Әдетте, сот сараптамасы қызметі бізге беймәлім, үлкен бір зерттеулер жиынтығын құрайды. Оның ұңғыл-шұңғылы оқырмандарымызға да жете мәлім емес. Сондықтан, осы жағын ескерген біздің тілшіміз жуырда Ақмола облысы бойынша сот сараптамалары институтының жетекші сарапшысы Гүлсім Ысқақовамен шағын сұхбат жүргізген еді. Сол әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
–Гүлсім Сайранқызы, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін сот сараптамалары қызметі жайлы біреу білсе, біреу білмейді. Ең алдымен осыған тоқталып өтсеңіз, жалпы, сот сараптама қызметі дегеніміз не?
Бұл сот сараптама органдарының және сот сарапшыларының сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі қызметі. Сот сараптамасы – шешілуі үшін маңызы бар нақты деректерді анықтау мақсатында арнайы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық істің не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарын зерттеу. Сараптама криминалистік, медициналық, биологиялық, каржылық-экономикалық, инженерлік-көліктік, инженерлік-техникалық, құрылыстық-техникалық және тағы басқалары болып бөлінеді.
–Ақмола облысы бойынша сот сараптамалары институты жайлы қысқаша айтып өтсеңіз? Өзіңіз сот сарапшысы мамандығына қашан келдіңіз?
–Ақмола облысы бойынша Сот сараптамалары институты Көкшетау қаласында үш ғимаратта орналасқан. Уәлиханов көшесі, 200 үй мекенжайы бойынша орналасқан ғимаратта әкімшілік блок, биологиялық, гистологиялық, химиялық-токсикологиялық, медициналық-криминалистикалық зертханалар орналасса, Әуелбеков 29 мекенжайы бойынша сот сараптамалары жүргізіледі. 3-ғимарат сот-медициналық мәйітханасы Сатпаев 85 мекенжайында орналасқан. Институтта білікті, тәжірибелі мамандарсот сараптамаларының қолжазба мен қолтаңбаны сот-сараптамалық зерттеу, құжаттарды сот-техникалық зерттеу, сот бейнефонографиялық, трасологиялық, баллистикалық, арнайы химиялық заттарды сот-сараптамалық зерттеу, жол-көлік оқиғасы жағдайларын сот-сараптамалық зерттеу, экономикалық, гистологиялық, биологиялық тағы басқа сот сараптамалары бойынша зерттеулер жүргізеді.
Бүгінде сот сараптамасы органдарында сот сарапшысы болу үшін арнайы кәсіптік даярлықтан өтіп, емтихан тапсыру қажет. Мен бір жыл бойы тәжірибеден өтіп, 2019 жылы Ақмола облысы бойынша сот сараптамалары институтына сарапшы болып жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда сот бейнефонографиялық сараптамасы бойынша жетекші сарапшы болып қызмет етемін. Сарапшы болу – оңай емес, ол үлкен жауапкершілікті қажет ететін күрделі де маңызды жұмыс. Жұмысым қызықты болғандықтан, өзіме ұнайды.
–Өзіңіз жұмыс атқарып жатқан мекемеде қандай да бір проблемалық мәселелер бар ма?
–Әрине, әр салада шешімін таппай жатқан мәселелердің бары түсінікті. Өзім жұмыс атқарып жатқан институттағы бірнеше проблемалық мәселелерге тоқталып өтейін. Біріншіден, ол – сот-медициналық сараптама түрлерін жасайтын кадрлардың жетіспеушілігі. Жоғарыда айтып өттім, қазіргі таңда институтымызда сот-медициналық сараптамасының бірнеше түрі жүргізіледі. Алайда,институтымызда кадрлар жетіспегендіктен, сараптаманың кейбір түрлерін жүргізу мүмкін емес. Сондықтан, сараптамалар басқа аймақтарға жолданады. Ол біздің жергілікті органдар үшін ыңғайсыз екені түсінікті. Бұл мәселені шешу үшін жылда Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына сұраныс жібереміз, алайда, көптеген ЖОО-ларда «Сот медицинасы» кафедрасы жоқтың қасы. Кадрлардың жетіспеушілігінің себебінжас мамандардың бұл жұмысқа қызықпауынан және қоғамда сот сарапшыларының рөлі әлі күнге дейін тиісті деңгейге көтерілмегендіктен деп түсінемін.Екіншіден, материалдық-техникалық жағдай. Бұрынғымен салыстырғанда, материалдық-техникалық жағдайымыз жақсарып келеді. Дегенмен де, айта кететін жайлар бар. Мысалға, институтымыздың өндірістік зертханалары тек 60 пайызға ғана қажетті жабдықтармен жабдықталған. Оның өзі 2012 жылға дейін алынған жабдықтар. Бұдан олардың қандай деңгейде екенін де көруге болатын шығар. Институтымыз қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілмегендіктен және кадрлар жетіспеушілігінен57 сарапшылық мамандық түрінің тек 24 түрінен зерттеулер жүргізеді. Бұл, әрине, аймағымыздағы сот, құқық қорғау органдарының, арнайы органдардың көздеген мақсаттарына жетуіне кедергі келтіретіні анық.Алдағы уақытта бұл мәселелердің барлығы оң шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.Үшіншіден, сот сарапшыларының жалақысы.Бұл мәселе республика бойынша ең күрделі мәселелердің бірі болып табылады. 2022 жылы сот сарапшыларының жалақысы біршама көтерілді. Бірақ,жоғарыда айтып өткеніндей, біздің жұмыс қиынәрі маңызды, жауапкершілігі де мол жұмыс екені ескеріліп, еңбегіміз шынайы бағаланса деген үміт бар.
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Қ.Кәкенов.
![]()

