Өз тіліңе қырын қарама!

Облыс орталығындағы электронды кітапханада «Темірқазық» ұйымы Қазақ тілі апталығына байланысты «Тіл деп білем тірлікті, бірлікті де» атты kahoot ойынын өткізді.

Іс-шараның мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, жастардың мемлекеттік тілге құрмет сезімдерін қалыптастыру болып табылады.           Kahoot ойынына Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясының курсанттары мен ұйым мүшелері қатысты. Ойын нәтижесі бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.

Қазақ тілін ұлықтап, дәріптеуден, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі, тіл бүкіл бір халықтың жүрегі. Оның астарында ұлттық болмыс пен рух, дәстүр мен салт жатыр. Сондықтан, әр халық өз тілінде мақтанып қана қоймай, оны даму жолында жұмыс жасауы керек. Себебі, қазір әлемде жойылып кетуі мүмкін тілдер көп. Бұл тілдер қолданыстан қалып, сөйлеуі мен өмір сүруін тоқтатса, ол тұтастай бір ұлттың қасіреті. Оған сол ұлттың не халықтың жойылып кетуі тікелей себеп болады. Одан қала берді, отаршылдыққа тап болған елдердің де тілдері сол үстем ел тіліне бағынып, өз өмір сүру салтын жоғалтады.

Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше. Ата-бабаларымыз, халқымыздың кемеңгер ұлдары айтып кеткеніндей, тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан, сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында аманат қалдыруға, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп көрнекті ақын ағамыз Қадыр Мырза Әлі де тегін айтпаған. Қазіргі қоғам тілді үйренуге еш шектеу қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақ өз үлесін қосуы керек. Әзірше бәрі керісінше болып тұр. Сондықтан, өзгенің құлы емес, өз еліміздің ұл-қызы болайық, өзгенің емес, өз ұлтымыздың тілін ұлықтап, мәртебесін арттырайық!

Берденбек МЫРЗАТ,
«Темірқазық» ұйымының баспасөз қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар