Ақбөкен – Ұлы даланың байырғы мекендеушілері

 Біздің республикамыздың жабайы аңдар фаунасында ақбөкен сияқты құнды жануар ерекше орын алады. Ақмола облысының аумағында бұл жануар Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың және Қорғалжын аудандарында мекендейді. Сондай-ақ, соңғы жылдары Астрахан және Целиноград аудандарында да шоғырлануы байқалып жүр.

 2002 жылдан бастап ақбөкен халықаралық табиғатты қорғау одағының тізіміне жан-жануарлардың өте ауыр түрі ретінде кірді, өйткені, ол табиғи немесе антропогендік факторлардың әсерінен тіршілік ету ортасының қолайсыз жағына өзгеруімен оңай жойылып кетуі мүмкін.

 Ақбөкеннің қозы кезінде Атбасар және Жақсы аудандарының шекаралас аумағында, бұрынғы Чурумсай, Қайрақты, Тайкеткен ауылдарының арасындағы шағын алаңда ірі кластерлер қалыптасады.

Жыл сайын көктемде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өткізетін мемлекеттік тапсырыс шеңберінде комиссиялық түрде «Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, «Қазавиақұтқару» АҚ, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК және біздің инспекцияның қатысуымен ақбөкендердің авиациялық есебі жүргізіледі. 2022 жылы әуе есебін жүргізу нәтижесінде Ақмола облысының аумағында ақбөкендер саны 29 617 бас болды. Сонымен қатар, 2022 жылы қоздау кезеңінде, яғни, мамыр айында Атбасар және Жақсы аудандарының шекарасындағы Танкетке шатқалында 80 мыңға жуық ақбөкендер тіркелді.

Ақбөкендер – жыл бойы және жыл мезгіліне байланысты әр түрлі мөлшердегі табындарда ұсталатын жануарлар. Көптеген кластерлер әсіресе, көктемде және күзде ақбөкендердіңжаппай қоздау мен көші-қон кезінде жақсы көрініс табуда. Ақбөкендерге жыл бойына үздіксіз қозғалу тән. Олар көктем мен күзде ең ұзақ қоныс аударады.

Ақбөкендер өз табиғаты бойынша жұқпалы ауруларға да бейім, сондықтан, Қазақстанда олардың пастереллезден Ақмола облысының аумағында жаппай қырылуы 2015 жылы байқалды, оның ішінде 10 667 ақбөкен өлім-жітімге ұшырады.

Сондай-ақ, бірқатар метеорологиялық жағдайлардың салдары, яғни, жоғары және тығыз қар жамылғысы, көктайғақ, ұзақ қарлы боран, қатты суық желдің әсері де еркек ақбөкендердің өліміне әкеліп тұрады. Осылайша, Ақмола облысының Целиноград, Астрахан, Қорғалжын және Егіндікөл сияқты төрт ауданының аумағында 468 ақбөкен, оның ішінде 263 еркек және 205 ұрғашы ақбөкен өлген. 2023 жылдың өткен кезеңінде 73 ақбөкен, оның ішінде 46 еркек, 25 аналық ақбөкеннің өлім-жітімі тіркелді.

Ақбөкен популяциясын қорғаудың міндеттері көп қырлы, ол жағымсыз әсерлерді болдырмау немесе азайту жөніндегі шаралар кешенін қамтиды.Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап ақбөкенді сақтау және қорғау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу туралы бірнеше рет, оның ішінде ҚР Үкіметі деңгейінде шешімдер қабылданды.Қазіргі уақытта ақбөкендерді, олардың бөліктері мен дериваттарын ғылыми мақсатта пайдалануға болады. Ал, қалған жағдайларда оларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 2024 жылға дейін пайдалануға тыйым салынды.

Ағымдағы жылы облыс аумағында тек ғылыми мақсаттар үшін 705 ақбөкенді алып қою жоспарлануда.Сондай-ақ, ҚР АШМ-ының 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-03/158 бұйрығымен заңсыз өндірілген ақбөкен үшін зиянды өтеу мөлшері ұлғайтылды. 2023 жылы ол қосымша коэффициенттерді ескере отырып, 500 айлық есептік көрсеткішті немесе 7 миллион  762 мың 500 теңгені құрайды.

2002 жылдан бастап ақбөкен халықаралық табиғатты қорғау одағының тізіміне жан-жануарлардың өте ауыр түрі ретінде кірді, өйткені, ол табиғи немесе антропогендік факторлардың әсерінен тіршілік ету ортасының қолайсыз жағына өзгеруімен оңай жойылып кетуі мүмкін.

Жалпы, өңіріміздегі ақбөкендердің саны тұрақты емес, өйткені, олардың табындары үздіксіз қозғалыста болады. Ақбөкендер жайылымдарды өте үнемді пайдаланады, үздіксіз көшіп-қонып жүреді, тіпті жайылым кезінде де үнемі қозғалып, өсімдіктердің бір бөлігін ғана жұлып жейді.

Алайда, жеріміздің көбі қазір ауыл шаруашылығы саласына пайдаланылатындықтан,ақбөкендер жазғы және күзгі жайылымдарының көп бөлігінен айырылды. Осыған байланысты соңғы жылдары олардың уақытша егіс алқаптарына кіру жағдайлары байқалды, өйткені, бұл алқаптар бұрын жыртылғанға дейін олардың жазғы жайылымдары болған. Жалпы, ақбөкендер дәнді дақылдармен салыстырмалы түрде сирек қоректенеді, негізінен, олар сол арқылы соқпақтар салады және арамшөптерді жейді.

Ақмола облыстық аумақтық инспекциясы жануарлардың мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, көші-қон жолдары мен шоғырлану орындарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Атбасар, Астрахан, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын, Целиноград аудандарының әкімдеріне жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарына жерді, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру кезінде осындай әрекеттерді біздіңинспекциямен келісіп шешу жөнінде қатынас хат жолдады. Оған қоса, Атбасар қаласында және Егіндікөл ауылында 2023 жылғы 28-29 наурызда Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшылығы,«Охотзоопром ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалы және Атбасар, Жақсы және Егіндікөл аудандары әкімдіктері өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен шағын кеңестер өткізілді. Кеңесте ақбөкендердің ауылшаруашылығы жерлеріне келтірген залалын азайтуға бағытталған шаралар талқыланып, осыны неғұрлым болдырмаудың жолдары қарастырылды. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кеңесті ұйымдастырушылар арасындағы нәтижелі диалогтың арқасында ақбөкендердің ауыл шаруашылығы алқаптарын ысырап етуін азайту жөнінде нақты ұсыныстар ұсынылды, олар хаттамаға енгізіліп, уәкілетті органға жолданды.

Осы ретте, ақбөкен мен оның дериваттарын (мүйіздерін қоса алғанда) заңсыз өндіру, жою және өткізумен айналысатындар заң жүзінде жауапкершілікке тартылатынын, яғни, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға жазаланатынын атап өткен жөн. Егер қылмыс бірнеше рет жасалса және бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда немесе үлкен зиян келтірумен жүзеге асырылса, кінәлілер айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға лауазымды қызметке орналасу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылу сияқты жаза түрлерімен жазалануы мүмкін. Топтасып немесе аса ірі залал келтіре отырып қылмыс жасау 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға лауазымды қызмет атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасына әкеліп соқтырады.

Осылайша еліміздің бірегей генофондын құрайтын ақбөкендерді сақтау және молайту бүкіл қазақстандықтар үшін ортақ, маңызды міндет болып табылады және олар жайылатын жайылымдық жерлерді жоюға, яғни, ақбөкендердің мекендейтін жерлері мен көші-қон жолдарындағы жайылымдарды жыртуға және ауыл шаруашылығы айналымына тартуға жол бермеу осы тұрғыдағы басты шарттардың біріне жатады. Қазіргі уақытта, 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында елімізде, соның ішінде біздің аймақта «Ақбөкен» кең ауқымды көктемгі науқаны өткізілуде. Оның мақсаты – ақбөкендердің популяциясын сақтау, браконьерліктің алдын алу, қонысын жайлы ету. Осының бәрін ескере келгенде, ақбөкендей ұлы даланың  байырғы мекендеушілерін дұрыс қорғап, сақтаймыз деген сенім бар.

Лашынтай ДҮЙСЕНОВ,
Ақмола облыстық орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар