«Еңбек жолы» конкурсының  өңірлік жеңімпаздары анықталды

Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін мерекелеу қарсаңында Көкшетауда «Еңбек жолы» өңірлік конкурсының қорытындысы шығарылды.

Жыл сайынғы іс-шара еңбек адамының беделін арттыруға, нәтижелі еңбекті ынталандыруға, жұмысшы кәсіптерін насихаттауға, жастарды өндіріс саласына тартуға, сондай-ақ, жұмысшы әулеттерінің көп жылғы дәстүрлерін нығайтуға бағытталған. Өңір әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақмола облысының әкімі Е.Б.Маржықпаев «Еңбек жолы» өңірлік конкурсының жеңімпаздарына атаулы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Ағымдағы жылы «Еңбек жолы» конкурсына қатысу үшін 3 номинация бойынша 42 өтінім берілді. Оның көбі, яғни, 18 өтінім «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша келіп түскен болатын.

Конкурс жеңімпаздарын өңірлік деңгейде іріктеу үшін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжановтың төрағалығымен, сондай-ақ, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының, мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметкерлерінің, аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары өкілдерінің қатысуымен конкурстық комиссия құрылды.

Конкурс қорытындысы бойынша «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ЖШС экстракция цехының 3-разрядты аппаратшы-гидрометаллургі Олег Гончарик «Үздік еңбек әулеті» номинациясында үздік болып танылды. Бұл еңбек әулеті 3 ұрпақтан, атап айтқанда, әкесі, ұлы және немересінен тұрады. Әулеттің осы кәсіпорындағы жалпы еңбек өтілі 154 жылды құрайды.

Бурабай ауданындағы «RG Gold» ЖШС үймелі шаю учаскесінің шебері Құндызбек Нұқышев өндірісте жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері болып танылды. Оның жалпы еңбек өтілі 42 жыл. Ол өзінің ұзақ жылғы еңбек қызметінде бірнеше үздік мамандарды тәрбиеледі.

Зеренді ауданындағы «Altyntau Kokshetau» АҚ КБАЖ-ының жетекші инженері Дамир Шакеев өндірістің үздік жас маманы болып танылды, оның жалпы еңбек өтілі 4 жыл. Жұмыс істеген уақытта ол өзін жауапты, еңбекқор, келешегі бар қызметкер ретінде көрсетті.

«Еңбек жолы» конкурсының Ақмола облысы бойынша жеңімпаздарының материалдары алдағы уақытта республикалық деңгейдегі конкурсқа қатысу үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберілді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар