Шалғымбайдың жазығы не еді?!.

Бір кезде Кеңес дәуірінде «Талдыкөл» кеңшарының бөлімшесінде Шалғымбай деген жігіт әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы міндетін  Кеңес Одағымен бес жыл соғысып, тас-талқан болған Германияда өткізіп, бүгінгі күнін көріп, таңқалады. Ауылдық жерлерінің өзінде халыққа не қажеттің бәрі бар. Монша, дүкен, клуб, мектеп, спорттық нысандар, тағы басқа, бәрі көздің жауын алады.

Әскерден оралған Шалғымбай өз ауылының жағдайын көріп, жоғары жаққа ауылда дұрыс өмір сүруге тақа ештеңе жоқ екендігін айтып, хат жазады. Кеңшар директоры бірде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кәріпжанов Қабиденге Шалғымбайдың ана мәселе, мына мәселеге көңілі толмай, маза бермейтіндігі туралы мұңын шағады. Қабекең оны бөлімше басқарушысы етіп қой деп ақыл береді. Директор басшының ақылын тыңдап, ауылға бөлімше басқарушысы етіп қояды.

Ол әскер қатарында жүргенде беделді еді. Үлкен командирлердің сеніміне кіріп, сержант шенін алып, взвод командирі дәрежесіне дейін көтерілген жігітті қарамағындағы солдаттар сыйлайтын және тыңдайтын.

Соны пайдаланып, Шалғымбай әскерде қызметтес болған әртүрлі мамандық иелерін ауылына шақырады. Солардың ішінде Дағыстаннан келген Магомед өзі биші, келіншегі киім тігудің маманы, Белоруссиядан келген Антон құрылысшы, әйелі бала тәрбиешісі, Башқұртстаннан келген Рүстем жүргізуші, әйелі мұғалім, тағы басқалары да қара жаяу емес. Барлығы сегіз отбасы келіп орналасады.  Ауыл да енді жақсы жағына өзгеріп шыға келеді. Монша салынады, клуб жөндеуден өтіп, кино, концерттер қойыла бастайды. Сынып тұрған автобус іске қосылып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Бірде бөлімшеге келген бірінші хатшы Қабекең істің жайына көңілі толып, «сен, Шалғымбай, коммунистсің бе?» деп сұрайды. «Жоқ» деген жауап алған соң, кеңшардың партком хатшысына «мынаны партияға дайында» деп тапсырма береді. Партияның жарғысы мен бағдарламасын жаттатқандай етіп дайындап, кезекті райкомның бюросына алып барады. Бюро мүшелері әртүрлі сұрақтар қойып, біріне дұрыс жауап алса, кейбір теориялық сұрақтарға Шалғымбай кібіртіктеп қалады. Ең соңында бірінші хатшы «Манифесті» кім жазды?» деген сауал қояды. Шалғымбай дәл осы тұста зәресі кетіп, бұл бір үлкен арыз шығар деп, «мен жазған жоқпын» деп азар да безер болады. Ол кезде «Манифесті» білмеу қылмыс болмаса да, үлкен ағаттық. Бюро мүшелерінің бірі немесе партия хатшылары сыбырлап айта алмаған. Кейбірінің бәлкім, өздерінің де хабары шамалы шығар. Соны байқаған Кәріпжанов Қабиденнің мына жағдайға көңілі қалып, іренжіп, жүрегі сыр береді. Тілінің астына нитроглицерин салады, ол көмектеспей, ақыры, бірінші хатшы ауруханға түседі. Бюрода қатысып отырған аудандық милицияның бастығы Амантай Жарылғапов Шалғымбайды іле өзіне алып кетіп, жазғанын мойындатады. Сол қуанышын милиция бастығы ауруханаға барып, бірінші хатшыға жеткізеді. Қабиден Кәріпжанов әлгі арада «оның не, «Манифесті» жазған ол емес, Карл Маркс» дейді. Амантай келіп, Шалғымбайды босатып жібереді. Міне, кешегі заманда осындай да қызықтар болған. Қазір де мұндай қызықтар жоқ емес, әрине, бар.

Бұл нені көрсетеді, сол кездегі кей бюро мүшелерінің марксизм теориясынан хабарының нашарлығын. Партия қатарына алатын қарапайым адамға білім дәрежесіне қарай сұрақ қойса да жетіп жатыр ғой. Бұл әңгімені мен Шалғымбайдың құрдасы Мейірманнан естіп, қолыма қалам алмай тұра алмадым. Әлі де бірімізге болмаса, бірімізге сабақ болсын…

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
 зейнеткер.

 Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар