Мектеп құрылысы созылып барады

«Балалы үй – базар» деп атамыз қазақ бекер айтпаған ғой. Жас жеткіншектердің көптігі мен шырайлы күлкісі – әрбір елді мекеннің көркі. Целиноград ауданында да мектептер мен бақшалар саны жылма-жыл өсу үстінде.

Биылғы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасының аясында ауданның 8 ауылдық округінде білім нысандарының құрылысы аяқталмақ. Бұл мектептерде 20 мыңнан астам оқушы келеді деген жоба бар. Таяу арада Талапкер, Қаражар, Қараөткел, Қабанбай батыр, Ақмол ауылдарында – 1200, Қояндыда 2000, Қажымұқанда 900, Софиевка ауылында 300 балаға арналған  мектептер есіктерін айқара ашпақ. Жаңа да жайлы бұл білім шаңырақтарында балалардың қауіпсіздігі сақталып,  кабинеттер толық заманауи құрылғылармен жабдықталып, пән кабинеттері мен зертханалар, спорт залдары  болады. Ғимараттар қазақстандық құрылыс материалдарымен салынуда.

Жақында жергілікті «Аmanat» партиясының арнайы комиссия мүшелері аудан орталығы Ақмолға іргелес жатқан Жаңажол елді мекенінде болып, 80 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Мердігер «Ер-Қанат Сервис» құрылыс компаниясы ЖШС бұл оқу ордасының нысанын 2021 жылы қолға алған екен. Жалпы айтқанда, Жаңажол ауылында айналасы екі жылдың ішінде көп жұмыстар тындырылды. Асфальт жолдар салынып, ауыл тұрғындарына ауыз су берілді.

Ескі мектеп 1963 жылы ашылған. Бірақ, көшіп келушілердің саны көбейген соң оның міндеті ауырлағанға ұқсайды. Сондықтан, халықтың сұрауы бойынша жаңа білім ордасының құрылысы қолға алынып, ол биылғы жылдың желтоқсан айында тапсырылмақшы. Мердігер компанияның бас инженері Ришат Махмуддулаев қонақтарды жаңа нысанда атқарылған жұмыстардың барысынан хабардар етті. Екі қабатты құрылыстың сметалық құны 1077, 9 миллион теңге. Қазіргі кезде монтаждау, қабырғаларды сылау, терезелерді орнату секілді жұмыстар жүріп жатыр.

Алайда, біз жауапты құрылыс компаниясының жұмыста салғырттық танытып отырғанын бірден байқадық. Біріншіден, уақыты созылғаны, жұмысшылар санының аздығы, сондай-ақ, ширақтықтың жоқтығы алдымен көзге түсті. Аудан депутаттары мен қоғамдық бақылау комиссия мүшелерінен құралған топ тура бір айдан кейін бұл құрылысқа арнайы келетінін компания уәкілдеріне ескертті. Құрылыс жұмысының біраз бөлігі атқарылғанымен жылу қазандықтары, су мен электр қуаты тартылмағаны байқалады. Бұл мәселелер алдағы уақытта тағы да толыққанды зерделенбек.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар