Біздің веб-сайт жұмысты жақсарту және жарнамаларды көрсету үшін cookie файлдарын пайдаланады (бар болса). Біздің веб-сайтта Google AdSense, Google Analytics, Youtube сияқты үшінші тараптардың cookie файлдары болуы мүмкін. Веб-сайтты пайдалану арқылы сіз cookie файлдарын пайдалануға келісесіз. Біз Құпиялылық саясатымызды жаңарттық. Біздің Құпиялылық саясатымызды тексеру үшін түймені басыңыз.

Өнер  жұлдызы жанған күн

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Көкшетау» мәдениет сарайында Абылай ханның 310 жылдығы, Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығы, Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналып ұйымдастырылған «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен қорытынды гала-концертіне қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, өңір өнерпаздарына жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, байқаудың жүлдегерлері мен жеңімпаздарына ұйымдастыру алқасының дипломдары мен ақшалай сертификаттарын, ал, үш аталым бойынша үздік атанған өнер ұжымдарына  «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің кілттерін табыс етті. Гала-концертке  Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов, өңірдің өнер және мәдениет саласының ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өнер сүйер жұртшылық қатысты.

– Бұл байқау өңіріміздегі ауқымды мәдени жоба. Мәдениет өміріміздің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Өркениетті ұлт  – ең алдымен тарихымен, әлемдік өнерге қосқан өзіндік үлесімен танылып бағаланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел идеологиясын жаңғыртуда мәдениет қызметкерлерінің орны айрықша деп атап көрсетті. Қазіргі таңда Қазақстанның мәдениетін дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ақмола өңірі асыл өнердің алтын бесігі, дарынды тұлғалар мекені, – деп атап өтті өңір басшысы гала концертте сөйлеген құттықтау сөзінде.

«Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауы 24 жылдан бері өткізіліп келе жатқан мәдениет саласындағы өңірлік ең ірі әрі ең ауқымды жоба болып табылады. Өңір мәдениетін дамыту мақсатында Ақмола облысында бұдан басқа да ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Бір ғана мысал, соңғы бес жылдың ішінде 90-ға жуық мәдениет нысаны жөндеуден өткізіліп,  бұл мақсатқа 7 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Сонымен қатар, республикалық «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында соңғы үш жылда бес аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ағымдағы жылы жаңадан 8 мәдени нысанды пайдалануға беру жоспарланып, бұл мақсатқа 4 миллиардқа жуық қаражат қарастырылып отыр. Щучинск қаласында 400 орынға лайықталған мәдениет сарайының құрылысы жүріп жатыр. Аршалының «Жібек жолы» ауылында мәдени-демалыс орталығын, Есіл мен Сандықтау аудандарында жастар мәдени-демалыс орталықтарын пайдалануға беру жоспарда бар.  Жалпы өңірімізде облыс әкімінің қолдауымен мәдениет саласына зор көңіл бөлініп келеді.

Биылғы жылдың басында өткен жылдың қорытындысы бойынша осы тектес тағы біргала-концерт өткізілген болатын. Ал, күні кеше ағымдағы жылға орайластырылып өткен көркемөнерпаздар байқауының гала концерті өтті. Екі байқау да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жалпы, мұндай байқау ел ішінде үлкен сахнаға жарқ етіп шыққысы келіп жүрген өнерпаздарға үлкен мүмкіндік. Себебі, шалғай ауыл-аймақты, елді мекенді аралап, ел ішіндегі өнерпаздарды қолдап, оларды жетелеп, үлкен өнер додасына қосу осы байқаудың басты шарты һәм мақсаты болып табылады.  Аталмыш өнер додасы арқылы қаншама талантты жандар өз ортасын тауып жатыр. Кешегі өткен байқауда соның бір дәлеліндей.

Жыл сайын байқауды қаржыландыруға жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Мәселен, тәуелсіздік жылдары байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер өнер ұйымдарына барлығы 25 жеңіл автокөлік, 7 шағын автобус табыс етілді. Байқауға дайындық шеңберінде жергілікті жерлерде музыкалық жабдықтар, аспаптар, LED-экрандар, сахналық костюмдер сатып алынып, мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтыла түсті. Аудандық және қалалық әкімдіктер тарапынан бұл өнер байқауына зор көңіл бөлінеді. Демеушілер мен меценаттар фестиваль концерттерін дайындауға және өткізуге үлкен көмек көрсетіп отыр.Жыл сайын бастапқы іріктеу турларына қатысушылар саны да артып келеді. 2021 жылы байқаудың бірінші іріктеу кезеңіне 23175 адам қатысса, 2022 жылы 189 ауылдық округ пен облыстың үш қаласынан 50242 адам қатысты. Аудандық гала-концерттерде вокалдық, хореографиялық, аспаптық, поэтикалық және театрлық жанрлар, сондай-ақ, аймақтардың сәндік-қолданбалы өнері кеңінен ұсынылды. Биылғы халық шығармашылығы байқауына 276 ауылдық округ пен үш қаладан 66 мыңнан астам өнерпаз қатысты. Аудандық гала концерттерге 16 мыңнан астам өнерпаз, оның ішінде 150 ауылдық округтен 7123 адам қатысты. Гала концертте вокалдық хореографиялық, аспаптық, поэтикалық және театрлық жанрлар, сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнер түрлері көрсетілді. Атап айтсақ, олардың арасында сүйектен және ағаштан көркем ою, металды көркем өңдеу, авторлық қуыршақтар, былғары өңдеу, патч техникасы, әйнекті көркем өңдеу, зергерлік өнер, этникалық зергерлік өнер, авторлық этникалық киім тоқу, кесте тігу, кескіндеме, акварель, макет жасау, жұмыс техникасы бар. Қолөнершілердің бұйымдары дәстүрлі ұлттық қолданбалы өнер түрлері мен жаңа заманауи материалдардың қызықты үйлесімімен ерекшеленді.

Байқаудың қорытынды гала концерті Абылай хан алаңынан бастау алды. Алаңнан бастау алған думан «Көкшетау» мәдениет сарайына дейін әуелеген әсем, театрландырылған көрініспен әспеттеліп, ақмолалықтарды шаттықтың шұғылалы шуағына, қуаныштың құшағына бөледі.

Гала-концерттің шымылдығы Көкшетау және Зеренді аудандарының бірлескен қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауындағы күмбірлі күймен ашылды. Дирижері – Жанат Рашид. Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» тамылжыта орындаған целиноградтық ГауҺар Натиеваның  сыңғырлы дауысы әнсүйер қауымды  тәнті етті. Қазақтың ән мұрасын шашау шығармай, сол саф күйінде кейінгіге жеткізіп жүрген дәстүрлі әншілер де көңілді бір серпілтіп тастады. Күй тартыс десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма?! Шабытын күй атаның шарықтатқан орындаушылар арқасы қозып, желпіне түсіп, өз шеберліктерін ортаға салды. Домбыраны біресе иыққа қойып, енді бірде арқаға айналдырып, секіртіп, қағытып, не түрлі тартысқа салса да бірін-бірі іліп алып, сан түрлі қағыспен, сан түрлі машықпен күй өнерінің құдіретін сезіндіре түсті. Біресе ойнатып, біресе күрсіндіріп, енді бірде серпілте білді. Биылғы байқау барысында  Парасат Отан (Қосшы қаласы), «Ерке-наз» жетігенде ойнайтын қыздар тобы (Целиноград ауданы), көкшетаулық «Шаттық»  фольклорлық ансамблі және тағы басқа талантты орындаушылардың өнерлеріне өнерсүйер қауым тәнті болды.

Байқау жеңімпазсыз болмайды. Биылғы өнер додасында да ақ боз атының маңдайы жарқырап, мәреге бірінші болып жетіп, жеңімпаз атанғандардың мерейі үстем болды. Әдеттегідей, байқау үш аталым бойынша сарапқа салынды.

Орталықтары кенттер, ауылдар болып табылатын аудандар арасында Бас жүлде – «Chevrolet Cobalt» автокөлігімен Целиноград ауданы  марапатталды.

Осы аталым бойынша 1-ші дәрежелі дипломмен Қорғалжын ауданының өнерпаздары  марапатталып, 3 миллион теңгенің ақшалай сертификатына ие болды. Екінші  дәрежелі дипломға Зеренді ауданы ие болып, 2 миллион  теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі үшінші  дәрежелі дипломға Аршалы және Сандықтау аудандары ие болып, 1 миллион ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Орталықтары қалалар болып табылатын аудандар арасында
Бас жүлде Ерейментау ауданына бұйырды. Бас жүлде иегерлеріне «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің кілті табыс етілді. Осы аталым бойынша 1-ші дәрежелі диплом Бурабай ауданына (ақшалай сертификат  – 3 миллион теңге). 2-ші дәрежелі диплом Атбасар ауданына (ақшалай сыйлық – 2 миллион теңге). 3-ші  дәрежелі диплом Ақкөл және Бұланды аудандарына (ақшалай сертификат – 1 миллион теңге) табыс етілді.

Ал, «Облыстық маңызы бар қалалар» аталымында бас жүлде Қосшы қаласының көркемөнерпаздар ұжымына бұйырып, «Chevrolet Сobalt» автокөлігін  иеленді. 1-ші дәрежелі диплом мен 2 миллион  теңге сомасындағы сертификатымен екі қала, яғни, Көкшетау қаласы мен Степногорск қаласы марапатталды. Сондай-ақ, мәдениет саласына еңбегі сіңген сала қызметкерлері мен ардагерлері «Еңбек ардагері» медалі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен  марапатталды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар