Орманымызды өрт ойсыратпасын десек…

Ақмола, Көкше өңірлерінде биыл күн ыстық. Көнекөз қариялар соңғы қырық жылдың бедерінде дәл мұндай аптап болған емес дейді.

Өрт қаупі күшейген кезеңнен бері өңірде 31 орман өрті болды. 18 мәрте даладағы қау шөп өртеніп, қауіп тудырды.

Қауіп-қатер алғашқы қар түскенше сейілмейтіндігі белгілі. Еліміздің әр аймағындағы орман өрті, әсіресе, Абай облысындағы адам жанын түршіктіретін алапат жағдай баршаға сабақ болуға тиісті. Етек-жеңімізді жинап, бұл тараптағы бар шаруаны  тас-тұйнақтай етпесек, тамылжыған  тамаша табиғаттың ай-нұрына жазылмастай кіреуке түсері сөзсіз. Көрікті Көкше өңіріндегі мәйекті жер – «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Аталмыш парк 1996 жылдың 10 сәуірінде Үкіметтің Қаулысымен құрылған болатын.

Жалпы аумағы 182076 гектар. Ақмола облысының Зеренді мен Солтүстік Қазақстан облысының Имантау, Шалқар тәрізді ажарлы өңірлерін алып жатыр. Бұл жерлер мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдарымен ғана емес, Алаштың айтулы перзенттерінің ақ бесігі болған, арыдағы көне тарихтың құнды құпиясы қойнауына бөккен сыршылдығымен де қымбат. Тікелей тақырыпқа қатысы болмаса да ұлттық парктің ішінде көне тарихтың кебежесін ашып, тылсымға тартар, тұңғиыққа енгізер тарихи соқпақтардың саналуан екендігін сыналап айта кетсек, жалпы осы өңірдің көркемдігіне өзгеше мазмұн үстейтіндігі даусыз.

Өрт қаупінің алдын алу бағытында ұлттық парк басшылығы көңілге қонымды бірқыдыру шаруаны қолға алғандығы байқалады. Кірпік қақпай күзету, материалдық-техникалық базаны нығайту өз алдына, ең алдымен табиғат пайдаланушыларды тәртіпке шақырып, баға жетпес байлығымызды бүлдірмей, келер ұрпаққа мұра етуге алдымен өзіміз жауапты екендігімізді жұрттың жетесіне жеткізсек деп талпынған. Табиғатты қорғау тақырыбында парақшалар таратылған.

Жай ғана парақшалар емес, ел байлығын тиімді пайдаланып, туған үйіңмен теңдес табиғатты қадірлей білу, қорғай білу бағытында саналы жанның жетесіне жететіндей әңгіме өрбіткен. Бір керегі де осы. Бұқаралық ақпарат құралдарында 13 мақала жариялапты. Әрқилы ұйымдар мен өңірдегі оқу орындарында 83 мәрте дәріс оқып, табиғат тақырыбында пікір алмасқан. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына ережені қатаң сақтау туралы жүздеген ұсыныстар жолданған. Барлық филиалдарында тұрақты радиобайланыс орнатылған. 30 тонна жанар-жағар майын жеткізіп алған. Орманды алқаптарда қауіп-қатер төне қалса, өрттің ошақ көзі жайылып кетпеуі үшін минералды жолақтар тартылған. Жылдық жоспарлары 11190 шақырым болса, күні бүгінге дейін 2544 шақырым жер қамтылған.

Ұлттық парк аумағында кез-келген қауіп-қатерді қас-қағым сәтте анықтап, алдын алу үшін 10 өрт мұнарасы орнатылған. Бес бірдей өрт сөндіру станциясы бар, 11 өрт сөндіру автомашинасы сақадай сай. Сондай-ақ, аспалы жабдықтары бар 27 трактор, 16 патрульдік машина, өзге де құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы атқарылған бар шаруаны тиянақты тексерген кезде ұлттық парктің өрт қаупіне дайындық деңгейі 8,6 баллды құрап отыр. Әрине, апат айтып  келмейді, үстіміздегі жылдың 12 маусым күні жалпы аумағы 0,1 гектар жерде от ұшқыны анықталып, лезде жойылды. Әзірге, қауіп найзағайдан болды деген жорамал айтылуда. Ұлттық парктің әрбір филиалында қажет бола қалған кезде автоцистерналарды сумен толтыратын су айдындары бар.

Облыста 230 техника, 3 өрт сөндіру станциясы, 32 мотопомпа дайын тұр. Өртке қарсы күресуге жергілікті полиция қызметтері мен орман инспекциясы қызметкерлерінен 56 жедел топ құрылған. Қаншалықты жұмыс жүргізілгенімен, табиғатқа  тағылық мінез көрсету тыйылмай тұрғандығын да өкінішпен айта кетуге болады. Ұлттық парктің инспекторлары табиғат пайдаланушылардың өрт қаупі ережелерін бұзғаны үшін 14 мәрте әкімшілік хаттама толтырған.  Дер кезінде анықталып, алдын алмаса, парк қызметкерлері ширақтық танытпаса, жауһар табиғаттың ағзасына қаншама жара түсер еді. Сондай-ақ, орман ішіне қоқыс төгу оқиғасы аз да болсын кездесіп қалады.

Алдағы уақытта ұлттық парк орман және дала өрттерін дер кезінде анықтау үшін республикалық бюджет есебінен жалпы көлемі 1 миллиард теңгеге арнайы құрылғы сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, су таратқыштар мен бүріккіштер, тырма тәрізді құрал-жабдық алу да көзделген. Ағымдағы жылы парк 36,3 гектар алқапқа көшет отырғызыпты. Бұл да табиғатқа келген зиянның орнын толтырып, келешектің көкжиегін нұрландыру үшін атқарылып жатқан игі шаруа.

Тамылжыған табиғат табиғи парктің аясында ғана емес, көркем келбеті көз сүйсіндіретін Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы сайын дала сұлулыққа малынып тұр. Шырайлы өлкенің шырқы кетпеуі үшін осы бір қауіпті кезеңді мінсіз өткізу міндеті жүктелген.

–Өрт қаупі басталғалы оқыс оқиға жиіледі, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев, – өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 26 пайызға жоғары. Негізгі себептерін талдайтын болсақ, ең алдымен халықтың жалпыға ортақ ережені сақтай бермейтіндігі байқалады. Мәселен, 15 мәрте дәл осындай жағдайда өрт шыққан. Табиғаттың әсері бар екендігін айта кетуіміз керек. Бес рет найзағайдың түсуінен оқыс оқиға орын алды. Орман өрті әсіресе, Зеренді, Аршалы аудандарында көбірек.  Табиғи өрттің пайда болу қаупін азайтып, мейлінше сейілту үшін қыруар шара қабылданып жатқанымен, әлі де өзекті мәселе аз емес. Ең бастысы, облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінде қажетті өрт сөндіру техникалары жетіспейді. Қолда барының 60 пайызы әбден ескірген. Орман қорын жалға алушылардың да бұл тараптағы жұмысын ширата түсу керек. «Бұқпа», «Барап» орман шаруашылықтарында және республикалық «Орман» селекциялық орталығында өртке қарсы күрес станциялары жоқ.

Бүгінгі күні тиісті нормаға сәйкес өрт сөндіру машиналарының көлемі мемлекеттік орман қорының жалпы ауқымын басты негізге ала отырып есептеледі.  Егер барлық материалдық-техникалық база сақадай сай болса, тұтанған өртті дер кезінде тұмшалауға болар еді. Мамандардың байыптауына қарағанда, орман шаруашылықтарындағы жалғыз өрт машинасының қауқары жетімсіз. Кемінде екі машинадан болғаны жөн. Сонда ғана алапат өрттің ауқымын кеңейтпей, дер кезінде сөндіруге мүмкіндік болар еді. Бүгінгі таңда орман ішінен көзге көрінер-көрінбес болып сыздықтап шығатын түтінді бірден анықтауға әбден мүмкіндік бар. Ол үшін жоғары бірліктегі камералар мен бейнебақылау жүйесін орнату.

Бұл жүйе «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында қолданылуда. Өткен жылы бірер мәрте жаңа жүйенің жақсылығы көрінді. Алдағы уақытта дәл осындай заманауи құрылғыны «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне орнату жоспарлануда. Қалған аумақта мұндай құрылғының жоқтығынан оқыс оқиғаны дер кезінде анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Таяуда Зеренді ауданындағы Молодежный елді мекенінің маңайында қау шөп өртеніп, жалын орманды алқапты шарпыды. Алты гектарға жуық ағаш күйіп кетті. Өрт сөндіруге 28 техника, екі жүзден астам адам жұмылдырылды. Қазіргі күні өрттің себептері анықталуда. Степногорск қаласының іргесіндегі Қарабұлақ ауылында да мамыр айының соңында екі гектар алқап өртке шалынды. Міне, осындай оқыс оқиғалар орын алып отыр.

Қауіп-қатердің ошағы және біздіңше ең негізгісі, өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жыл сайын алқаптарын тазартып, ескі сабан мен қау шөпті өртеу кезінде туындайды. Қанша сөндірдік дегенімен, қоламтаның желмен қайта тұтануы мүмкін. Сондықтан, бұл орайдағы ереже мықтап ескерілуі керек. Қауіпті кезең осыдан екі ай бұрын басталғанымен, минералды жолақтарды жаңарту жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған.

–Орман-тоғайдың аумағында қау шөпті жағу тарапында әлі де бірқатар мәселе бар, – дейді одан әрі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев, – орман шаруашылығы комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес, қауіпті кезең басталысымен от жағуға тыйым салынады. Осы жағын мықтап ескеру қажет.

Үкіметтің Қаулысына сәйкес, «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тікұшақ қызметін көрсететін бірыңғай оператор. Ағымдағы жылдың өрт қаупі молайған маусымында облыстың жеті ауданындағы орман алқаптарын күзету, шолу жұмыстарын өткізуде. Бұл ретте, айта кететін бір жай  бір маусым ішінде су төгетін құрылғымен жабдықталған жалғыз-ақ авиапатруль бар, қалған авиа компаниялар тек бақылау жұмыстарын ғана атқара алады. Демек, алдағы уақытта жалғыз ұшып барлау ғана емес, оқыс  оқиға орын ала қалған жағдайда қажырлы қайрат көрсететін мүмкіндігі болуы керек шығар.

Тағы бір таратып айта кететін дүние, бір кезде орман мекемелері қызметкерлері қысқартылғандықтан, қолдың қысқа болып тұрғандығы да белгілі. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуына қарағанда, өртке жол берген кінәлілерді анықтау мен алдын алу жұмыстарын әлі де ширата түсу керек. Сонда ғана қызыл жалынның қасіретінен аман қаламыз.

Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы да қауіпті кезеңде қауырт жұмыс істеуде. Орман шаруашылығы мекемелерінің дайындығы 8,64 балды құрайды. Жыл басынан бері орман өртінің алдын алу бойынша бірқыдыру жұмыс жүргізілген. Аңдатпалар орнатылып, парақшалар таратылған. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына 178 ұйғарым жолданған. Қазір орман шаруашылығы мекемелерінде 130 тонна жанар-жағар май қоры бар. Қауіпті кезең басталғанға дейін 10 мың гектар алқап қау шөптен тазартылған. Жалпы ұзындығы 12510 шақырым минералданған  жолақтар жобаға келтірілген. 2021 жылы 290 миллион теңгеге 23 техника сатып алыпты. Ал, өткен жылы 22 бірлік техника алынған. Әйтсе де материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту қажет.

–Қазіргі уақытта бюджеттік өтінімдер жолданды, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров, – жалпы құны 1,1 миллиард теңгеге 4 өрт сөндіру машинасын, 13 патрульдік кешенді және 13 патрульдік машина сатып алуды жоспарлап отырмыз.

Қалай болған күнде де тамаша табиғаттың мол байлығының бір талын шашау шығармай күзеткен абзал. Бұл  бүгінгі береке бөккен байлық қана емес, келер ұрпақтың қажетіне жарайтын ертеңгі күннің де еншісіндегі сыбаға.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар