Отбасы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен мейірімнің, жарасымды ғұмырдың таусылмас мереке мен бірліктің мекені. Тылсым дүние есігін ашқан сәттен-ақ, өмірдің өкпек желін сездірмей, аялы алақан мен мейірімді жүректің шуағына бөлейтін де осы жер.
Осында қанатымыз қатайып, буынымыз бекиді. Ата-анамыздың қамқорлығы мен тәрбиесінің арқасында өмірдің қатал заңына қарсы тұрудың да қыр-сырын меңгереміз. Отбасының тыныштығы мен жарасымы алдағы өміріміздің көрсеткіші іспеттес.
Өкініштісі, өмірде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Қазақ ежелден «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» халық. Көңілге демеу болары, соңғы жылдары өңірімізде жетімдер үйінің саны азайған. Тағдыр салқындық танытқан балаларды мейірімге бөлеймін, ата-анасы боламын, қамқорлыққа аламын дейтін жандардың қатары арта түсті.
Қазіргі уақытта облысымызда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1395 бала тұрады, олардың ішінде 1205 бала Қазақстан азаматтарының отбасыларында қамқорлықта. Ал, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда 190 бала тәрбиеленіп жатыр.
Тәрбиеленушілерді отбасыларға беруге бағытталған жұмысты жүргізу нәтижесінде 2014 жылдан бастап облыста жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелер қысқарды. Атап айтқанда, 2014 жылы Жолымбеттегі, 2016 жылы Степногорск, 2017 жылы Есіл, 2018 жылы Сандықтау, 2020 жылы Көкшетау қаласындағы орталықтар жабылды. Сондай-ақ, 2022 жылы интернаттық мекемелерді трансформациялау бойынша эксперименттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде Ақкөл балалар үйі өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы болып қайта құрылды.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін мекемелерді қысқарту жөніндегі бірлескен жұмысымыздың жалғасы болатын кәсіби қабылдау (фостер) отбасыларының пилоттық жобасын Ақмола облысы бірінші болып енгізді.Бұл бастама облыс бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мемлекеттік интернаттық мекемелерді тарату жөніндегі жұмыстың жалғасы болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткеніндей, балалардың әл-ауқаты еліміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз.Әрбір баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын іске асыру мәселесі облыстың мемлекеттік органдарының ерекше бақылауында тұр.
Осы бағытта өңірімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар бар. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен Ақмола облысының әкімдігі арасында «Ана үйі»қоғамлық қоры осы пилоттық жобаны іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерді қысқарту бойынша бірлескен жұмысымыздың жалғасы болып табылады.
Кәсіби патронаттық отбасы (фостер отбасы) — объективті себептерге байланысты баланы қамқоршылыққа алып, патронатқа орналастыру немесе асырап алуға беру мүмкін болмаған жағдайларда қолданылатын отбасына орналастырудың балама түрі. Бұл қиын өмірлік жағдайға тап болған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы тәрбиелеуге мемлекет келісім-шарт жасайтын кәсіби жалдамалы отбасы.
Осы пилотты жобаны іске асыру аясында кәсіби патронаттық отбасы үшін отбасылық тәрбие дегеніміз, бұл кәдімгі мамандық. Ол үшін үміткер отбасылар арнайы дайындықтан өтіп, педагогика мен психология бойынша базалық білім алады. Пилоттық жоба аясында отбасылар мен балалар кәсіби, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық көмек қызметтерін алады. Барлық қызметтер тегін ұсынылады. Бүгінгі таңда барлық отбасылар патронаттық ата-аналар мектебінің курстарынан өтті. Жеті отбасы психологиялық диагностикадан өтті, ендігі орайда барлық мүдделі тараптармен жобаны енгізу бойынша одан әрі жұмыс кеңесін өткізу жоспарланып отыр.
Қолданыстағы заңнама шеңберінде жергілікті бюджеттен ақшалай қаражат толық көлемде бөлінді. Баланы асырап-бағуға 20 айлық есептік көрсеткіш және асырап алушы екі кәсіби ата-ананың жалақысы 64 629 теңгеден бөлінетін болады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың сәуір айында алмастырушы отбасының кәсіби институтын (фостерлік) енгізудің тәжірибесін зерделеу мақсатында Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының директоры Б.Қазбекова қазақстандық делегация құрамында Чех Республикасына барып, өзара тәжірибе алмасты.
Айнаш СЕРҒАЛИҚЫЗЫ,
Ақмола облыстық білім басқармасының қамқоршылық,
қорғаншылық және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы.