Құрылыста еншім мол адаммын

Бесінші мүшел жастың асқаралы белесіне шығып, өткен шаққа көз жүгірткенде «апырай халқыма, еліме мен қандай жақсылық жасадым-ау»,–деген кемел ойдың тұңғиығына шомылып, арман құшағына бөленерің хақ. Сол себепті өмір өрнектеріне мұқият талдау жасап, зерделегенде жамағатпен бөлісер жетістіктерім бар екендігіне тәуба деймін.Ендеше, бұл мақаламда жетпіс үш жылдық ғұмырымның шығармашылық ізденістерге толы қызықты сәттерін сәулетшілік, өнертапқыштық және қоғамға пайдалы еңбек деген атаумен үш топқа бөліп, әрқайсысының ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқталуды ұйғардым.

  1. Сәулетшілік ізденісімнің жемістері

Кез келген адамның білікті маман болып қалыптасуы шыққан тегіне, тәлім-тәрбие алған ортасына байланысты. Мен болсам Қарауылдың Шұңғырша әулетінен тарайтын Ақан батырдың жетінші ұрпағы, дін қайраткері Науан хазіреттің аталас бауыры, Баратай еліндегі бақ пен қыдыр қонған Әли атаның екінші ұлы Мәрамның сүйікті перзентімін.

Ағайынға сыйлы, ақжарқын мінезді әкешім өмір бойы орман шаруашылығында істеп, табиғат байлығын қызғыштай қорғады. Алайда, тағдырдың жазуымен алпыс бір жыл ғана ғұмыр кешіп, бейнетті еңбегінің зейнетін де көре алмады. Ал, өмірге 6 ұл, 3 қыз әкелген алтын құрсақты аяулы анашым, Жұмысшы ауылының тумасы Кәкен Қозбекқызы кешегі тың игеру жылдары дала қосында аспазшы болып істеді.

Өз отбасыма келетін болсам, маған екі ұл, бір қыз сыйлаған асыл жарым Сәуле 2022 жылы төтеден келген науқастан 68 жасында өмірмен ерте қоштасты. Сұлтан ата мен Дәмет анамыздан қазақи тәлім-тәрбие алған ол өзінің жібек мінезімен, кішіпейілдігімен ағайын арасындағы сыйластыққа дәнекер бола білді. Сәуле Сұлтанқызы – Көкшетау-Ақмола өңіріне танымал ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Көкшетау ауыл шаруашылығы институтында, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқытушы, «Көкше» академиясында проректор болып қызмет атқарды. Әулетіміз үшін орны бөлек асыл жанның жарқын бейнесі біздің есімізде мәңгі сақталады.

Ынтымақ-бірлігі жарасқан Баратай ауылында 1950 жылдың 15 қыркүйегінде өмірге келіп, жастайымыздан ата дәстүрін санамызға тоқып өстік. Бала кезімде сурет салуға әуестігім болғандықтан ба, арман жетегімен Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1977 жылы бітіріп, сәулетші мамандығын иелендім.

Сәулетшілік өнер – шығармашылық ізденісті талап ететін, талғамы зор тылсым дүние әлемі. Жасаған әр жобаның құпия сырына тереңірек үңілген сайын, қиял құсына қанат бітіп, шабытың шарықтай түседі. 1977-1996 жылдары «Көкшетаугорсельпроект» институтында сәулетші-жобалаушы, Көкшетау қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінде жобалау бөлімінің жетекшісі, әрі шаһардың бас сәулетшісі (дизайнер) болып істегенімде жасаған жобаларым бойынша облыс аумағы мен Көкшетау қаласында салынған ғимараттар мен шағын тұрғын үй аудандарының  келісті келбетіне қарап, зеректігіме таңғалғандай боламын.

1996-2000 жылдары Көкшетау қаласындағы алғашқы жарнама және жобалау мекемелері – «Архитектура. Дизайн. Реклама» және «ДизайнЦентр»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін ашуым шығармашылық ізденісіме шабыт берді. Архитектура саласында елу жылға таяу қызмет істегенде жоғары стандарттық талаптарға сәйкес келетін жүзге жуық азаматтық және өнеркәсіптік мәндегі озық жобалардыжасап, ел игілігіне жараттым.

Әр жылдары облыс аумағында жүзеге асырылған бұл жобаларды сипатына қарай алты топқа бөлуге болады. Атап айтқанда, білім саласы бойынша Көкшетау қаласындағы 1200 орындық Тұңғыш Президенттің зияткерлік мектебі, Қоянды, Талапкер селолары мен Щучье қаласында 900 орындық мектеп, ал, жалпы облыс бойынша жиырмадан астам білім ошақтары мен бала бақшалары салынды. Денсаулық саласы бойынша Көкшетау қаласында қан орталығы, Ақмола облыстық тубдиспансерде 70 кереуеттік балалар бөлімшесі, Бурабай кентіндегі өкпе ауруларын емдейтін санаторийдің 50 кереуеттік балалар бөлімшесі, обсервациялық перзентхана бөлімшесі, 60 кереуеттік оңалту орталығы, онкология емханасы,Ақкөл қаласы мен Ақмол, Зеренді селоларында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын аудандық емханалар, бұған қоса, он бес шақты дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункттер іске қосылды. Әкімшілік ғимараттар санатында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының әкімшілік үйі, Щучье қаласындағыұлттық қауіпсіздік комитетінің әкімшілік-тұрмыстық корпусы, Ақмол селосындағы прокуратураның әкімшілік үйі, қазіргі «АMANAT» партиясының облыстық филиалының ғимараты бой көтерді.

Менің жобам бойыншасалынған өндірістік ғимараттардан «Көкшетау минералды сулары» АҚ-ның және «ENKI» ЖШС-і мен «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ-ның өндірістік үйлерін, Көкшетау қаласындағы комбайн шығаратын зауыты, Васильковка, Обуховка және Степногорск тау-кен байыту комбинаттарының жекелеген өндірістік учаскелерін, Астана мен Көкшетау қалаларындағы мұнай базаларын, жанармай құятын станцияларды, «Астраханская птица» құс фабрикасын, Степняк қаласындағы «ҚазгерҚұс» фабрикасын; тұрғын үй ғимараттарынан Көкшетау қаласында бой көтерген бірнеше көпқабатты үйлерді, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен қала әкімшілігінің өтініші бойынша салынған баспаналарды, сауда ғимараттарынан «Мечта», «Континент», «Кристалл», «Жұмбақтас» сауда орталықтарын айрықша атағым келеді.

Сәулетші өнер адамы болғандықтан, тоқырауға жол бермеуі керек. Үнемі ізденіс үстінде жүрсең ғана көздеген мақсатыңа қол жеткізе аласың. Жоғарыда аталған ғимараттардан басқа Көкшетау қаласындағы шағын аудандардың жобасын жасауға қатысқанымды үлкен мәртебе санаймын. Сонау 1980 жылдары Ресейдегі «АвтоЗил» зауытының Көкшетау қаласында филиалынашуға байланысты қаланың солтүстік шеткі аймағында болашақ кәсіпорынның қызметкерлері үшін арнайы тұрғын аймақты, қазіргі радиозаводтың орнында Олимп және элеватор маңында Арай шағын тұрғын үй аудандарын салу ұйғарылды. Өндірістік әрі әлеуметтік мәні зор бұл тапсырманы қысқа мерзімде өте жоғары деңгейде орындап шыққаныммен, өкінішке орай,автокәсіпорын салынбайтын болды. Оған себеп – қала аумағында техникалық судың тапшылығы. Алайда, еңбегім зая кетпей, осы жобаға енгізілген бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер мен шағын архитектуралық нысандардың біразы Абылай хан даңғылының бойынан көрініс тапты.

Бас жоспарға сәйкес Көкшетау қаласы Қопа көлін жағалай солтүстік бағытта дамитын болғандықтан, шамамен 30-40 мың тұрғынға лайықталған Центральныйатауымен шағын аудан салу қажет болды. Әлеуметтік және стратегиялық маңызы зор бұл жобаны жасауды қала  басшылығы маған жүктеді. Сеніп тапсырылған жауапты істі айтылған уақытта тап-тұйнақтай орындап шықтым. Осыған орай, шағын аудан қысқа мерзім ішінде тез салынды. Сондай-ақ, Степногорск, Макинск, Степняк қалаларының, аудан орталықтары – Зеренді, Сандықтау селоларының, жалпы он бес шақты ауылдың бас жоспарын жасауға қатыстым.

Иә, жас ұлғайсада әлі қолымнан сызғыш пен қарындашымды тастамай, қиялға шомылып, тың жобалардың үлгісін жасауға тырысамын. Ондағы мақсатым – Көкшетауды сәулетті қалаға айналдыруға мысқалдай болса да өз үлесімді қосу ғой. Ару шаһардың 200 жылдығына арналған дайын үлгілерді қала құрылысы кеңесіне ұсынбақшымын.

Қазіргі таңда «Дизайн Центр»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қаржы, экология, заң саласы бойынша білікті маманСәулет ұлым басқарады. Оның да архитектура саласында жинақтаған тәжірибесі мол. Бурабай аудандық құрылыс бөлімін басқарған кезде архитектуралық сипаттағы бірқатар сәтті жобаларды жүзеге асырды. Ендеше, өз ісінің білгір маманы Сәулет ұлыммен, Сәулет директормен алдағы уақытта да шығармашылық ізденіс танытып, бірлескен жобалар жасау ойымда бар.

  1. Өнертапқыштық ұсыныстарым

Сәулет және құрылыс саласында жинақтаған көпжылғы тәжірибеме сүйеніп, әріптестеріме айтарым, мүмкіндігім сарқылды деп сары уайымға салынып, тоқырауға жол бермеңіз. Алдыңа айқын мақсат қойсаң, алынбайтын қамал болмайды. Мен бұл қағиданың дұрыстығын өз өмірімде, өз тәжірибемде  сан мәрте дәлелдегенмін. Өнертапқыштық ізденісімнің арқасында 2013-2023 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің оншақты инновациялық пакеттері мен пайдалы модельдерін иемдендім.

Көпшілікке түсінікті болуы үшін өнертапқыштық жаңалықтарымның басты-бастыларына назар аударайық. Мәселен кез келген ғимараттың, шатырдың, қабырғаның архитектуралық формалары мен конструкциясы арқылы канал жасап, онымен желді 2-3 есеге күшейтіп, генератордың жұмыс қалақшасына беру керек. Ал, маяға үйілген шөпті, қырмандағы астықты, тынайтқышты, құрылыстық ағаш материалдарын жауын-шашыннан сақтап, кептіру үшін трансформацияланған шатырдыпайдалануға болады. Құрастырмалы-жинамалы бұл қондырғы дистанциялық әдіспен басқарылады. Сонымен бірге, оны кез-келген нысанға көшіруге де ыңғайлы. Мәселен, қыс айларында ағаш және көмір сақталатын орындарда қолдану тиімді.

Вагон-цистернаны жылытатын қондырғының көмегімен мазутты, битумды, басқа да мұнай өнімдерін шашау шығармай құюға болады. Ол үшін вагон-цистернаның қабырғасына орнатылатын жел генераторы арқылы электр қуаты жылы еден үлгісіндегі жылу жүйесіне беріледі. Он вагон-цистернаны жылыту үшін монтаждалады.

Ірі қара малға арналған жылжымалы загон күн батареясы мен генератордан қуат алатын электр мобильдің көмегімен қозғалады. Жабық үлгіде болғандықтан, загонның жануарларды суаратын, сиырларды сауатын қондырғылары болады. Менің бұл, жаңалығым ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынылған болатын.

Вертикалды айналмалы жылыжай (теплица) металл конструкция мен поликарбанаттан құрастырылады. Магнит жастықтың және ультра күлгін жарықтың көмегімен жылыжайдағы егіннің шығымдылығын 2-3 есеге көбейтуге болады. Тағы бір жаңалығым – трансформацияланатын киіз үй.Оны туристер мен шопандар, аңшылар, балықшылар, геологтар, әскери бөлімдер мен төтенше қызметтегілер, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер пайдалана алады. Бұл киіз үй конструкциясы тарансформацияланғанда ортаға цилиндр үлгісінде жинақталады. Мұндай жағдайда оны киіз үйдің жабылғы минералдарын сақтайтын пенал есебінде де пайдалануға болады.

Мұсылмандық парызымды өтеу үшін осыдан бес жылдай бұрын Меккеге қажылыққа бардым. Сондағы бір байқағаным, Қағбаны айналғанда санитарлық-гигеналық шарттарды сақтау үшін адамдардың бір-біріне қауіп төндірмейтіндей, кедергі жасамайтындай талаптарды бұлжытпай орындауы маңызды. Осыны ескере отырып, Қағбаның айналасындағы жаяу адам жүретін жолақты Өмір спиралы үлгісінде жасауды ұсындым. Ал, Өмір спиралының басты ерекшелігі қажылық рәсімді атқарушылар қағбаны қаншалықты айналғанын тез әрі нақты анықтай алады. Бұл орайда Қағбаны айналу үшін кезек электрондық үлгіде ұйымдастырылуға тиісті. Сонда ғана тәуіп етушілер мен қажылық рәсімді атқарушылар бір-бірімен бетпе-бет түйіспейді.

Мобильді электр зарядтау станциясының көмегімен телефонды, планшетті электромобильді зарядтауға болады. Ол үшін мобильді бұл станцияны кез келген автокөліктің қорабына орнатып, аккумулятордағыдай электр қуатын алатын жүйелерге қосу керек. Мобильді станцияның қызметі әлдеқайда арзандау. Жел магнитті генераторды автомобиль, теміржол транспортын, тұрғын үйлер мен өндірістік нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ету үшін пайдалануға болады. Бұл генератор желдің кинетикалық энергиясы мен электромагнитті энергияны бірге үйлестіре алады. Жел  магнитті генератор жоғары және төменгі дискілерде магнитті қалақшалары бар катушка үлгісіндегі ротордан тұрады. Нәтижесінде екі камералы жел магнитті генератордың көмегімен қуаты күшейтіледі. Менің бұл өнертапқыштық жаңалығым 2018 жылы Астанада өткен стартапта бірінші орын алды.

  1. Қоғамдық пайдалы еңбек – мен үшін қажеттілік

Шығармашылықпен айналысатын әр адам әлбетте қоғамда болып жататын құбылыстарға байыппен қарап, соған өз үлесін қосуға тырысуы керек.  Ел алдындағы азаматтық парызыңды отаншылдық сезіммен адал атқарып, елең етер жаңалықтарың болса,көпшілікпен бөліскенде жөн. Осы қағиданы жадыма берік ұстанып, облыс аумағындағы мәдени-көпшілік шараларды өткізуге өз тарапымнан демеушілік көмек ретінде тегін қызмет көрсетудемін. Мәселен, Семейдегі ұлы Абайдың 150 жылдығы, «Мәдениет» совхозында өткен Абылай ханның 280 жылдығы, Краснояр және Айыртау селосындағы Кенесары хан мен Ақан серінің мерейтойларын өткізу кезінде киіз үйлерді, сахнаны қалай орналастыру және мәдени шара өтетін алаңды безендіру жөнінде өз ұсыныстарымды жасадым. Осыданон шақты жыл бұрын Бурабайда ТМД елдері мемлекет басшыларының кездесуі өтуіне байланысты Көкшетау аэропортын реконструкциялау жөнінде тапсырма алдым. Өте жауапты іс болғандықтан, саяси шараның мәнін ашатын және қазақ елінің қонақжайлылығын көрсететін бірқатар ұсыныстар ұсындым.

Облыс орталығындағы Абылай хан ескерткіші мен субұрқақты жасауға, Тәуелсіздік аланың реконструкциялауға, арканы орнатуға, сондай-ақ, ауғандық жауынгерлерге арналған сквердің, Еркін Әуелбековтің болашақ ескерткішінің жобасын жасауға да біркісідей атсалыстым. Дін қайраткері Науан хазіреттің ұрпағы болғандықтан, бабамыз жерленген зират маңын абаттандыруды ағайындарыммен бірлесе атқарудамыз. Сонымен бірге, Еленовка, Баратай, Елтай, Краснояр ауылдарында салынған мешіттердің жобасын жасауға да үлесімді қостым.

Әрине, елге сіңірген еңбегің лайықты бағаланып, құрметке бөленіп жатсаң үлкен ғанибет емес пе. Архитектура, дизайн саласында тапжылмай еңбек етіп келе жатқан қырық алты жылдың ішінде «Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі» атағын алып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым. Қазақстан Республикасының Сәулетшілер одағының Ақмола филиалының төрағасы,облыстық, қалалық сәулет және қала құрылысы кеңестерінің тұрақты мүшесі ретінде ауқымды қоғамдық жұмыспен де айналысудамын. Мен үшін ең басты құрмет – халқымның ілтипаты.

Бурабай МАРАМОВ,
Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар