Мердігерлердің мектептерді жөндеудегі шабан қимылы

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы бойыншабілім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Орал Қаппасов  білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде брифинг өткізді.

Ақмола облысының бірқатар мектептерінде бүгінгі таңда жаңа оқу жылына мектептерді жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтамау қаупі бар. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес осы мәселені зерделеу мақсатында департамент тарапынан мониторинг жүргізілген көрінеді.

−Облыстың орта білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылының басталуына дайындық мониторингі шеңберінде барлық 525 мектеп қамтылды. Мониторинг қорытындысында облыста 443 мектеп ағымдағы жөндеуді аяқтағандығы, ал, қалған 45 мектеп 25 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отырғандығы белгілі болды,−деді департамент басшысы.

Қазір 38 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысты өткізуге облыстық бюджеттен 7,9 миллиард теңге бөлінсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15 нысан 3,2 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Бүгінгі таңда 22 мектеп бойынша орындалған жұмыс көлемі 80 пайыздан асады.

Алайда, бірнеше мектептерде жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтамау қаупі бар. Бұл 400 миллион теңгеге қаржыландырылған Есіл қаласының Сайлау Серіков атындағы орта мектебі. Бүгінгі таңда мұндағы жұмыстар 45 пайызға орындалыпты.Сонымен бірге, Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылының мектебінде орындалған жұмыстар көлемі небәрі 40 пайызды құрайды. Ал, Целиноград, Шортанды мен Бұланды аудандарындағы мектептерде  әлі де жұмыстар 30 пайыздан аспайды.

−Бұл мектептер бойынша мердігер Түркістан облысынан келген «ГрадСтройСервис» серіктестігі  болып табылады. Жұмысшылардың саны жеткіліксіз болуы салдарынан жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі бұзыла түсуде. Алматы облысынан келген «Азамат құрылыс» серіктестігі Макинск қаласының мектеп-гимназиясын жөндеуде мердігер болып табылады. Мұнда да жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмау қаупінің бірден-бір себептері  құрылыс материалдарының жетіспеушілігі және жұмысшылар санының жеткіліксіздігінде, − деп атап өтті Орал Қаппасов.

Бүгінгі таңдабілім басқармасы білім бөлімдерімен және мердігерлік ұйымдармен бірлесіп, жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау үшін білім беру нысандарында құрылысшылар санын көбейту бойынша жұмыс жүргізуде.Облыста әлі де күрделі жөндеу жүргізілмеген ескі мектептердің жұмыс істеп тұрғанынатап өткен жөн. Жергілікті атқарушы органдар осы нысандардың жобалау-сметалық құжаттамаларын кезең-кезеңімен әзірлеуді жоспарлауда.

Брифинг барысында  журналистер, егер кейбір оқу орындарында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін уақыт жетпеген жағдайда, оның салдары қандай болатынын білгілері келді.

−Мердігерлік ұйымдар мерзімінен кешіктіретін жағдайлар жоқ емес. Қазір білім басқармасымен бірге мәселені пысықтап жатырмыз. Әр мектеп үшін жеке жоспар жасалады. Біз, әрине, жөндеуді тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бірақ, егер олар аяқтамаса, онда оқушылардыміндетті түрдебасқа мектепке тасымалдау ұйымдастырылады немесе балалар жақын маңдағы мектепке барады. Мектептер бойынша жеке құрылыс материалдарын жеткізуді және жұмысшылар санын бақылайтын штаб құрылды. Департамент әр апта сайын білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізеді, − деп қорытындылады өз сөзін Орал Қаппасов.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының»өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар