Ауызсу сапасы мен жайылым тапшылығы өзекті күйінде қалуда

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және мал жайылымының тапшылығы мәселелерін шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар пысықталып, бірқатар аудан басшыларына осы бағыттағы іс-қимылды ширату тапсырылды.

 Мәжіліске Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекенов пен Талғат Жүнісов, облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов, департаменттер мен басқармалардың басшылары және аудан-қала әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев баяндама жасады. Сапалы ауызсумен қамту жайы облыс тұрғындарының жиі қозғайтын мәселесі. Облыста бұл тұрғыда жыл сайын түрлі жобалар қолға алынып, біртіндеп елді мекендерге ауыз су жеткізіліп жатыр. Биыл жыл соңына дейін сапалы ауыз сумен қала халқын 97 пайыз, елдімекендерді 95 пайызға қамту көзделіп отыр. Бірақ, кейбір аудандардағы қолға алынған жобалар бойынша жауапты мекемелердің дер кезінде конкурс өткізбеуі немесе жобалық-сметалық құжаттарды уақытылы әзірлемеуі салдарынан бірқатар жұмыстар жыл соңына дейін көздеген межеге жетпейтін түрі бар. Былтырдың өзінде осы мақсаттағы жобалар Бурабай, Ерейментау, Аршалы, Целиноград, Атбасар және Есіл аудандарында жыл аяқталғанша толық іске асырылмай, республикалық бюджеттен бөлінген 2 миллиард теңге қаржы игерілмей қалған екен. Биыл да осы жағдай қайталанатын қаупі бар.

–Былтыр жоспарланған 19 жоба жүзеге асырылмай қалды. Биылғы жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 45 жобаны аяқтап, 15 кешенді блок-модуль орнатуымыз қажет. Бүгінгі күні 8 жоба бойынша техникалық қадағалауды анықтауға конкурстық рәсімдер өткізілмеген. Мәселен, Бұланды ауданында 3, Атбасар мен Астрахан аудандарында 2 және Бурабайда 1 жоба сол кепті құшты. Сонымен бірге, Жарқайың, Бұланды, Біржан сал, Есіл аудандарында қолға алынған 6 жоба бойынша жұмыс қарқыны белгіленген кестеден қалып қойып, жыл соңына дейін қаржыны игере алмау қаупі бар, –дей келе, жоғарыда аталған басқарма басшысы атап көрсетілген жобалар бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 6,7 миллиард теңгені міндетті түрде игеру қажеттігін айтты.

Облыс әкімі өз кезегінде аудан-қала басшыларына елдімекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жобаларды жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды күшейтіп, бөлінген қаржыны дер уақытында игеруді тағы бір мәрте қатаң еске салды. Олай болмаған жағдайда, жауапкершілік шаралары қолданатындығы ескертілді.

–Ел халқын сапалы ауызсумен қамту – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың баса көңіл бөліп отырған тапсырмаларының бірі әрі біздің тұрғындар алдындағы парызымыз. Сондықтан, елдімекендерді сумен қамтуға бөлінген мемлекет қаржысын дұрыс игеруіміз керек. Жыл соңына дейін осы жобаларға бөлінген қаржы игерілмей қалса, кері қайтарылып алынып, ол соманы облыстық қазынадан бөлуге тура келеді. Ал, облыста атқарылуға тиісті басқа да қаншама жұмыстар бар, –деді бұл орайда, Е.Маржықпаев.

Мәжілісте қарастырылған келесі мәселе – елді мекендердегі жайылым жерлер тапшылығы. Төрт түлік малымен күн көріп отырған ауыл халқы үшін жайылым тапшылығы өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде облыста бұл тапшылық 437,8 мың гектар аумақты құрап отыр. Өткен жылғы елдімекендердің шекараларын кеңейту және ол жерлерді селолық округтерге бекітіп беру жұмыстарының нәтижесінде алдыңғы жылғы жайылым тапшылығы 121 мың гектарға немесе 22 пайызға  қысқарған болатын.

–Бүгінде Жол картасы бойынша жергілікті әкімдіктер тиісті органдармен бірлесіп, елдімекендердің тұрғындарын 365,5 мың гектар жайылым жермен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар елдімекендердің шекараларын кеңейту, селолық округтерге жаңа жерлерді бекіту, мемлекеттік қажеттіліктер үшін пайдаланылмай бос жатқан жерлерді қайтару әрекеттері арқылы жүзеге асырылмақшы. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жайылым жерлер 237,8 мың гектарға кеңейтілді. Алайда, Бұланды, Целиноград, Шортанды аудандарында жайылым тапшылығын жою жұмыстары тиісті деңгейде қарастырылмаған, –деді өз сөзінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов.

Аймақ басшысы мәжілісті қорытындылай келе, жайылым жерлер тапшылығын жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды күшейту керектігін алға тартып, бұл жұмысты кейін тартып отырған аудан әкімдеріне ескертулер жасады, бірқатарын жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді. Аталған басқарма басшысының жұмысына да сын айтып,  ескерту жасады.

Мәжіліске қатысқан Сенат депутаттары да сөйлеген сөздерінде облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту және жайылым жерлер тапшылығын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға үн қосып, бүгінде елімізде орын алып отырған бұл өзекті мәселені шешуде Парламент қабырғасында да тиісті шаралар қабылданып жатқандығын айтып, осы мәселені шешуге облыстан сайланған халық қалаулылары ретінде белсене ат салысатындарын жеткізді.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек Данияров. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар