Саяси науқан сайлау қалай өтті?..

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елімізде Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісіне, облыстық, аудандық мәслихатқа депутат сайлауы болып өтті.

Басқа сайлау учаскелерін білмедім, өзім комиссия мүшесі болған сайлау учаскесінде ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Шетелден келген бақылаушылар таңғы сағат 06:30-да арнайы құжаттарын көрсетіп, сайлау жәшігінің жабылуын қадағалап, Әнұран орындағанда қасымызда бірге тұрып, мұқият тыңдады. Сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарға қанағаттанды.

Сіз Қазақстан Республикасының азаматы ретінде дауыс беруге міндеттісіз, бұл заңда толық жазылған, ал, дауыс бермесеңіз, сіздің даусыңыз есептелмейтіндігін өзіңіз жақсы білесіз. Соңғы кездері бір байқағаным, кейбір адамдар дауыс беруге келсе де, өздерінің мінездерін көрсетіп, ашу шақырып, комиссия мүшелеріне өкпе-ренішін айтып жатады. Әрине, комиссия мүшелері бұқара халықтың өкілі, олардың қолында айтарлықтай билік жоқ.

Бурабай ауданы бойынша сайлау ойдағыдай өтті. Демократиялық тұрғыдан алып қарасақ, барлық белсенді дауыс берушілер таңғы жетіден бастап келе бастады, қалыптасқан тәртіппен өздері келіп дауыс берген қариялардың сыртқы келбетіне қарап отырып сүйсіндік.

Өйткені, ол кісілерде артық ауыз сөз жоқ, келеді де төлқұжатын беріп, бюллетендерін алып сайлау кабинасына кіріп үнсіз дауыстарын беріп, елімізге тыныштық тілеп кетіп бара жатқанда талай қиындықты бастан кешірген, қазіргі күні ақсақал абыз болып отырған құрыштан құйған құдірет иесі – қариялардың әу баста қалыптасқан мінезіне қарап таң қалып, тамсанасыз. Біреуді даттап я болмаса мақтап артық әңгіме айтпай, үнсіз сайлауға қатысып, игі-тілегімен бөліседі.

Дауысты санадық, хаттамасын толтырып, әзірлеп (әр партияның сенімді адамдарынан бақылаушылар отырды) апарып тапсырдық. Қазіргі таңда халықтың сенім артқан адамдары аудандық, облыстық мәслихатқа, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мәжілісіне халық қалаулысы болып сайланады. Президентіміз, Жаңа Қазақстан құрып, реформаны жаңартып, жаңаша бағытта жұмыс істейміз, деп жатыр. Әрине, алдағы уақытта халықтың қалаулысы атанған жандар бұқара жұрттың сөзін сөйлеп, елдің игілікті жолында адал қызмет атқарады деген сеніміміз бар.

Сайлау додасы өзінің мәресіне жетті, бабы келгендер мен бағы жанғандар аламан бәйгеде озып келді. Ендігі мақсат елдің дамуы жаңаша реформаның қалыптасуы іске сәт дейміз!

Келіп жеткен Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Алдымызда айлардың сұлтаны Рамазан айы да келді, мүбәрак болсын. Бастысы тәуелсіз еліміздің көк байрағы биік болғай дегіміз келеді.

Жеңіс ОСПАНОВ.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар