Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі жанындағы туризм және экология комитетінің мүшелері өңірдің экологиялық проблемаларын талқылап, осынау өзекті мәселенің астарына үңілді.
Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік кәсіпкерлер кеңесі жанындағы туризм және экология комитетінің кезекті отырысы өтті. Өңірдің экологиялық проблемаларын, олардың бизнестің дамуына әсер ететін салдарын, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау мәселелерін талқылауға осы саладағы қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлер, туристік нарық субъектілері, салалық қауымдастықтар және басқа да мүдделі ведомстволар шақырылды.
Негізгі проблемалардың бірі – қалдықтарды басқарудың әлсіз дамыған инфрақұрылымы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген полигондардың етек алуы, кәріз-тазарту станцияларының тозуы немесе олардың болмауы.
Бүгінде Ақмола облысының аумағында 400-ден астам қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, 27 полигон ресми түрде ресімделген, қалғандары бей-берекет полигондар болып табылады. Щучинск қаласында сот шешімі бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін қолданыстағы жалғыз полигон жабылып, 145 миллион теңгеден астам көлемде әкімшілік айыппұл салынды. Бұл ретте, Бурабай кентінің аумағындағы полигон да жабық, өйткені, ол «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумағына жатады. Бүгінгі таңда бұл барлық турбизнес субъектілері үшін үлкен проблема болып табылады, өйткені, туристер ағыны әр маусымда артып келеді, сәйкесінше қалдықтардың көлемі де артуда. Бұл – бүкіл аймақ үшін үлкен экологиялық проблема. Кәсіпкерлер кеңесі жанындағы туризм және экология комитетінің мүшесі, «Kazakhstan Innovations» қоғамдық қорының төрағасы Мәриям Әбішеваның пікірінше, жалпы сала, атап айтқанда, Ақмола облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары қолдауға аса мұқтаж.
–Полигондарға әкелінетін қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі ірі қалалармен салыстырғанда аз, тарифі де төмен. Полигон иелерінің қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары мен жабдықтарын енгізу үшін қаражаты мен ресурстары жеткіліксіз. Мұны субсидиялау немесе гранттық қолдау арқылы шешуге болады. Сонымен қатар, Экологиялық кодекске сәйкес, эмиссиялық төлемдер табиғатты қорғау іс-шараларына жүз пайыз мөлшерде жұмсалуы тиіс, іс жүзінде әзірге полигондардың қажеттіліктеріне шамамен 30 пайызы ғана жіберіледі. Мысалы, Атырау облысында полигондар қажетті жабдықты эмиссиялық төлемдер есебінен сатып алады, – дейді бұл орайда Мариям Әбішева.
Бұл мәселені туризм және экология комитетінің мүшелері бақылауға алды. Өңірлік палата сарапшылары облыстық экология департаментіне қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін жабдықтарды сатып алу үшін қажетті қаражат бөлу жөнінде облыс мәслихатына ұсыныстар жіберуді ұсынды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.