Отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық

 «Болашақ»  сарайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен  Отбасы күнін мерекелеу аясында өткен «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау салтанаты болып өтті. Жиын барысында облыс әкімі  үлгілі отбасылармен жүздесіп, олардың ұлт болашағы жолында атқарып жатқан ізгі істері мен тағылымды ұстанымдары үшін алғыс білдірді. Өңірлік байқауда жүзден жүйрік атанған жеті отбасына аймақ басшысы дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етті.          

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының бастау алғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осы он жылда Ақмола облысынанөңірлік  байқауға 1000-ға жуық отбасы қатысып, өзара бақ сынасқан. Аталмыш байқаудың адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттауға, отбасы мәртебесін арттыруға қосқан үлесі зор. Жыл сайын байқауға қатысамын деуші отбасылар қатары арта түскен. Бір ғана мысал, биылдың өзіндеоблыстық кезеңге 100-ге жуық өтінім беріліпті. Облыстық комиссия отырысының ұйғарымымен жүзден жүйріктер анықталып, топ ішінен оқ бойы озық көрінген жеті отбасымарапатқа ие болды.

Облыс әкімі алдымен, «Болашақ» сарайын аралап шығып, ұжымның тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты. Бұдан кейін білім мекемесінің фойесінде көрініс тапқан «Асыл Аналар» көп балалы аналар қауымдастығының көрмесін аралап, қолөнер шеберлеріне  оң баға берді.  Олар көбіне үй жағдайында отырып, тұрмыстық заттар жасайтын ісмерлер.  «Асыл Аналар» көпбалалы аналар қауымдастығының төрайымы Анаргүл Мұхамедрахимованың айтуынша, қауымдастықта 347 көп балалы ана бар. Солардың бір қатары осы көрмеге өз өнімдерін ала келіпті.

Марапаттау салтанатының өн бойы сұлулық пен ізгілікке, мөлдір мейірімге шомып тұрғандай әсерге бөлегені рас. Ата-ана мен балалардың бір-біріне деген ыстық ілтипаттары, құрметі, ыстық ықыластары әдемі кешті әрлендіре түсіп, көңілдерге сөз жеткізгісіз жылылық сыйлады. Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі жиналған барша қауымды Отбасы күні мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Қазақ халқы үшін отбасы қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отбасы адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып кіретін үйі, өсіп, ер жетіп,  тәрбие алатын аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Данышпанның да,  ғалымның да,  ең алғашқы тәлім мен тәрбиесі осы үйде қаланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында отбасылық құндылықтарды нығайту маңыздылығына ерекше назар аударып, әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ  әрі жанашыр болса алынбайтын асу жоқ деді. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей,  жанұя мемлекеттің тірегі, қоғамдағы әр  отбасының босағасы берік, мерейі үстем болсын, – дей келіп, өңір басшысы марапаттау салтанатына қатысқан өнегелі отбасыларға алғысын білдіріп, ақжарма тілегін жеткізді.

Иә, ұлағатты отбасы – ұлт мақтанышы. Осындай ізгі мұратты ұстанған ұлағат иелері өскелең ұрпаққа өнеге болары хақ. Жақсының жақсылығын паш етуге бағытталған осы бір игі бастама қаншама адамға қанат бітірді, қаншама жас отбасыларға үлгі болды.

– Біздің облысымызда да мерейлі отбасылардың қатары көбейіп келеді. Олар бүгінде барша бір ел үлгі тұтар, өнеге алар жанұяға айналды. Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, салт-дәстүрді берік ұстанған, ұрпағына тағылымды да тәлімді тәрбие берген осындай ардақты жандар қай кезде де мақтауға тұрарлық. Биыл 130 жылдық мерейтойын атап жатқан халқымыздың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев

«Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» деп айтқан екен. Сондықтан, келешек ұрпаққа отбасылық құндылықтарды насихаттау ауадай қажет дүние! – деді өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Міне, дәл осындай ұлағатты, яки отбасылық  құндылықтарды насихаттап жүрген жеті отбасы салтанатты жағдайда мерейлі марапатқа ие болды.  Олардың арасынан әрине, алдымен осы байқаудың облыстық кезеңінде бас жүлдеге ие болған Қосшы қаласының тұрғындары Қазанғаповтар әулеті туралы сөз бөлек. Әр заманның өнеге тұтар, сый-құрметке ие болар өз тұлғасы болады. Елге еңбегімен үлгі болған Ыбырай ақсақалды дәл осындай өнеге иесі десек, асыра айтпағандығымыз. Ұлттық тәрбиені ұлағат тұтқан киелі шаңырақта  алты баладан өрбіген 20-ға жуық немере тәлім-тәрбие алуда. Әрқайсысы үлгілі тәрбиесімен ел алғысына бөленіп жүрген ұл-қыздар. Облыс әкімі бас жүлдеге ие болған Қазанғаповтар отбасына диплом және 500 мың теңге ақшалай сертификат табыс етті.  Сонымен қатар,  Біржан сал ауданының абыройын аспандатқан Сатыбалдиновтар отбасы да құрметке бөленіп, байқаудың 1-ші орын жүлдегерлері атанды. Бұл өнегелі отбасы иелері диплом және 350 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. Сатыбалдиновтар әулетінде он екі бала тәрбиеленіп өскен, олардың сегізін патронаттық  тәрбиеге алып, қамқорлыққа бөлеген.  Байқаудың жүлделі екінші орнына зеренділік Албаевтар отбасы ие болып, диплом және 250 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. Ал, Қосшы қаласында тұратын  Мәулет отбасы  байқаудың жүлделі үшінші орнынан көрініп, диплом және 150 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды. Байқау қорытындысы бойынша   үш көтермелеу жүлделері бұландылық Жириявтар, атбасарлық Лутошкиндер және степногорлық Әубәкіровтар отбасыларына табыс етіліп, әрқайсысына  диплом және 50 мың  теңге ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Салтанатты жиынның соңында  мерейлі отбасылар өз өнерлерін ортаға салып, жылылық тұнған тағылымды кештің ажарын аша түсті. Әсіресе, бал тілді балдырғандардың    ана сүтін ақтаймын, ата салтын сақтаймын деп тебірене ән салғаны жүректерді толқытып, көңілдерді шат етті. Мерейі үстем осындай отбасылар қатары көп болсыншы, әманда!

        Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар