Тұрғын үй және жол құрылысына бөлінген қаржы толық игерілсін

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген әкімдік аппаратының кезекті отырысында автокөлік жолдарының құрылысы бойынша өңірде іске асырылып жатқан жобалардың жай-жапсары талқыланып, пысықталды.

Күн тәртібі аясында қарастырылған осы мәселе бойынша облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Валерий Кулаков баяндама жасады.

–Өңірде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу, Астана қаласына іргелес елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, шеткі аймақтарды, моноқалаларды дамыту, «Ауыл – ел бесігі» секілді бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. Биыл облыстық маңызы бар автокөлік жолдары мен көшелік-жол желілерінің құрылысына 74 миллиард теңге қарастырылды. Оның 31,5 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді. Бұл қаржыға 296 жоба жүзеге асырылып, 1 мың шақырым жол жөнделеді деп жоспарланған. Бүгінде олардың 187-сі, яғни 70 пайызы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, –дей келе, басқарма басшысы Бурабай, Есіл, Жақсы, Зеренді және Целиноград аудандарының әкімдіктері тарапынан жұмыс әлсіз жүргізіліп жатқандығын алға тартып, осыған байланысты жұмысты жеделдету жөнінде ескертті.   

Облыстың жолдарына құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы жүргізу үшін жол активтері сапасы ұлттық орталығынан 160 миллион теңге бөлініпті. Осы ретте аудан әкімдеріне орталықпен келісім-шарт жасау тапсырылған екен, алайда, Бұланды, Егіндікөл және Сандықтау аудандары әлі күнге дейін орталықпен шарт жасамаған. Сол себепті бұл өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы бақылаусыз қалмақшы. Бақылау болмаған соң, мұндай жұмыстардан сапалы нәтиже күту мүмкін емес. Сонымен бірге, «Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларының және аудандық маңызы бар жолдардың көше-жол желісін салуға және жөндеуге берілетін нысаналы трансферттер» бойынша облыстық бюджеттен ұзындығы 370 шақырымды құрайтын 172 жобаны іске асыруға 16,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Облыс әкімі аудандар мен қала әкімдеріне жол құрылысы жұмыстарына республикадан болсын, жергілікті бюджеттен болсын қажетті қаражат барынша бөлініп отырғанын, сондықтан, кешеуілдеп жатқан жобаларды тездетіп, осы қаржыны тиісінше толық әрі уақытылы игеруді тапсырды.

Бұдан соң «Қазавтожол» НК» акционерлік қоғамының директоры К.Шайминнің баяндамасы тыңдалып, жыл бойына жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша іске асырылып жатқан жобалар мен сол бағдарламаларға бөлінетін жыл сайынғы бюджет мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ, аппарат отырысында Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Арман Ризанов баяндама жасап, биылғы жылы облыста жүргізіліп жатқан құрылыс белсенділігі 48 пайызға дейін төмендегенін айтты. Былтыр салыстырмалы кезеңде 527 құрылыстың басталғаны хабарланса, биыл небары 273 нысан қолға алыныпты. Ағымдағы жылғы 5 айда 212 нысанды пайдалануға беру тіркелген, оның 2-еуі мемлекеттік көп қабатты тұрғын үй болса, 19-ы жеке меншік тұрғын үй. Былтыр бұл көрсеткіш 235-ті, ал, көпқабатты тұрғын үйлер саны 26-ны құраған. Осыдан көріне түскеніндей, көппәтерлі тұрғын үйлер салу қарқыны биыл 54 пайызға қысқарған. Басқарма биыл 55 құрылыс субъектісі бойынша жоспарсыз тексеріс жүргізіпті, нәтижесінде 93 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, 22 миллион теңгеге айыппұл салған. 8 мердігерлік ұйым құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу кезінде және 2 жеке тұлға техникалық бақылау кезінде жіберген заң бұзушылықтар үшін, сонымен бірге, 29 құрылыс субъектісі жоба мен рұқсат құжаттары болмағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Мәселен, Жақсы ауылында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылыс технологиясы дұрыс жүргізілмегендіктен, бір қабырғасы құлаған, Егіндікөл ауылындағы резервуар мен су мұнарасына жүргізілген күрделі жөндеу де тексеріс кезінде бұзушылықтармен орындалыпты, қазір оны пайдалануға берсе, апатты жағдай орын алуы мүмкін. Бурабай, Ерейментау, Аршалы және Қорғалжын аудандарында осындай ұқсас жағдайларға жол берген мердігерлер де әкімшілік жауапқа тартылыпты.

Отырыс соңында облыс әкімі аудандар мен қала басшыларына құрылыс саласындағы олқылықтар мен заңсыздықтарды жою, қолға алынған жобаларды дер уақытында аяқтау және бөлінген қаржыны тиімді игеруді тапсырып, салалық мекемелерден өңірдегі өрт қауіпсіздігінің, жол апаттарының алдын алу шараларының жайын сұрап білді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар