Ылғал жапқанның ырыздығы мол

Ақмолалық диқандар ерте көктемдегі жауапты науқан – ылғал жабуға дайындық жұмыстарын ширата түсуде. Алдағы мол егіннің кепілі де осы.

Биыл өңірде қар біршама мол түсті. Әйтсе де әр ауданда әрқилы. Қар мол болғанымен, көктем ерте келіп, жер дегдіп қалды. Қыр басынан қызыл су жүрген уақытта топырақ сіресіп қатып жатқан болатын. Сол себепті нәр жерге сіңбей, бу болып ұшып кетті. Егіншілердің ендігі үміті қалған ылғалды ысырап қылмай, дер кезінде ылғал жабу жұмысын ұйымшылдықпен өткізу.

–Ылғал жабуға қажетті дизель отынын жеңілдетілген бағамен алдық. Қазір техникамыз сақадай сай тұр, – дейді Қима ауылындағы «Алтай» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Алшынбаев.

Қожалық басшысының айтуына қарағанда, егістік алқаптағы ылғалдың дер кезінде жабылуы топырақтың бойында қалған азын-аулақ ылғалды сақтап қалмақ. Дәл осы ой оңынан оралса, егілген тұқымды алғаш қоректендіруге жетіп жатыр. Бұл астықтың сапасын жақсартуға, өнімділігін көбейтуге тәп-тәуір ықпал етеді. Жермен жұмыс істеп жүрген тәжірибелі диқанның айтуы қапысыз. Оның үстіне осы тақырыпты зерттеген мамандардың пікірінше, ерте көктемде күн ысыған кезде егістік алқабынан тонналап ылғал буланады екен. Ал, күн желді болса, ылғалдың ұшып кетуі тіпті тез. Міне, осылайша болашақ егістікке ылғалдың жетіспеушілігі туындауы мүмкін.

–Міне, сондықтан дәл осы уақытта диқандар басқа шаруаны ысырып қойып, ылғал жабуға кіріскендері жөн. Көктемгі ылғалдың, қар суының нәрлі болатындығы белгілі, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – әдетте, жаз жауынды болса көктен иіп, жерден береді деген түсініктің де бар екенін айта кетуіміз керек. Біздің өңірдегі егіншілік мұндай арқаны кеңге салуды көтере бермейді. Қар суымен жайылым және шабындықтағы шөп те көп-көрім көтеріліп қалады. Менің 1600 гектар жерім бар, соның 400 гектарына бидай егемін. Бірер күннен соң ылғал жабуға шығамыз деп отырмыз.

Топырақтағы ылғалды жабудың пайдалы тұстары шашетектен екен. Біріншісі, топырақтағы ылғалды сақтаса, екіншіден өсімдік қалдықтарын ұсатып, сіңіріп жібереді. Кепкен кесектерді қопсытып, топырақтың биологиялық белсенділігін арттырып, жердің  демалуына мүмкіндік бермек. Алғашқы жер қызуымен қылтиып өсе бастаған арамшөп атаулыны жояды. Олардың тұқымдарын құртады. Жерде қыстап қалған әрқилы зиянкестердің дернәсілдері жойылады.

–Негізі тым ерте шықпаған жөн, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – өйткені ауыр салмақты тракторлар топырақты қатты тығыздап жібереді. Біздің қожалықта бұл жұмысқа пайдаланылатын техника К-700 тракторлары. Сондықтан, біз сәл ғана кештеу шығамыз. Бұл арада ескертетін бір жай, тым кеш шықсаң бар ылғалдан айырылып қаласың. Сондықтан, жауапты науқан алдында дер кезін айыра білу керек. Бір қарағанда егістік алқап дегдіген, ылғал жабуға дайын тәрізді болып көрінуі де ғажап емес, әйтсе де кейбір ойпат жерлерде тракторыңыз батып, алқапты бүлдіруі де әбден мүмкін.

Жарқайың ауданына қарасты Ш.Уәлиханов атындағы ауылдағы «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы Мұратжан Сыздықов та жауапты науқанға жеткілікті мән беруде.

–Сәуір айының 15-і күні екі күн боран соқты, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – тіпті қыс бойы жаумаған қар жауды десек те болар. Енді міне, ылғал жабуға дайындалып отырмыз. Жеңілдетілген дизель отынын алу үшін өтінім беріп қойғанбыз. Ал, техниканы күні бұрын дайындадық.

Қожалық басшысының айтуына қарағанда, егістік алқап қара топырақты болса, қолданылатын айналмалы тырма өткір болғаны дұрыс. Ал, топырақ жеңіл болса, көктемгі тырманы да қолдана беруге әбден болады. Әдетте тістерінің ұзындығы  10-15 сантиметр болса жетіп жатыр. Егер одан аз болса, серіппе алқап бетіне жай ғана ілініп, диқан күткендей нәтиже бермейді.

Тәжірибелі диқанның айтуына қарағанда, ылғал жабу жұмыстары кезінде трактор дөңгелектеріндегі қысымды азайту керек. Сонда топырақ тым қатты тығыздалып, кесектеліп қалмайды. Ылғалдың жоғалуы да мейлінше азаяды.

Ертеңгі күнгі мол егіннен дәмелі диқандар бар мүмкіндікті осы бағытқа жұмылдырмақ. Үйдегі ой бұзылмаса, ырыздықтың да еселенері сөзсіз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Жауапты науқанның жүгі ауыр

Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары көктемгі егіске қапысыз қамдануда. Әйтсе де, көңілді қобалжытар өткір мәселелер де туындап отыр.

Топырағы құнарлы Бұланды ауданының диқандары үстіміздегі жылы 264 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек. Бұл көлем өткен жылғы көрсеткіштен біршама жоғары. Ауыл шаруашылығы құрылымдары импортты алмастыру үшін жоғары өнімді дақылдарды көбірек егуге ынталы. Әрі егістік алқаптарды әртараптандыру мәселесіне де мейлінше назар аударуда. Айталық, майлы дақылдарға арналған егістік алқаптары 33 мың гектар жерге орналастырылады. Бұл талпыныс ішкі нарықты сұранысқа ие өніммен қамтамасыз етуге біршама мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдейтін кәсіпорындарды да қажетті шикізатпен қамтамасыз ету көзделуде.

Егін шаруашылығымен бірге мал шаруашылығының қажеттілігі де мықтап ескерілуде. Айталық, аудандағы малсақ қауым соңғы жылдары мал азығына көбірек тапсырыс беретін болды. Шынтуайтында бұл мәселе мал азығын дайындайтын шабындық жерлердің тарылғандығынан әрі құнары кемігендігінен орын алып отыр. Ендігі арада олқылықтың орнын мал азығын көбірек егіп толтырмақ. Жемшөп дақылдары 24 мың гектар алқапқа себілмек. Жайылым құнарын арттыру әрі мал азығын молайту үшін 4 мың гектар алқапқа бір жылдық мал азығына қажетті шөп өсіріледі.

Нарық талабына сай халықты картоп, көкөніспен қамтамасыз ету де уақыт талабы. Оның үстіне аудан астана тұтынушыларын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтитын азық-түлік белдеуінде. Көктемгі егіс кезінде 0,6 мың гектарға картоп отырғызылса, 0,02 мың гектар алқапқа көкөніс өсіру көзделген.

Қыруар шаруаны уақытылы, тиянақты атқару үшін қолда бар техника тоқтаусыз жүріп тұруы керек. Көктемгі қарбаластың айрықша маңызын ескерген байырғы диқандардың көктемнің бір күні жылға азық деп айтатыны тегін емес. Осыған орай, егіс науқанына қатысатын 355 трактор, 242 астық сепкіш, 85 жоғары өнімді егіс кешендері жөндеуден өткізілуде. Бүгінгі таңда аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолда бар техникасының 90 пайызы әзірлік сапында. Қалғандарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 4 мың тонна дизель отыны қажет екен. Күні бүгінге дейін операторларды анықтау өткізілді. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Бар тарапты таразы басына тартып, төрт операторды анықтады. Қазір шарт жасасып, дизель отынының кепілдендірілген көлемін жеткізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Дала сырын көкірегіне тоқыған кәнігі диқандар «не ексең, соны орасың» дейді. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары сапалы тұқым әзірлеу ісін күзгі орақтан кейін-ақ қолға алған болатын. Айталық, аудан бойынша 31,2 мың тонна тұқым қажет  болатын болса, қазір бұл көлем 100 пайыз дайын. Зертхана нәтижелері көрсеткеніндей барлық тұқымның өнгіштік қасиеті тәуір, бірінші және екінші класты. Демек, аудан диқандары алдағы көктемгі дала жұмыстарын талапқа сай атқарып шығатындарына сенім мол.

«Арқа ажарының» өз  ақпараты.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар