Қысқы жылу берудің және сапалы ауыз сумен жабдықтаудың жайы талқыланды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Көкшетау қаласының қысқы жылу беру маусымына дайындық мәселелерін пысықтады және облыс орталығында салынып жатқан су тазарту құрылғыларының құрылысымен танысып, Үкімет тарапынан бөлінген қаржыны толық игеруді тапсырды. Бірінші Вице-Премьердің сапарында облыс әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасарын «Көкшетау Жылу» кәсіпорнының жұмысымен таныстырған оның басшысы Руслан Мақышевтің баяндауынша, Көкшетау қаласына жылуды РК-1 және РК-2 қазандықтары таратады. РК-1 қазандығы 1977 жылдан, ал РК-2 1998 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бүгінде жылу көзі негізінен, РК-2 қазандығынан беріледі. Осы күні бұл қазандықтар 70 пайызға ескірген. Жылу желісі 189 шақырымды және жылыту алаңы 3 миллион шаршы метрді құрайды. Абоненттер саны – 56949.

–Бүгінгі таңда Үкімет резервінен бөлінген 2 миллиард теңге қаржының есебінен РК-1 және РК-2 қазандықтарының құбырларына, №7 су жылыту қазандығынажәне №8, 9, 10 қазандық агрегаттарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарлы жұмыстардың жартысынан көбі аяқталу үстінде. Сонымен қатар, ұзындығы 3,3 шақырымды құрайтын жылу желілері ауыстырылып, тағы 3,7 шақырымықалпына келтірілуде. Бұл жұмыстарға 618 миллион теңге қаржы қарастырылған, –деді кәсіпорын директоры.

Сонымен бірге, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев облыс бойынша қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы туралы жан-жақты айтып берді. Үкімет басшысының бірінші орынбасарымаусым басталғанға дейін барлық деңгейдегі жұмыстарды тиянақты аяқтауды және республика қазынасынан бөлінген қаржыны тиімді игеруді  тапсырды.

Облыс орталығында қарқынды дамып келе жатқан Сарыарқа шағын ауданының құрылысы туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасарынаКөкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса баяндап берді. Жалпы, Сарыарқа шағын ауданының құрылысы 2012 жылдан басталған болатын. Шағын ауданның аумағы 1120 гектарды құраса, бүгінде оның 900 гектары толыққанды жоспарлы жобалармен игерілген.  Шаһар басшысы шағын ауданда бой көтеріп, халықтың игілігіне берілген әлеуметтік нысандарды атап өтіп, «Виамедис» емханасы мен оңалту орталығы, «Қазақ юнион» жабық мұз айдыны, көпсалалы облыстық аурухананың, тіл кемістігі бар балаларға арналған екі балабақшаның, 2500 және 1500 орындық екі мектептің құрылыстарының жобаларымен таныстырды. Роман Скляр кешенді құрылыс жобаларын қарастырғанда, қаланы жылумен қамтудың  қауқарын да ескеруді тапсырып, тұрғын үйлерді салғанда олардың айналасын көгалдандыру мәселесін ұмытпауды ескертті, сондай-ақ, шағын ауданның дамуына оң баға беріп, алдағы жылы Құрылыс Кодексі енгізіліп, мемлекеттік органдардан бастап, мердігерлердің міндеттері заң аясында қарастырылатындығын айтты. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев келесі жылы Көкшетау қаласының 200 жылдығына орай, қаланы көркейту бойынша бірқатар жобалар қолға алынғандығын, соның ішінде біраз жаңа нысандардың пайдалануға берілетіндігін атап өтті.

Бұдан әрі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қаланың су тазарту құрылғылары құрылысының алаңына барды. Бұл жобаның мердігері «Caspian Contraсtors Trust» серіктестігі, жоба құны 4,6 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс. Сумен жабдықтау көзі Шағалалы су қоймасынан болады.

–Қазіргі таңда нысанда мобильді штаб жұмыс істеп жатыр. Резервуарларда темірбетон конструкцияларының құрылысы жүргізіліп, сэндвич-панельдердімонтаждау жұмыстары қолға алынуда. Жоба кестеге сай, уақытында іске асырылып келеді, облыстық бюджеттен құрылысқа 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда тапсырыс беруші 444 миллион теңгенің жұмысын орындап шықты. Қалған қаржы кезең-кезеңімен жұмыс кестесіне сай бөлінетін болады. Жалпы, жоба толық іске қосылуы үшін қосымша 4 миллиард теңге қаржы қажет, –деп облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев мән-жайды түсіндірді.

Бүгінде су тазарту құрылғыларының құрылысы жүргізіліп жатқандықтан, қалаға берілетін ауыз судың сапасын жақсарту мақсатында «Көкшетау су арнасы» мекемесі де су құбырларының желісі мен нысандарына, су сорғылары мен сүзгілерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта қалаға су Сергеев және Шағалалы су қоймаларынан берілуде.

–Бұрын қаладан 25 шақырым жерде, Зеренді ауданыныңаумағында Павловсу қоймасы бар болатын. Кейін ол бұзылып, іске жарамсыз болып қалды. Осы қойманы қалпына келтірсек, қосымша 17 мың текше метр су қорын ала аламыз. Бүгінде оны қайта қалпына келтіруді қолға алдық, егер бұл ойымыз іске асса, қаланы үш су қоймасы ауыз сумен қамтитын болады, –деді өз сөзінде қала әкімі Бауыржан Ғайса.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары істің жайымен танысып болған соң, Мемлекет басшысының халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы бойынша осы қолға алынған жобалар 2025 жылға дейін толық аяқталуы тиіс екенін баса атап өтті. Бұдан соң Роман Скляр облыстық әкімдікте жабық кеңес өткізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар