуірден дәуірге ұласқан, заманды заманға сабақтастырған толғауы тоқсан – тарихы.

Сәби боп дүниеге енген соң, оған үлгі боларлық тұлғалар керек. Олар, құдайға шүкір, самсап тұр. Әл-Фарабиден бастаңыз, Қорқыт Атаны айтыңыз, одан бергілері қаншама.

Сәбидің ең соңындағы құндылығы әке-шешесі, отбасы. Міне, осы тұсқа келгенде трагедия басталмақ. «Бүгінде еліміздегі кедейлер саны 2 миллионнан асқан. Бұл – өте қатерлі құбылыс» – дейді депутат Ерлан Саиров («Егемен Қазақстан» газеті, 10.07.2021). Одан бергіде бұл көрсеткіш көбеймесе, азайған жоқ.

Сәби, сен қай отбасында өмірге келдің. Егер кедей 2 миллион қазақтардың отбасында дүниеге келсең, қасірет құшағына ене бердім дей бер, айналайын, отбасындағы көп баланың бірі болсаң, саған арнап айтылар бесік жыры жоқ. Анаң күн көріс қамында, әкең әркімге жалынышты күй кешуде.

***

Елімізді кедейлік буып тұр. Ғареке, деп жымыңдап, алдап-сулап арқамнан қағатын пысықтардан арамды алыстатып алғанмын. Жас шағымызда күн көріс үшін әлдекімдердің көлгірсіп алдағандарына көніп, айтқандарына ерген де кезіміз болған. Аты да, заты өшкір социализм, коммунизм дегендер сана, сезімімізді жаулап алып, айтпайтынды айтқызды, жасамайтынды жасатты.

Әкем ораза-намазын қаза етпеген тақуа жан еді.  Ол:

– Балам, бәрі тұрмыс қамы ғой жанталасып жүргендерін, айтарым жүрегіңді қарайтып алма – дейтін.

Бозбала, жігіт шағымызда «жүректің қараюын» қайдан білмекпін. Бүгінде өткен кеткенді, көрген-білгенді, естіген-оқығандарымды саралап отырсам, «жүректің қараюы» деген – нағыз кедейлік екен. Алла тағала досы болса, адам қалай кедей болмақ. Жаратушы нығметтерін адам үшін жаратпап па еді. Ендеше, сан нығметтерден құр қалып, кедей атану мұсылмандық па?

Жаратқанның нығметтерінен сіздің қолыңызды кім қағады. Сол қол қаққан наданға қарсы шық. Жер ортақ, күн ортақ, ай-жұлдыз ортақ, дүниедегі нығметтер ортақ. Құранның 108-ші «Кәусар» сүресінде Алла тағала айтқан: «Ей, Мұхаммед! Біз саған Кәусарды (білім, ырыс, игілік) сыйладық» 1 аят деп жазылған. Хакім Абай айтқан:

«Адам ғапыл дүние дер менікі
 Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі
 Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
 Сонда, ойла, болады не сенікі?».

 Байлар қателесіп, Алла тағаланың мүлкін менікі деп иемденіп жүр. Бұл уақытша жағдай. Әлемдегі бір бай миллиардер өзімен бірге о дүниеге бір доллар алып кеткені жоқ. Сәби боп қалай анаңнан тыр жалаңаш келдің, сол тәріздес о дүниеге өтесің. Осыны түсінбегендер санасы – кедейлер.

Ойшыл болғандығымнан, мынандай түйін жасаймын. Кедейлер, тақыр кедейлер емес, оларды (мұсылмандарды) күн көру мүмкіндігінен ада етіп отырған – байлар және билік басындағылар – «кедейлер». Олардың санасы – кедей. Күні ертең махшарда Алла тағалаға жауап беруші осылар. Бұл қоғамда азап, қасірет, жоқшылық көргендерге сауал жоқ.

Осы жылы бір көріністі көріп жаным шошыды. Көп балалы аналар жоқшылықтарын жыр етіп, көшеге шығып, мұңдарын шашты. Қол-аяғы балғадай, беттерін қара пердемен жапқан алпамсадай жігіттер екеулеп, үшеулеп көп балалы аналарды екі қолынан, қалған екеуі екі аяғынан ұстап, автобустарға тиеп әкетіп жатты. Масқара жағдай! Тәуелсіз елміз, неге сөз айтуға құқымыз жоқ. Сонда көп балалы аналар қолдарына қару алып, көтеріліс жасағалы жүр ме? Осындай анайы бұйрық бергендер қалайша кешкісін отбасымен терлеп-тепшіп бейбіт түрде шәй ішпекші. Көп балалы аналармен мәмілеге келудің өзге жолдары, тәсілдері жоқ па? Құран-Кәрімде жазылған, бәрі есептеулі, есепсіз, ескерусіз ешнәрсе жоқ. Әркім өз қылғанының зардабын тартады. Ең өкініштісі, осындай қылықтар үшін сол адамның өзі емес бір тәуір саналатын ұрпағы жазалы болады екен, бұл өкінішті. Биліктегілер өз қолымен жасаған қылықтары үшін өздері жазалы болса, түсінікті болар еді деймін, ұрпақ қамын ойлап…

***

Небәрі 19 ммиллион халықтың екі милионнан астамы кедейшілікте ғұмыр кешіп отырса, елімізде байлар жоқ, олар рухани кедейлер, мемлекетіміз – кедей, қоғам – кедей. Бұл жерде әңгіме тек кедейлік сана туралы болуы керек.

Кедейшілік пен аштықты мықтап көрген адаммын. 1964 жылы кенеттен жейтін нан тапшы болып қалды. Оқу өз жөнімен қалды. Таңғы сағат 5-тен нан кезегіне тұрамыз. Біз секілді жігіт болып қалғандар болмаса, бала-шаға кезекте қыстырылып қалады. Мектепке кирзовый етікпен барамыз, оның өзі жоқтың қасы. Бұл мақтаулы социализм сиқы. Әрине, биліктегілердің тұрмыстары тәуір. Бұл жағдай туралы Америка, Түркияда, Укранинада, Египетте тараған «Социализм: кінә және күнә» деген романымда шамам жеткенше баяндағам.

Ойлаймын, сонда бәріміздің санамыз кедейлікте. Ашпыз, кедейміз, бірақ сұмырай Ленинді мадақтаймыз. Міне, нағыз сана кедейлігі.

Санамызды кезінде «Ғылыми коммунизм», «Атеизм негіздері», «Коммунистік партия тарихы» деген залалды пәндермен улап тастаған.

Өзімізше қызмет атқардық, бірақ санамыз кедей болатын.

***

Сана кедейлігі Білім мен Ғылым салаларында әбден орнығып алған. Жоғары оқу орындарында студенттерге (бакалавр, магистранттар) және докторанттарға дәрістер оқып, жетекшілік жасайтын доценттер мен профессорлардың орташа еңбекақылары 300 000 шамасында, естуімше, кейбір университеттерде бұдан да төмен. Ойланайық, осы қаражатқа жас маман қалайша күн көріп, отбасын асырап, сапалы білім бере алмақ? Әрине, жоқ. Олар кедей білім беруде. Еуропа  елдерінде күн көріс себетінде 230 түрлі тауар енсе, біздің елде 50 тауармен шектелген.

Жуырда ел аралап келдім, дастарханда көп жерде қант, шәй және май – негізгі тамақ. Ең төменгі жалақы 60 000 теңгеге не алмақсың. Төменгі жалақы мөлшері 140-150 мың теңге болса деген арман бар. Мұндай ел мұңын айлықтары бір миллионнан асатын биліктегілер қайдан түсінсін.

Профессор атағы бар ғалымдар кедейлер тобына жатады. Сонда жоғары оқу орнындағы оқытушылар, ғылыми-зерттеу институтындағы ғалымдардың бәрі тегіс – кедейлер. Олар білім мен ғылым үшін емес, ел қатарлы күн көріс қамында аласұруда. Қымбатшылық деген буып барады, ас ішу керек. Жағдай осылай. 2019 жылғы дерек бойынша, 3-тоқсанынан 2020 жылдың 3-тоқсанына дейінгі аралықта кедейлер саны 21 пайызға өскен. Оған «желе-жортып» бара жатқан қымбатшылықты қосыңыз. Бұл өзге табыс көздері шамалы білім және ғылым қызметкерлеріне ауыр соққы. Елімізде сапалы білім алу мүмкіндігі шектеулі екенін анық білген байлар, депутаттар, министрлер балаларын шет елдерде оқытуда. Ал, күн көре алмай отырған қара халық балаларын қайда оқытпақшы. Осындай жағдайда елдік мәселені жас ұрпақтың түйсігіне, сезіміне, санасына қалай жеткізбекпіз?!

***

Қазіргі кезде сана кедейлігінің жаңа түрі өз бояуын ашық көрсете бастады. Ол жастардың шет елдерге шеруі басталғаны. Бұл сана кедейлігінің айқын көрінісі. Қала ішінде таксимен жүремін. Таксистер әр түрлі. Көбісі өзіңді оқытады. Қайсібірі елдің мүшкіл халіне «сіздер кінәлісіздер» дейді, амал жоқ, келісіп үнсіз қаласың. Сондай жас такси жүргізуші:

  • Бұл елдің келешегі жоқ, Канадағы кетуге әзірленудемін деді. Мен:
  • Демократия дәуірі әркімнің өз еркі дедім. Жауабыма разы болмай қазақ елін сынауын тоқтатпады. Мен оған:
  • Айналайын, сіз сол Канадаға барып, тастай батыңыз, ол жақтан қайтушы болмаңыз дедім. Ол:
  • Неге қайтпаймын, Қазақстан менің отаным емес пе? – дегені.
  • Олай болса, сіз отаныңыздың басына қиыншылық түскенде наны мен майы көп жерге қашасыз да, отаныңыз оңалып, ел қатарына қосылғанда қайта оралмақсыз, сонда сізді кім деп атауға болады дедім.

Ертеде И.С.Тургенев мұндайларды нигилистер деген, мен маргиналдар деймін. Ел басына күн туғанда, туған халқымен бір болғандар – азаматтар, ерлер, отан үшін жанын қиятындар.

Отыз жылда Білім мен Ғылым саласы кімдерді «тәрбиелеп» өсіргенбіз деген ауыр сауалмен пәтеріме бет алдым.

Ауамызда ел мұңы аңқып тұрғандай халде болдым.

***

Сана кедейлігінен құтылудың тәсілдері, жолдары бар ма? Толып тұр. Әлем халықтарына ашық көзбен қара. Ыбырай Алтынсарин: «өнер, білім бар жұрттар» деп баяғыда айтып өткен.

Дүниеде өнер де, білім де, ғылым да, технология да тұнып тұр. Еуропа елдері екі жаһандық соғыстардан кейін, бізбен салыстырсақ, әйтеуір, сана кедейлігінен шыққанға ұқсайды.

Сана кедейлігінің тамыры – социализмде. Елдің басқару жүйесі ескірді десек, оны билік басындағылар қалай қабылдар екен. Социализм түсінігімізден кетпей, сана кедейлігі сақтала бермек. Халыққа еркіндік беру заман талабы. Еркін еңбек ел еңсесін көтермек. Не бөгет? Басқарудағы авторитаризм, бюрократия, коррупция.

Бұлар көзге ұрып тұрған дерттер. Осы бағытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық округтер әкімдердің еркін сайлауға жібергені жақсылықтың басы, нышаны. Осы бағыт әрі қарай жалғасын тапса деген тілек, үміт бар.

Бұл сана кедейлігінің жойылуының бір тәсілі. Қорыта айтарым, еліміздегі кедейшіліктің өріс алуы – сана кедейлігінде.

Санада еркіндік жоқ, сана жетекте.

***

2 миллион қазақ елінің азаматтары кедей. Жағдай ауыр. Жастар шетелдерге ауа бастады. Қазақстанның келешегі жоқ деп, сен қайда қашып барасың, Кореяға, Мексикаға тағы қай елге, туыс Түркияға.

Тоқта. Бабаларың осы атамекенді, туған жеріңді жаулардан қорғап шейіт болған. Ал, сен «қарным ашты» деп шет ел аумақсың.

Сен неге өз еліңе бөгдесің. Қиыншылық болса, бірге жең. Күрес. Кім бөгет?  Дарбазасын қақ!

Қиын болғанда Бөгенбай, Қабанбайлар не істеген. Елді жаудан қорғаған. Елдегі жаулар кім? Анықта, олармен күрес. Әділет орнат! Аштарға ас бер. Күлтегін жырында осылай делінген.

Бюрократия тас қамал болса бұз! Жемқорлар болса, індеріне су құй, қуып тық. Сен, батырлардың ұрпағы емес пе едің? Ұрылардың ұрлықтарын әшкереле!

Іштегі жау айлалы, ал сенің ақыл-айлаң қайда? Өзің секілділермен бірік. Аш-жалаңаштарға көмек жасайтын майдан аш! Әділеттілік ұранын жарияла!

Депутаттармен кеңес, ауылдағы жоқ-жітіктермен бөліс. Кедейлер еңсесін көтерсін. Серпілсін. Өз атамекенінде ғұмыр кешіп жатқандарын мақтан етсін.

Олигархтармен келісім-шартқа отыру ісін, сендер бастауларың керек. Олардың байлықтары аспаннан түскен жоқ, олар екі миллион күнкөрісі төмендерге барсын, қамқорлықтарына алсын, егер олар көнбесе, қоғамдық тезге салыңдар, істерін жария етіңдер, сендер жас қуаттысыңдар, сендер көпсіңдер. Көптіктеріңді қару етіңдер!

Мағжан ақын, «Мен жастарға сенемін!» – деген. Мен де әбден сенемін, сіздер отыздағылар, қырықтағылар өмірге ендіңдер. Қазақ: «Отызда орда бұзады, қырықта қамал алады» – деген. Орданы бұзба, қамалды алма, туған жерлеріңе, елдеріңе ие болыңдар. Білім бар, тәжірибе бар. Қоғамның жетістігін де кемшілігін де көріп жүрсіңдер.

Біз секілді үлкен ұрпақтың қазақ еліне, қазынасына иелігі сапалы болмады. Біздің бойымызда сталинизм заманынан өшпей келген үрей болатын, сол әлі шықпаған. Ананы айтпа, мынаны айтпа, әй оны қойшы… Осы психология бізден қалмай-ақ қойды.

***

Осы ахуалды сіздер түп-тамырымен жоюларыңыз керек. Санадағы үрей мен кедейлік орнына Тәуелсіз ой орнығуы қажет. Махамбет ақынның ерлік жырларын жаттаңдар, Сұлтанмахмұттың «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» – дегенін бүгінгі күн санасына сыйғызыңдар.

Қазақ елін жұмақ елге айналдыру сендердің, яғни, отыздағылардың, қырықтағылардың қолдарынан әбден келеді, сендер қазақ елінің алтын және күміс ұрпақтарысыздар, сіздердің сандарыңыз он милиионға жақын. Бұл бүкіл халықтың жартысынан көбісі. Қазақ елі сендердің қазыналарың, біз үлкендер солай ойлаймыз, сендерден кейінгі гауһар ұрпақ солай болады деп үміттенеді.

Сендердің амандықтарың – қазақ елінің амандығы. Майлы мекенді жат жерден іздемеңдер, Асан қайғы айтқан Жерұйық – Қазақ елі.

***

Соңы. Жұрт Президенттен ЖАҢАЛЫҚ күтуде. Ертең бүгіннен жақсы болмақ. Үміт ­– сенімге қуат бермек.

Бүгін дегеніміз ертеңгі күннің қақпасы. Ертеңіміз жақсылыққа толы жаңалық болсын!

Ғарифолла Есім,
академик, жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар