Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен және Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы мен Халықаралық театр күніне орай «СӘЛЕМ» халықаралық комедиялық театр фестивалінің ашылу салтанаты болып өтті.
Алдымен фестивальдің ресми ашылуына орай, өңірлік коммуникациялар алаңында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Баспасөз мәслихатына өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, фестивальдің құрметті қонақтары, театр мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Театрлар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, көрнекті мемлекет қайраткері, мәдениет саласының үлкен жанашыры, 1937 жылғы репрессия құрбаны Темірбек Жүргеновтің есімін ұлықтау, театр өнеріндегі комедия жанрын дәріптеу, жұртшылық назарын қазіргі заманғы комедия жанрына және жаңа театрлық үдеріске аудару мақсатында ұйымдастырылған өнер фестивалінде Өзбекстан Республикасының мемлекеттік әскери «Тұран театры», Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Астана қаласының Жастар театры және Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұжымдары өнер көрсетеді.
Брифингте Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова сөз сөйлеп, театр фестиваліне өңірімізге алыс-жақыннан келген өнер тарландарына жылы лебізін білдірді.
– Бүгін Халықаралық театр күні мейрамымен тұспа-тұс келген өнер мерекесіне хош келдіңіздер! Біздің Ақмола өңірінде, қасиетті Көкше жерінде көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай халықаралық театр фестивалінің орайластырылып өтіп жатқандығы біз үшін зор мерей. Халықаралық комедиялық фестиваль Ақмола облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы орайда, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерімен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өнер майталмандарына алғыс білдіргім келеді, – деді ол.
Брифинг барысында Халық әртісі, театр және кино актері Тілектес Мейрамов, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мемлекеттік театрлары басшылары кеңесінің үйлестірушісі, Әзірбайжандағы өкілі Эльчин Гафарлы, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының өнертану факультетінің деканы, өнертану кандидаты, Еуразия театр қауымдастығының Әзірбайжан еліндегі өкілі Юсиф Джафаров, «Театр өнері тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры, театртанушы Меруерт Жақсылықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
– Бүгін әдемі кездесуде бас қосып отырмыз. Осы орайда осындай өнер мерекесін ұйымдастырған өңір басшысына, ұйымдастыру алқасына айтар алғысымыз шексіз. Осы фестивальдің мемлекет және қоғам қайраткері, тау тұлға, нар тұлға Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналуының өзі аса маңызды деп білеміз. Темірбек Жүргеновтің қисапсыз еңбегін санамалап айтып шығу өте қиын. Алайда, бір-екі мысал айтып кетуді жөн санап отырмын. Мәселен, Темірбек Жүргеновтің білім саласына қосқан өлшеусіз еңбегін, әсіресе, еліміздегі білім ордаларының негізін салушы екендігін бірі білсе, бірі білмейді. Елімізде үш мыңнан астам мектептің салынуына себепкер болған, бір Алматының өзінде 18-ден астам жаңадан мектеп ашқан. Бірер жылдың ішінде осының барлығын өз қолына алып, өзі араласып, сол мектептердің қалай тұрғызылып жатқанына дейін бас-көз болуы, ол кісінің шын мәнінде елдің болашағы үшін алаңдайтын, халық жанашыры екендігін аңғартады. Ал, еліміздегі жоғары оқу орындарының көпшілігі осы нар тұлғалы ағамыздың арқасында ашылғандығын бірі білсе, бірі білмейді. Мысалы, Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Алматыдағы опера және балет театрының негізін салушылардың бірі. Сол білім мен өнер ордаларының қай жерде орналасатынына дейін, былайша айтқанда қазығына дейін қағып, мәдениет пен өнерге жанашырлық танытты, – деді Меруерт Жақсылықова.
Жиын барысында сөз алған Жабал Ерғалиев:
– Хан көрген, хазірет көрген киелі Көкшенің топырағын басып отырған құрметті меймандарымыз қадамдарыңыз құтты болсын! Жалпы қазақ мәдениетінде, қазақ тарихында біздің халқымыз Мәдениет министрлігінің басында тұрған үш ұлы тұлғаны ұмытпайды. Бұл бірінші Т.Жүргенов, екіншісі І.Омаров, үшіншісі өзіміз көзін көрген Ө.Жәнібеков. Олар неге халықтың есінде қалды? Олар неге халықтық, ұлттық министр болып жатталып қалды? Себебі, олар ұлттың мәдениетін әлемдік аренаға шығарды. Жалпы ұлтқа қызмет ету, ұлттың мәдениетіне, әдебиетіне қызмет етуді бүгінгі біздің ұрпағымыз, біздің бәріміз де кешегі Алаш қайраткерлерінің өнегесімен үйренуіміз керек, – дей келіп, құрметті меймандарға, ұйымдастыру алқасына ақжарма алғысын, жүрекжарды лебізін білдірді.
Театр фестивалінің шымылдығы Астана қаласының Жастар театры сахналаған «Пранк-Махаббат» комедиясымен ашылды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Рамиль ДУСУМОВ.