Жалпыға бірдей декларациялаудың екінші  кезеңі басталды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Шынар Мусина  жалпыға бірдей декларациялау жөнінде брифинг өткізді.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталды. Екінші кезеңде мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен жұбайлары декларациялауға міндетті. Жинақталған активтер мен қолда бар міндеттемелерді тіркеу үшін активтер мен міндеттемелер туралы декларация, кейін кірістер мен мүліктер жөнінде декларация ұсынылады.  Декларацияны қағаз түрінде ағымдағы жылдың 15 шілдесінен, ал, электронды түрде 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет.

−Активтер мен міндеттемелерді электрондық түрде «Салық төлеушінің кабинеті» мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы, «Электрондық үкімет» немесе eSalyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы жіберуге болады. Егер де қағаз түрінде болса, мемлекеттік кіріс органдарына келу тәртібімен не тапсырыс хатпен поштаға тапсыру керек.Активтер мен міндеттемелер туралы декларациялау Декларациялаудың жүйесіне кірген күні жинақталған активтер мен міндеттемелерді тіркеу үшін ұсынылады.Бұл ретте Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында тіркелген жылжымайтын мүлік пен көлік құралдары туралы мәліметтерді декларацияда көрсетудің қажеті жоқ, өйткені, бұл мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарында бар,−деді Шынар Мусина.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесі, Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі, бағалы қағаздар, өндірілген қаржы құралдары, инвестициялық алтын сияқты мүлік туралы деректерді көрсету қажет.

Сондай-ақ, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі есептік көрсеткіштің 10 мың еселенген мөлшерінен аспайтын және жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация табыс етілген жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанында қолданыста болған сомадағы қолма-қол ақша көрсетіледі.

−Салық және кеден мәселелерін түсіндіру, халықтың хабардарлығын жақсарту және кері байланыста болу бойынша халыққа жедел көмек көрсету мақсатында ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті жеделхатта «Чат-бот» жүйесін іске асырды. «Чат-бот» Мемлекеттік кірістер комитетінің байланыс орталығына келіп түсетін өтініштер негізінде әзірленген білім базасына ие, бұл пайдаланушыға оператордың қатысуынсыз, салық және кеден заңнамасы бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жедел жауап алуға мүмкіндік береді, − деп түйіндеді өз сөзін департаменттің бөлім басшысы.

Цифрлық сервистерді пайдалана отырып, азаматтар салық органына бармай-ақ өз уақытын үнемдейді. Іс-шара барысында жоғарыда аталған цифрлық сервистер бойынша бейнебаян көрсетілді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар