Жақсылық жасауға ұмтыл!

Қазақ «Қуантсаң, баланы қуант» деген емес пе? Шынымен де, баланың алғысынан асқан бақыт бар ма?. Кез-келген бала өз қатарластарынан қалғысы келмейтіні анық. Ашып айтпаса да,баланың көз жанарынан бәрін байқауға болады. Мұңайғанын да, қуанғанын да жасыра алмайдыбала жүрек… 

Бәрі жақсы деп несіне бұқпантайлаймыз. Қоғамда бай мен кедей түсінігі қалыптасып жатыр. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегендей… Әрине, кез-келген ата-ана баласының бақыты жолында аянбай еңбек ететіні анық. Дегенмен де, қысқа жіп күрмеуге келмей, кейде қаржы қыспаққа алатыны бар. Шарасыз күйдегі ата-ана басын тасқа да тауға да соғып, бірі несие, бірі ел-жұрттан қарызданып-қауғаланып, не болса да баласының айтқанын екі етпеуге тырысады.  Бұл  – ессіздік те еліктеу де емес, жүрегімен жалғасқан  баласының жұрт қатарлы болғанын қалаған ата-ана пейілі ғана.   Күні кеше мектеп жасындағы баласы бар отбасылар балаларын мектепке қамдап, біраз әбігерге түсті.  Жылдан-жылға бағаның шарықтауыайлығы шайлығынан аспайтын жандар үшін әжептәуір салмақ. Мұндайда көп балалы отбасылардың біраз қаржысы қағылып қалатыны да түсінікті. Байқап жүреміз, қазіргі таңда біреуге қолұшын берсем деген ізгі тілекпен жүретін жандар қатары артып келеді. Мемлекет тарапынан да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға барынша қолдау бар. Ұқсата білгенге  азын-аулақ қаржының да берекесі мол.

Осындай игі бастаманың бірі  – «Мектепке жол!» акциясы екендігі анық. Жақсы бастама жыл сайынғы жақсы дәстүрге ұласып отыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылатын республикалық акция Ақмола облысында дакең қолдауға ие. Мәселен, өткен жылғы акция қорытындысы бойынша өңіріміздегі 12 мың балаға жалпы сомасы 416,0 миллион теңгеге материалдық көмек көрсетілген. Ақмола облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенетін болсақ, ағымдағы жылы акция аясында 17 мыңнан астам оқушы балаға қолдау көрсетіліпті. Атап өтерлігі, «Мектепке жол!» акциясы облыстың барлық аудандары мен қалаларында қыркүйек айының соңына дейін жалғасын табады. Өтініштер әлі де қабылданып жатыр. Ағымдағы жылы бұл игі шара «Жақсылық жаса» ұранымен басталды.

–Мемлекет өз тарапынан жыл сайын мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, ағымдағы жылы Жалпыға бірдей міндетті білім қорынан ақмолалық 17 мыңнан астам мұқтаж оқушыларға мектеп формасы мен оқу-құралдарын сатып алуға 695196,7 мың теңге қаражат бөлінді. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай салдарынан жәрдемталап ететін отбасылардан шыққан  балалар қаржылай көмек ала алады. Атап өтерлігі, қайырымдылық іс-шараға қоғам белсенділері, кәсіпкерлер зор үлес қосуда, – дейді Ақмола облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің бас маманы Бақытжан Тұтқабаева.  Бас маманның айтуынша, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік бюджет есебінен Жалпыға бірдей білім беру қорынан балаларды мектеп формасымен қамтамасыз ету жоспары 100 пайыз орындалды. Ал, бюджеттен тыс қаражат есебінен 108747,4 мың теңге сомасына өмірлік қиын жағдайға тап болған 5377 оқушыға көмек көрсетіліпті. Көрсетілген материалдық көмектің жалпы сомасы 803944,0 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, Астана қаласының «Ақниет» жеке қайырымдылық қоры 11,2 миллион теңгеге кеңсе тауарлары бар 1118 мектеп сөмкесін, «DAULETTEN қайырымдылық қоры»жалпы соммасы 5 миллион теңгені құрайтын кеңсе тауарлары бар 50 мектеп рюкзагін,  сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы жанындағы «Әлеуметтік өзара іс-қимыл және коммуникациялар орталығы» жекеменшік мекемесі23,4 миллион теңгеге 1376 оқушығакеңсе тауарлары бармектеп сөмкелерін табыс етті.

«AMANAT» партиясының Ақмола өңірлік филиалы мемлекеттік органдардың көмегінсіз 57,0 миллион теңгеге 2107 оқушыға қажетті жабдықтарды әперіп, қолдау көрсетті. «Еуразиялық банк» басшылығының қолдауымен аз қамтылған отбасыларға, табысы төмен көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедек балалары бар отбасыларға жалпы 8 миллион теңге сомасында қаржылық қолдау көрсетілгенін де атап өтуіміз керек. Қайырымдылық  жасау – қазақтың бойында бар қасиет. Мұқтаждың талған өзегіне талғажу болу ізгі амал. Қиын сәтте қолдау білдіргенді тегі жақсы ұмытар ма?! Аталмыш мақаланы жазу барысында біз акцияның шапағатын көрген бірнеше адаммен де тілдестік. Дегенмен, олардың есімдерін атап, алғысын жариялауды жөн көрмедік. Баланың көңілі пәс болмасын, өзін ешкімнен кем санамасын деген ой ғой біздікі. Қамшының қысқа сабындай өлшеулі ғұмырда шама-шарқың келгенше ізгілік жасауды ұмытпайық. Әсіресе, балаға қамқорлық жасау – ел ертеңіне деген қамқорлық емес пе?!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар