Бітік егін, өркендеген ауыл тұрмысы

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Жақсы ауданында болып, әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралап, атқарылған ауқымды істерге оң баға берді. Сапар барысында өңір басшысымен облысымыздағы ірі тауар өндірушілері бірге болды.

«TNK Агрофирма» серіктестігі өз қызметін 2000 жылы «Белағаш», «Подгорное-1», «Қаражон» және «Шұқыркөл» серіктестігі құрылған кезде бастады. Төрт жылдан кейін компаниялар тобына «Атбасар Агропродукт» және «Atbasar Technopark» серіктестіктері қосылды. «Жақсы» сауда маркасымен шығарылатын өнімдердің ассортименті біртіндеп кеңейе түсіп, Қазақстанда ғана емес, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран елдерінде де сатылымға шықты.

– Мұндай  деңгейге кез-келген болашағы бар шаруашылық ұмтылуы тиіс, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Ірі астық және мал шаруашылығы өнімін өндіруші «Белағаш» серіктестігі күзгі науқанға сақадай-сай.  Жайқалған егін жинауға дайын.

– А.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығымен өзара ынтымақтастықта жұмыс атқарып келеміз. Біз екінші жыл қатарынан бидайдың жаңа «Таймас»   сортын өсірудеміз. Бұл бидайдың өнімділігі өте жақсы. Мәселен,  өткен жылы басқа сорттардың орташа өнімділігі гектарына 12,6 центнерді құраса, жаңа сорт 17 центнерден берді, – деп атап өтті серіктестік директоры Виктор Гартнер.

Серіктестік мал шаруашылығымен де айналысады. 1 359 бас қара-ала   ірі қара мал бар. Мұндағы жұмысшылар алдымен сапаға аса мән береді. Өнім сапасы арнайы сертификатталған және аккредиттелген зертханаларда қатаң қадағаланады. Жақсы ауылындағы «AgroComplexExpert» серіктестігі заманауи талдау зертханасымен қамтамасыз етілген. Онда жылына төрт миллион сынама негізінде қорытындылар мен ұсыныстар беріледі.

Серіктестік директоры Ольга Балацко ұжым тынысымен жақынырақ таныстырып , өңір басшысының сұрақтарына жауап берді, қызметтің негізгі бағыттары туралы да тарқатып  айтты.

– Сынақ зертханасы сапа сертификатын бере отырып, астық пен оны қайта өңдеу өнімдерінің сапасына сараптама жүргізеді. Сондай-ақ, жем-шөп, сүрлем, пішен, құрама жемге зоотехникалық талдау жүргіземіз. Мұнда агрохимиялық зертхана да бар, –дейді ол.

«TNK Агрофирма» серіктестігінің шикізаты пен дайын өнімін қайта өңдеумен және сақтаумен бірнеше шаруа қожалықтары айналысады.

Мысалы, «Урожай» серіктестігінің теңгерімінде үш элеватор, үш диірмен, құрама жем зауыты және наубайхана бар. Өндірістік қуаттылығы көз қуантады. Мұнда тәулігіне 520 тонна ұн, 240 тонна құрама жем, 60 тонна жарма өндіріледі.

Серіктестік директоры Ғабиден Бралин 2018 жылдан 2023 жылға дейін ғана шаруашылықты дамытуға компанияның өз қаражатынан 9 миллиард теңге жұмсалғанын атап өтті. Қазіргі уақытта өндірісте 168 адам жұмыс істейді, орташа жалақы 224 мың теңге көлемінде. Өндіріс толығымен автоматтандырылған.

– Қазақстандық нарықтағы жарманың шамамен 20 пайызы осы Жақсы ауданында өндірілді. Арпа, жарма, бидай, арпа жармасы, сұлы үлпектері үлкен сұранысқа ие, – деп атап өтті Ғабиден Маратұлы.

«Айбат» серіктестігі 2000 жылы құрылды. Шаруашылық сүт және ет өнімдерін, жартылай фабрикаттарды өндірумен айналысады. Сапар барысында  сүт өнімдерін өңдеу цехының жұмысы таныстырылды.

– Мұнда тәулігіне 20 тонна сүт өңделеді, ал, ет өнімдері мен жартылай фабрикаттар күн сайын 1 тоннаға дейін дайындалады. Өндіріс барынша автоматтандырылған, – деп атап өтті серіктестік директоры Вячеслав Буздуган.

Мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуден басқа, «Айбат» серіктестігі техника жөндеумен және қызмет көрсетумен, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығымен айналысады.

Жақсы ауылының тұрғындары мен қонақтары дайын өнімді әрқашан «JAQSY» сауда орталығынан сатып ала алады. Мұнда сүт, нан-тоқаш, ет өнімдері және «TNK Агрофирма» серіктестігі өндірген жартылай фабрикаттар сатылады.  Атап айтар болсақ, тәтті айран, қаймақ, ірімшіктердің түр-түрі, шұжықтар мен консервілер, ұн мен жарма, тағы басқасы бар. Сондай-ақ, аталмыш ғимаратта орналасқан наубайханада хош иісті нан мен тәтті тоқаштар да сұранысқа ие. Оның барлығы нарықтық бағадан арзан сатылады.

Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру қарқынды дамуда.  Осыған байланысты кәсіпорын қосымша жұмыс қолына мұқтаж екен.

– Алдымен бос үйлерді сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, келген мамандарға бердік, – дейді Ғабиден Бралин. – Бірақ, бұл онша оңтайлы  емес екендігін түсініп, осылайша көп пәтерлі үйлер салу идеясы пайда болды. Тұрғын үй «Урожай» серіктестігінің қызметкерлеріне және әлеуметтік сала мамандарына – мұғалімдерге, дәрігерлерге, мемлекеттік қызметшілерге арналған.

Қызылорда қаласынан келген хирург-дәрігер Жанайдар Қажденбеков баспаналы болған жастардың бірі. Ол аудандық ауруханада жұмыс істейді. Жанайдар жас мамандарға жасалып жатқан қамқорлыққа дән риза. Биылғы жылы ауданда төрт дәрігер маман жұмысқа кіріскен, күзге дейін тағы үш дәрігер келеді деп күтілуде.

Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. «Урожай» серіктестігінің қаражаты есебінен үш қабатты тұрғын үй салынуда. Шаруашылық директорының айтуынша, желтоқсан айында тағы 27 отбасы көшіп келетін болады.

Аудандағы Т.Уәлиев атындағы жекеменшік спорт мектебі 2002 жылы ашылған. Мұнда бокс, күрес, футбол, баскетбол және волейболдан спорттық үйірмелер жұмыс істейді.  Бұл спорт мектебінде бокстан әлем чемпионы Дина Жоламан мен әлем чемпионатының жүлдегері Карина Ибрагимова тәрбиеленген. Олардың тәлімгері Александр Высоцкий ауыл балаларын күні бүгінге дейін спортқа баулып, жаттықтырып жүр.

Жақсы ауылының баскетболшылары үш рет Қазақстан чемпионы атанса, волейболшылар да республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде. Мектеп мұражайында спорт мектебінің тарихынан хабардар берер құнды деректер, спортшылардың жетістіктері туралы мағлұматтар, кубоктар мен медальдар, жарыстарда түскен фотосуреттер қойылған.

Қазір Белағаш ауылында да заманауи спорт кешені бар. 2022 жылдан бастап бокс, күрес және волейбол бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізіледі.

– «TNK Агрофирма» серіктестігіне кіретін компаниялардың өнімдері мен қызметтеріне сұраныс жоғары. Бұл ойластырылған және сауатты стратегияның, сондай-ақ, тауарлардың сапалы болуының, еселі еңбектің жемісі. Кез-келген серіктестік осындай жоғары деңгейге ұмтылу керек, – дей келіп, өңір басшысы Ермек Боранбайұлы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жұмысына оң баға беріп, аудан басшылығына алдағы уақытта әлеуметтік саланы да өркендету мәселесіне зор көңіл бөлу керектігін баса айтып, нақты міндеттер жүктеді.

Наталья ЯКОВЛЕВА,
Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Жақсы ауданы.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар