Көп тіл білгеннің артықтығы жоқ

«Достар»мәдениет сарайында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен қазақ,орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы өтті. 

Іс-шараға студент жастар, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.«Тіл шебері» байқауы Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың аясында жыл сайын ұйымдыстырылады. Оның басты мақсаты мемлекетік тіл саясатын қолдау, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау, сондай-ақ, тіл мәдениетін көтеру болып табылады. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Кәрімова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

–Тіл – халықтың ең басты қазынасы. Кез келген ұлттық тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Құрметке лайықсыз тіл жоқ. Ал, бүгінгі жаһандану заманында тілдерді меңгеру негізгі адамға ғана емес, қоғамның дамуына да пайдалы. Мысалы, біздің облыс тұрғындарының 77 пайызы қазақ тілін, 14 пайызы ағылшын, 83 пайызы орыс тілін және 8 пайызы үш тілді меңгерген. Біздің елімізде қазақ, ағылшын, орыс тілдерді білетін қабілетті жастардың көбейіп бара жатқандығы қуантады. Президент ұлттық мереке – Республика күнінің қарсаңында жастар көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті де білікті маман болады деп айтқан еді.  Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы қазақ, ағылшын және орыс тілдерін жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» облыстық байқауын жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұл байқау қазақстандықтардың патриоттылығын және қоғамдық ұстанымын, мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Бүгінгі қатысушылардың үлкен белестерді бағындырып, жоғары білім  деңгейін көрсетулеріне тілектеспін, −деді ол.

Биыл Көкшетау қаласындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан, Қосшы, Степногорск қалаларынан, Ерейментау, Жарқайың, Атбасар, Целиноград, Қорғалжын аудандарынан байқауға қатысуға барлығы 13 үміткер өтініш білдірді.

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Елтаным» кезеңінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, негізгі атаулы даталар, қазақ жері және оның аймақтары бойынша берілген тақырыптар аясында үш тілде жауап берсе,  «Сөзтаным» кезеңінде қазақ тілінде берілген мәтінді оқып, орыс және ағылшын тілдеріне аударды. Үшінші «Ойтаным» кезеңінде қазақ тілін насихаттайтын бейнебаяндар ұсынды.

Қазылар алқасына Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тәжірибелі оқытушылары төрелік етті.Олар қатысушылардың үш тілді меңгеру деңгейін, дыбыстардың дұрыс айтылуын, жауаптың мазмұны мен толықтығын, үміткерлердің өзін-өзі ұстауын және берілген уақытты дұрыс пайдалануын бағалады.

−Бұл жыл сайын  ұйымдастырылатын дәстүрлі байқау.  Қатысушылар қазақ тілін құрметтеп, онымен бірге, басқа тілдерді де меңгергендігін көрсетіп отыр. Жалпы, Қазақстан жерінде ана тіліміздің мәртебесі әртүрлі екендігін барлығымыз білеміз. Дегенмен, елімізде мемлекеттік тілге деген құрмет жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты бүгінгі байқауға қатысушылар тілдің өркендеуіне өздерінше атсалысып, үлестерін қосуда. Мұндай байқаулардың тілді меңгерген жастарға пайдасы зор, өйткені, олардың бәсекеге қабілеттілігі арта түседі,−деді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетініңқауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының докторы, қазылар алқасының төрағасы Қасиет Мәлғаждаров.

Мемлекеттік тіл қазақ тілінің өз тарихи Отанында мәңгі жасауына үлес қосу әрбір азаматтың борышы. Алдымен, өз тіліңді біл, сосын өзге тілді құрметте.

−Мұндай іс-шаралар біздің тіл үйренуге құштарлығымызды арттырады. Осындай конкурстарды жыл сайын өткізу қажетдеп санаймын, −дейді бұл ретте,Көкшетау қаласының №1 орта мектеп-гимназиясының оқытушысы Нилуфа Ажрасланова.

Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оған қоса, барлық қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етілді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар