Тілдер күні көңілден шықты

Облыс орталығы Көкшетау қаласының орталық саябағында, Абылай хан ескерткішінің жанында тілдер онкүндігінің аясында Қазақстан халқының тілдері күні аталып өтті.

Мерекелік кешті Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығы «Достар» мәдениет сарайымен бірлесіп ұйымдастырды.Аталған іс-шараға қаламыздың белсенді әрі талантты жастары қатысты. Және де қазақ тілін дәріптеп, өзгелерге үлгі болып жүрген блогер, «Тикток» шебері Алексей Қайықбаев келіп, кештің көңілді өтуіне себепкер болды. Мерекелік шараның мақсаты жастардың өз тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, шығармашылық әлеуетін дамытып, мәдени құндылықтарға тарту, азаматтық және патриоттық тұрғыдан ұштау екендігі белгілі еді.

Іс-шара барысында қаламызға танымал әншілер қазақ тіліндегі рухты әндер шырқап, көрерменнің көңілін көтерді. Мереке шеңберінде, 7 кезеңнен тұратын викториналық ойын ойнатылып, жастардың тапқырлығы сыналды. «Тапқыр болсаң озып көр», «Түрлі-түсті конверттер», «Тіл өнері», «Тілге құрмет – елге құрмет» сияқты кезеңдерден тұратын ойында жастар қазақ тіліндегі жұмбақтарды тауып, мақалдарды жалғастырды және сөздер құрап, тапқырлығын көрсетті. Ойынға және іс-шараға белсенді қатысқан жастар әртүрлі сыйлықтарға ие болды.

Сонымен қатар, тоғызқұмалақ, асық ату және арқан тартудан сайыстар өтіп, жастардың өнері таразы басына тартылды. Кеш соңында қала тұрғындары мен қонақтарына, жастарға арналып қызықты «OPEN AIR» мерекелік шоу өткізілді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар