«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығында ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары –2023» өңірлік көрме-байқауының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, аймақ кәсіпкерлері шығаратын өнімдердің түрлерімен және сапасымен танысты, сондай-ақ, облыс экономикасы, халықтың әл-ауқаты үшін шағын және орта бизнестің маңыздылығына тоқталып, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан бизнес өкілдеріне қолдау білдірді. 

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы елімізде 2006 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл байқау ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын анықтауға бағытталған. Іс-шара жергілікті өнім өндірушілерді қолдау, оларды шығаратын тауарлары мен көрсететін қызметтерінің сапасын арттыруға ынталандыру, отандық брендті қалыптастыруды насихаттау, елімізде өндірісті дамыту мақсатында  өткізіліп отыр.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен өткізілген аймақтық көрме-байқауға облыс аудандарынан 90-ға жуық азық-түлік өнімдерін өндірушілерден бастап, жеңіл өнеркәсіп орындары мен басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындар қатысты.

–Бұл іс-шара кәсіпкерлер үшін жылдың басты оқиғасыболып саналады. Жыл сайын көрме-байқауға қатысушылар саны артып, кәсіпкерлер қатары өсіп келеді. Соңғы жылдары өңірлік байқауларда «Тыныс», «Көкше-Цемент», «Сапа Су», «Бижан», «Ижевский» сияқты танымал компаниялар мен көптеген кәсіпорындар жеңімпаз атанып жүр. Олар кейін өңірдің өндірістік әлеуетін республикада да абыроймен көрсете білді. Атап айтқанда, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық кезеңінде «Блэк», «CAPITAL PROJECTS LTD», «Енки» және «Сапа Су» компаниялары жеңімпаз атанды. Өнім сапасы саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына соңғы жылдары «Агрофирма ТNК», «Гормолзавод», «Аzam KC», «Интер-трейд» кәсіпорындары ие болды. Бұл кәсіпорындардың барлығы біздің облыстың мақтаныштары, –деді құттықтау сөзінің барысында Ермек Боранбайұлы.

Облыста шағын және орта бизнеспен бүгінде 140 мың адам айналысады. Аймақ басшысының айтуынша, бұл дегеніміз облыс халқының экономикалық белсенді тұрғындарының үштен бірін құрайды. Өңірдің шағын және орта бизнестегі жалпы өнім көлемінің үлесі 29,5 пайызға жеткен. Былтырғы жылмен салыстырғанда, бизнес субъектілері 58 мыңға көбейіпті.

–Биыл облыс қазынасына кәсіпкерлерден түскен салық көлемі 70 миллиард теңгеден асты, яғни, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш  1,5 есеге өсті. Облыс кәсіпкерлері 4 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұның барлығы мемлекеттік қолдаудың арқасында деп білеміз. Облыста шағын және орта бизнесті дамытуда ұлттық жоба аясында өткен жылы 10 миллиард теңге қарастырылып,  200-ден астам жоба субсидияланып, оларға 17 миллиард теңге бөлінді. 5 миллиард теңгеге 71 грант берілді, –деп атап өтті аймақ басшысы.

Аталмыш байқауға алғаш рет қатысқан компаниялар арасында «SG BRICK» кірпіш зауыты болды. Ол Орталық Азия елдерінің арасында дайын өнім шығару көлемі жылына 120 миллион данаға жететін жалғыз зауыт. Мұнда өндіріс үшін табиғи газ салқындатқыш ретінде пайдаланылады және жылдық қажеттілік 18 миллион текше метрді құрайды. Кәсіпорынның бастамашысы әрі құрылтайшысы –«GРark»жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс компаниялары тобының бас директоры Ғабит Сатмағамбетов.

Қосшы қаласының тұрғыны Анара Ибраева көрме-байқауға алғаш рет қатысып отыр. 2015 жылдан бастап ол экологиялық таза, диеталық өнімдерді, дұрыс тамақтану бойынша тәттілерді ешбір кремдерсіз, бояғыштарсыз өндірумен айналысады. Кәсіпкер ауыл шаруашылығы магистрі ретінде Германияда арнайы тағылымдамадан өтіп келген көрінеді.

Сонымен бірге, «Қазақстанның үздік тауары»байқауын өткізу барысында биыл бірінші рет «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі ұсынылды. Ауылдық жерлердегі әйелдер өндіретін, жергілікті жердің мәдениеті мен тұрмысы бейнеленетін  «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылдан бастап елде іске асырылып келе жатқан «Мен – кәсіпкер» құралының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл – жергілікті жерлердегі бірегей өнімді іздеуге, жергілікті тауарлар мен өнімдер өндірісін дамытуға, негізінен, тек жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілерді біріктіруге бағытталған.

Тағы бір атап өтерлігі, көрмеге келушілер азық-түлікті және басқа да өнімдерді нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алып жатты. Сонымен қатар, көрме-байқау барысында аймақтың танымал компаниялары мен кәсіпорындары тарапынан 40-қа жуық сертификат пен азық-түлік себеттері лотерея ұтысыретінде ойнатылды. Лотереяның жүлде қорына Ақмола облысының іскер әйелдер кеңесі де өз үлесін қосты.

  • Бұл көрме-байқауға қатысушылар үшін жеңіс қана маңызды емес, сонымен бірге, оларға әрі қарай дамып, өркендеулеріне үлкен мүмкіндік беріледі. Шараның негізгі артықшылығы – жергілікті өнімді немесе брендті дамыта түседі, кәсіпкерлерге жаңа келісім-шарттар жасау және өндірісті сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін үлкен мүмкіндік алаңы болып табылады. Мұндай формат қазіргі нарықта кәсіпорындардың өздерін көрсетіп қалуларына зор мүмкіндік. Көрме қорытындысы бойынша жобалардың көпшілігі танымалдылыққа ие болып жатады, – деп атап өтті Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Байқау қорытындысында үш аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында Аршалы ауданының «SG BRICK»,Бурабай ауданының «Азия сүзгі», Бұланды ауданының «Макинск Жылу оқшаулау зауыты» серіктестіктері үздік деп танылды.

«Халық үшін үздік тауарлар» аталымын Атбасар ауданының «Забарный», Қосшы қаласының «Әлихан» жеке кәсіпкерліктері мен Көкшетаудың «Арман» трикотаж кәсіпорны» серіктестігі иеленді.

«Азық-түлік мақсатындағы үздік тауарлар»аталымындаКөкшетау қаласының «Гормолзавод» серіктестігі, Ақкөл ауданының «Андрющенко» жеке кәсіпкерлігі, Атбасар ауданының «БАХА SÖHNE»серіктестігі үздік болып анықталды.

Осы аталған жеңімпаздаржыл соңында елордада өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысатын болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар