Әркімнің ана тілі – өз мерейі

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күн.

Бұл мереке 1998 жылдан 2017 жылға дейін 22 қыркүйекте аталып өтілетін. 2017 жылы үкіметтің «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылды. Атаулы датаның өзгеру себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Ақмола облысында Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай, 2023 жылғы 5-16 қыркүйек аралығында өткізілетін іс-шаралардың жоспары бекітілді. Бұл жоспар бойынша облыстың барлық өңірлерінде 2 мыңнан астам шаралар іске асырылады деп жоспарлануда.

Әр халықтың, ұлттың құрмет тұтар өз ана тілі бар. Әрбір адам өз тілінде, анасының ақ сүтімен дарыған туған тілінде сөйлеуі тиіс. Сонау замандағы ата-бабаларымыздың өздері де қазақ тілінің жойылуына аз қалған шақта жан аямай күресіп, қолдарынан келгенше тырысып, келешек ұрпаққа қазақ тілін аманат етіп қалдырды. Осы тілімізді біз әрі қарай дамытып, жетілдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек. Өйткені, қазақ тілі – ұлттық, мәдени, рухани асыл мұра.

Мемлекеттік тіл  тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек,  Ата Заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны.  Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, Отанымыз – Қазақстан! Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін түсінген әр отбасы уыз шағынан балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, бұл тілдің еш қиындығы жоқ. Қазақ  тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.

Осыған орай, басымнан өткен бір оқиғаны айтып өтейін, осы біздің аудан орталығы Щучинск қаласында сауда орындарында сатушы қандай ұлт болсын, тұтынушы сатушымен  орыс тілінде сөйлеу  қалыптасып кеткен, бірде дүкенге барып алатын затымды қазақша сұрадым, сөйтсем, өзге ұлт өкілі болса да қазақша білетін адам болып шықты. Соңында қазақша сұрағаныма ол да, менің сұрағанымды түсініп қазақша жауап бергеніне мен де таңғалып тарастық. Былай қарасақ, Қазақстанда мемлекеттік тілде сөйлеу қалыпты жағдай болуы тиіс, алайда бәріміз орысша сөйлей берсек, олардың қазақша үйренбейтіні анық қой. Жүрген жерімізде тұтынушы ретінде қазақ тілін талап ету – қарапайым ғана азаматтық іс. Өкінішке қарай, көбіміз көңіл жықпастыққа салынып, орысша сөйлей жөнелеміз. Ерік-жігеріміз жетпей жататыны ащы шындық.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,–деп Қадыр Мырзалиев атамыз айтқандай, өз ана тіліңді құрметтеу басты парыз. Біз қазіргі таңда тәуелсіз, еңсесі биік мемлекетпіз. Осы мемлекетіміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілде сөйлеп, оны құрметтеуі, жетік меңгеруі қажет.

Осы ана тіліміздің абыройын асқақтатып, мәртебесін арттыру, аудиториясын кеңейту және насихаттау бағытында көптеген игі істер атқарылып жатыр. Қазақ тілінің мәртебесі, оның қазіргі жағдайы, қоғамдағы алатын орны туралы әр деңгейде әртүрлі пікірлер айтылып жатады. Оған қатысты сынның да көп айтылатыны ешкімге құпия емес. Ең өкініштісі, қазақ тілінің өзіне тиіс биігіне шыға алмай отырғанына кедергі келтіріп жүрген қазақтардың өзі екені. Бұл – ащы болса да, шындық. Өзінің анасын қадірлемейтін, құрметтемейтін адам болмайды, ал, ана тілін сыйламайтындар көп кездеседі. ТІЛ сөзінің АНА деген қасиетті де қастерлі ұғыммен тіркесіп, АНА ТІЛІ деп қолданылуы оларды қалайша ойландырмайды?!

Дана халқымыздың «Отан отбасынан басталады» деген ұлағатты сөзі бар. Өкінішке орай, ана тіліміз көптеген отбасылардың «есігінен ғана сығалап» тұрғандай. Әрбір ата-ана құдіретті тілімізді төріне шығарып, лайықты орнын берсе, ұрпағының болашағына шуақ шашып, ақ жол сілтегендей болар еді. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

Ана тілі – болашаққа қалатын мұра, сондықтан, ана тілін көздің қарашығындай сақтап, қадірлеп, асқақтата берейік. Халқымыздың кемеңгер жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді», – деген. Өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, қадірлі жерлестер!

 Жанар МАХМЕТОВА,
                         Бурабай аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры. 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар