АТА ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН…

Әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Өз кәсібінің шебері болу – әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен туындайтындығы анық.

Бүгін Пошта саласындағы Новгородцевтер әулетінің дәстүрлі еңбек жолы туралы әңгімелесудің сәті түсті.

Киелі әулеттің көсемі Александар Михайлович Новгородцев ұзақ жылдар бойы Пошта саласында тынбай еңбек еткен майталман байланыс қызметкері болатын.

Осынау Александар Михайловичтың сара жолын әрі ұрпақтар сабақтастығын қызы Таисия Александровна жалғастырса, бүгінде немересі Анастасия Горбунова сол салада үзбей еңбек етіп келеді.

Кім болса да өмірде алғашқы қадамын, айналасын, ата-тегін танудан бастайды емес пе? «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді» – дегендей, әке жолын жалғастырушы Таисия Александровна Горбунова байланыс саласында жарты ғасырға жуық еңбек етті.

Қызығы мен шыжығы мол қызметте жүріп, Таисия Горбунова елдің ыстық ықыласына бөленген қарапайым еңбек адамы.

Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді.

Үздіксіз қызмет пен қажырлы еңбегінің арқасында Анастасия Горбунова пошта саласына өзінің айтарлықтай үлесін қоса білді. Еңбек ете жүріп, Көкшетау қалалық халық Кеңесінің депутаты әрі Пошта мекемесіндегі партия ұйымының хатшысы да болды.

ҚР ақпараттандыру және байланыс Агенттігінің бұйрығымен «Құрметті байланысшы» иегері атану сол адал қызмет пен тынымсыз еңбектің нәтижесі екені анық.

Дәстүрді жалғастырушы Анастасия Анатольевна Горбунова 2011жылғы 25 шілдеде «Қазпочта» АҚ Ақмола филиалының бақылау-анықтамалық қызметінің жетекші маманы болып жұмысқа орналасты.

Жас маман 2013 бастап Ақмола филиалында да, «Қазпочта» АҚ Астана филиалында да Астана пошта бөлімшесінде (поштаны сұрыптау және тасымалдау бөлімінің сұрыптаушысы, пошталық технологиялар бөлімінің бас маманы) әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

Өмірден мол тәжірибе жинақтап, бүгінде еңбек адамына айналған Анастасия Анатольевна «Қазпочта» АҚ Ақмола ОФ қалпына келтірілгеннен бері (2021 жылдың 1 ақпанынан бастап) пошта, логистика және өндірістік секторының меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

Анастасия Горбунова еңбектегі табысы жұмыстары үшін бірнеше алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталған байланыс қызметкері.

Өз ісіне адал жан дүниесімен жұмысқа берілген Анастасия Анатольевна Горбунова атадан келе жатқан отбасылық дәстүрді жалғастырып отырғанын аса мақтанышпен айтып отыр.

Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс.

Осы орайда Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Тынымсыз тірлік етіп жүрген еңбек адамдары үлкен құрметке лайық.

Жалпы, ғасырдан астам еңбек өтілімі бар Новгородцевтер әулетінің осынау еңбектегі дара жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге әрі рухани азық болады деген ойдамыз.

Бүгінде үлкен әулетке айналған Новгородцевтер отбасына амандық, ұзақ ғұмыр, еңбекте толағай табыс тілейміз!

 

Дереккөз: qdamu.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар