«Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін»

«Абылай ханның қара жолы» экспедициялық турының жалғасы болған «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық мәдени-рухани экспедициясына аттанған зерттеушілер Көкшетауға оралды. 10 мың шақырым жерді еңсеріп келген экспедиция қоғам қайраткері Мұратқажы Ыдырысұлының жетекшілігімен өтті.

Осы жолы экспедиция құрамына жергілікті тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар мен қоғам қайраткерлерінен 22 адам енген болатын. Экспедиция мүшелері өз сапарларын көрікті Бурабай төріндегі хан Абылайдың алаңынан бастап, көршілес Ресей, Моңғол елдеріндегі тарихи маңызы бар орындарда жалғастырды.

«Абылай ханның қара жолын жаңарту», «Бетпақдала. Абылай ханның қара жолы», «Абылай ханның жорық жолдары», «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген Мұратқажы Ыдырысұлы бұл сапардың да ойдағыдай өткендігін алға тартты.

–Экспедицияға аттанған негізгі мақсатымыз – Абылай ханның ордасынан абыз Тоныкөктің жатқан жеріне алтын көпір орнату, біздің ұлы бабаларымыз Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктің туған жеріне барып, құрбан шалып, құран бағыштау болатын. Сол ойымыз іске асып, көптеген мағлұматтарға қол жеткіздік. Экспедиция жұмысына Түркиядан келген Әбдуғафар Қараш деген азамат қатысты, бабамыз Елтерістің жұртын тексеріп жүрген Нәпіл деген археолог азаматпен де сұхбаттастық. Барған жерімізде бізді бәрі құшақ жая қарсы алды, –дейді экспедиция жетекшісі.

Жалпы, тур өкілдері Таулы Алтай, Қошаған, Баян-Өлгей, Ховд, Баянхонгор, Ұлан-Батыр, Налайхан, Улан-Удэ, Иркутск, Красноярск, Новосібір, Омбы қалаларындағы қазақ диаспораларымен кездесіп, сол жерлердегі елдегі тарихи орындарға барып шыққан.

–Шынында да бұл тарихи-мәдени, ғылыми бағыттағы экспедиция біздің тарихта алғаш рет болып жатқан жобалардың бірі. Бұл жоба арқылы біз Алтайдан Уланға дейінгі жерді жайлаған ата-бабаларымыздың жерін көріп, Ресей Федерациясында қалған бауырларымызбен кездесіп, пікір алысып, әңгімелестік. Бұл қазақ пен Моңғолия, қазақ пен Ресей елдерінің арасындағы достық байланысты нығайтуға үлкен бір септігін тигізген шаралардың бірі болды. Сонымен қатар, өзге елдегі қандас бір туған бауырластар бізді көріп, сағыныштарын басқандай болды, – дейді «Qazcontent»АҚ-ның «Qazaqstan tarihy» интернет жобасының жетекшісі Алтынбек Құмырзақұлы.

Осылайша, «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық тарихи экспедициясы өз мәресіне жетіп, зерттеуші ғалымдарымыз елге аман-есен оралды. Бұл саяхат болашақта қағаз бетіне түсіріліп, кітап болып басылмақшы.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суретте: экспедицияны Көкшетауда қарсы алу сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар