Адам тағдыры ойыншық па?

Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы көптеген ақпаратқа қанық боласың. Мәселен, соңғы уақытта адам саудасы туралы ақпараттар ашық жарияланып жатыр. Сондай ақпараттың бірі біздің Ақмола облысына қатысты болғаннан соң, біз де елең ете түстік.

Ақмола облысы Ақкөл ауданының тұрғыны өзін құлдықтан құтқаруды өтініп, әлеуметтік желіде көмек сұрап, жанайқайын жеткізуде. Жәбірленушінің айтуынша, ол бір жарым жыл Қорғалжын ауданында тұрып, одан кейін Степногорск қаласына кетіп, жылқы баққан, асау үйреткен. Алайда, бұрынғы жұмыс беруші шаруа иесі оны тауып алып, соққыға жығып, Қорғалжын ауданында қол-аяғын байлап ұстап, тіпті денесіне таңба салған деседі. Ол жерден қашып шыққан азамат тәртіп сақшыларына арызданған екен. Қазір полиция осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Мені қинап, денеме таңба салған кезде жанымда төрт кісі болды. Шешеммен сөйлестірген кезде қасымда кісілер отыратын. Мен ол жерден қашып кеттім. Арыз жаздым. Мені қорқытқанын айттым. Әке-шешемді қорқытып жатыр», –  деген ол өз жазбасында.  Денесіне таңба салған қожайын өз жұмысшысының тағдырына да қожайынмын деп ойлап қалған болуы керек. Әйтпеген күнде мұндай бассыздыққа қалай барған?

Осы мәселеге байланысты Ақмола облыстық полиция департаменті А. азаматының өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлайды. Дене жарақаттары бойынша Астана қаласының сот сараптамасы институтында сот-медициналық сараптама тағайындалса керек. Тергеу шеңберінде куәгерлер белгіленіп, жәбірленушінің және ол көрсеткен адамдардың айғақтары мұқият тексерілуде.

Жалпы көптеген келеңсіздіктің түп-тамыры көнбіс мінезден де болар. Бұл мінез біздің қанымызға сіңіп, жүрегімізге бойлап, санамызға берік бекіген. Төзімділік таныту, сабырға шақыру, кез-келген келеңсіздікті өмірдің өзі деп қабылдау, өз мәселеңді жария етуді ұятқа балау, қорқынышпен өмір сүру, мұның барлығы адам тағдырына өз әсерін тигізбей қоймайтыны бар.  Міне, осындай себептер қаншама тағдырды түзу жолдан тайдырып, қаншама жауқазын ғұмырдың жапырақ жаны солып жатыр…

Иә, рас «Әр қазақ менің жалғызым» демекші, кез-келген адам тағдыры үшін алаңдайтының да жасырын емес. Әсіресе, жазықсыз жапа шеккен жандарды көргенде қалай ғана жүрегің ауырмайды? Адам саудасы – әлемдегі ең әділетсіз, ең аяусыз қылмыстың бірі және бұл өзекті мәселе әлем халқын алаңдатып отыр десек жаңылыспаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер мен жас қыздар. Ал, әрбір үшіншісі – балалар екен.

Жалпы адам саудасы дейсіз бе, адамды өз еркінен тыс мәжбүрлеп ұстау фактілері қазіргі қоғамда бар мәселе. Соңғы жылдары құжатсыз қалып, құлға айналған қаншама адамдардың жанайқайын әлеуметтік желі арқылы естіп, біліп жатырмыз. Интернет желісінде сөзімізге дәйек болар талай адамның тағдыры баяндалған.

Адамды еркінен тыс мәжбүрлеу – қиястық. Ал, қиястық қияметке бармайды дегенді үлкендердің аузынан жиі естігенбіз. Біз жоғарыда келтірген оқиғада  «денеме таңба салғанда» деп айтылған дерегінің өзі аса қорқынышты. Жалпы біз қай ғасырда өмір сүріп жатқанымызды кей сәтте ұмытып қалатын сияқтымыз. Мейлі ол тақыр кедей, мейлі ол жоғары білімі жоқ шаруа адамы болсын бірақ, адамдардың бәрі тең құқылы. Бұл өмірде де, о дүниеде де қағидат осындай!

Өзіңді басқалардан жоғары қою, жан баласын менсінбеу, бойына тоғытпау. Біз сипаттап, санамалап өткен теріс мінездің бірі тәкаппарлық.  Жаратушымызға ең ұнамайтын қасиеттердің бірі де осы деседі. Менменсіген жүректен иман кетеді емес пе? Тәкаппарлық жайлы сөз қозғағанда, Абай атамыздың сөзі ойға, тіл ұшына оралатыны бар.

Адам –  бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.

Адамның басына қонған бақтың өзі сынақпен келеді. Оны дұрыс бағамдай білетіндер ілуде біреу. Ол үшін жүрекке иман керек.

Жалпы бәжі басу, керегеге керу, қасқа жазасы сияқты жазалар қазақ даласында қылмыскерлерге қолданылғаны белгілі. Және мұндай әдіс айғағы мәлім болған, елде «жүзі қара» атанғандарға салынған. Бірақ, бұл қай ғасырда? Осыған қарағанда  қазіргі жағдайы жеткен бай адамдар өздерін заңнан жоғары санайтын сияқты. Әліптің артын бағайық, бұл мәселе де таяу арада өзінің әділетті шешімін шығарар. Кім білсін…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адам саудасы проблемасының өзекті­лігін, мұндай қылмыстарды тергеу жә­не кінәлілерді сот тәртібімен жазалау рәсімін жақсарту қажеттігін, сонымен қатар, мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестірудің маңыздылығын атап өткені белгілі. Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында адам саудасы мәселесін көтергені де елге аян. «Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет. Мұндай заң адам саудасының құрбаны болған азаматтарды қорғауды және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етеді. Бұл күн сайын артып келе жатқан мәжбүрлі көші-қонның жаһандық және аймақтық процестері жағдайында өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел Президентінің сөзі заңға пара-пар. Қалай дегенмен де, кез-келген қоғамда адам өмірі ойыншық емес екендігін естен шығармайықшы.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар