Туризмді шын мәнінде өрге бастырмай, шеттен туристерді ағылта алмаймыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің туристік әлеуетіне тоқталып, бұл салада жұмыс ақсап тұрғанын сынға алған болатын. Айтса айтқандай, қолда барды құнттап, кәдеге асыра алмай жатқанымыз да шындық.

Табиғаты тамылжыған елімізде туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік бар. Айдын шалқар көлдер мен мәңгі жасыл қарағайлар, қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген жалпақ даланың өрі мен еңісі тылсым тарихқа тұнып тұр. Рухани жоқ іздеген жолаушы діттегенін осы жерден табар еді. Мамандардың бағамдауына қарағанда, бүгінгі турист табиғаттың тамаша сұлулығын ғана емес, сонымен бірге, жан-дүниесін сәуірдің ақ жауыны жуғандай бір тазартып алатын, бұрын көп адам жолықтыра қоймаған, бастау бұлағынан су ішпеген жаңа қазынаға, рухани азыққа жолыққысы келеді. Бәлкім, оларға көз арбайтын қызылды-жасылды сыртқы пішіні суықтау сұлулық та қажет емес шығар. Ең бастысы, тұмса табиғаттың жібек шілтері көлегейлеген, көк мұнарға бөгіп тұрған көркем далада жан мен тәнге қажеттің бәрі бар. Өкініштісі, қанша жылдан бері туризмді табыс көзіне айналдырамыз деп ұмсына ұмтылғанымызбен уысқа түспей тұр. Ақтауда өткен үлкен форумда еліміздегі туризм саласын ілгерілету бағытында ауқымды жобалар ұсынылды. Ендігі арада Жаңа Қазақстанның жаңарған, жасарған туризм саласы туған жердің төсін туристер ағынына айналдырса. Жалғыз табыс қана емес, туризм төрге шыққанда қазақ даласындағы табиғи, рухани қазына төрткүл дүниеге паш етілер еді. Бұл орайда «Туризм серпінді жобалар қатарында болуға тиіс» деген Президент осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатқанын, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келе жатқанын екпін түсіріп айтып өтті.

Біз бүгінде шетелдік кірпияз көңіл туристерді қабылдауға дайынбыз ба деген сауалға жауап іздеп көрейікші. Мемлекет басшысы көңіл аударып отырған осы мәселе жанды жейді. Тұмса табиғатымыз, бай тарихымыз, айрықша мәнді мәдениетіміз бен озық салт-дәстүріміз әлемдегі өзгеден аты озған туристік державалардың қатарында болуға үлкен мүмкіндік береді емес пе? Ақтауда өткен форумда еліміздегі туризм саласын дамытуға ықпал ететін ауқымды жобалар ұсынылды. Осы жобалар іске асса, бөгесіндер қатпары алынып, туристердің жаңа ағыны Қазақстанға құмарта келер еді.

Бұл мәселеде оралымсыздық әлі де көп. Мәселен, өкпек жолаушылар жүретін, адам аяғы аз басатын табиғи қойнауларға баратын жолдың жағдайы сын көтермейді. Егер туристік маршруттар жылан жалағандай тазартылып, абаттандырылмаса, жүргінші нөпірінен пайда болатын қоқыс салынатын контейнерлер орнатылмаса, тіпті ең аяғы дәретханалармен қамтамасыз етілмесе, саланың серпін алуы мүмкін бе? Ол үшін барлық табиғи аумақтарды мұқият тазалау керек. Айлық өткіземіз бе, акция жариялаймыз ба, жалпақ жұртты жұмылдырамыз ба, әйтеуір, бір амалын істеген ләзім. Жадырап жаз келгенде, Алтайдан Атырауға дейінгі иен далаға күреңітіп күз келгенде республикалық акцияларды өткізудің мәні зор. Біріншіден, тазалық, екіншіден, сол табиғаттың игілігін көретін жалпақ жұртты тәрбиелеудің, әсіресе, жастардың санасына табиғат-ананы мұқият күтіп ұстаудың қажет екендігін сіңіреді.

Туризм саласындағы уәкілетті органдар шетелдік туристерге қызмет көрсетуді жүйелі түрде бақылауы қажет. Әуежай және теміржол вокзалдарында үш тілде берілетін ақпарат болуы шарт. Анықтамалықтарда шет елдіктерге түсінікті тілде жауап бере білу, барлық этикалық нормалар мен қонақжайлылық сақталуы керек.

Біз Қазақстан туристік қоғамының өкілдері ел Президентінің Жолдауында қойылған міндеттерді басшылыққа ала отырып, туризм саласының жан-жақты дамуына күш салуымыз керек. Кедергі болып отырған жай аз емес. Туризмді басқарудың бірыңғай құрылымын әзірлеуде, кадрларды іріктеу мен орналастыруда орталықта, жергілікті жерлерде жүйелі жұмыс болмай тұр. Бұл жай туризм құрылымдарында министрліктің атынан орталық уәкілетті органның рұқсатымен туризмді экономикалық құрылымдарға, басқаларын кәсіпкерлікке, үшіншісін мәдениетке, төртіншісін спортқа қосақтаған кезде пайда болды. Берекесіздік жергілікті жерлерде осы салаға деген көзқарастың қандай екенін көрсетеді. Тығырықтан шығу үшін өңірлерде туризм басқармасының үлгілік құрылымын әзірлеп, оны Үкіметтің бекітуіне енгізіп, ең болмағанда, облыс әкімдерінің тапсырманы орындауын міндеттеген жөн. Министрлік шенеуніктердің үнсіз келісімімен басшылық қызметке туризмнің нағыз жілігін шағып, майын ішкен мамандары тағайындамаған соң көптеген қателіктерге жол беріледі. Басшылық қызметке ұсынылатын үміткердің жарамдылығы немесе дайындығы туралы ескеріле бермейді. Осы себепті кейде туризмнен алыс адамдар да туризм саласындағы жауапты лауазымдарға орналасады. Көзқарас осындай болғаннан кейін мейлінше тәжірибелі, кәсіби даярлығы мықты кадрлар шеттетіліп қалып жатыр.

Бірқатар өңірлерде туризмді жедел дамытып, салаға соны серпін беру үшін бұрынғы тәсілді өзгертіп, жаңғыртқан ләзім. Жергілікті жердегі басым бағыттар мен маңызды жобалар қолға алынуға тиісті. Мәселен, Алматы облысындағы әр жыл сайын өңірге мыңдаған туристерді тартатын «Тайқазан» жобасы кеңейтіле түсуі қажет. Әттеген-айы сол, бұл тарапта ымыраласқан ұйымдастырушылық пен қаржылық қолдау нашар. Шығыс Қазақстан облысының «Алакөл қанаттары» жобасы ше? Бурабай баурайындағы халықаралық бард ән фестивалі жобасы да назар аударарлық-ақ дүние. Демек, еліміздің әр өңірінде лайықты жобалар бар. Мұндай жобалар өзінің мазмұндық сипатымен жерлестеріміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдіктердің назарын аударып, елге тартуға септігін тигізер еді. Түптеп келгенде, ол Қазақстанның халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі өңірлерде «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы өкілдіктерін құру туралы ұсынысты құптағаны жөн. Жергілікті жерлерде туристік бизнесті дамытуға өз үлесін қоса алатын мамандар легі толыққан кезде бұл құрылым айтарлықтай нәтиже беруге тиісті.

Отандық туризмді дамытуда орталықта да, жергілікті жерлерде де ведомствоаралық үйлестірудің болмауы саланың дамуына кедергі болып тұр. Мәселен, елдің спорт пен мәдениет саласында ауқымды шаралар өткізілуде. Бірақ, ол шараларды шетелдік туристердің назарына ұсыну жағы кемшін.

Біздің ойымызша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту үшін уәкілетті органдармен тығыз жұмыс істеуі тиіс. Өз елінің нағыз патриоты болып, төл табиғатымызды көздің қарашығындай сақтауға мектеп партасынан бастап тәрбиеленгендері жөн. Сондықтан, балалар мен жасөспірімдер туризм мәдениетін ертерек бойларына сіңіргендері дұрыс. Бұл саладағы ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін ел Үкіметі жанында бір кезде болған туризм жөніндегі кеңестің қызметін қайтадан жандандырған ләзім. Ал, Туризм және спорт министрлігі жанынан туризм саласындағы барлық қолданыстағы заңнаманы, тұжырымдамалық және бағдарламалық құжаттарды талдауға, туристік саланы дамыту жөніндегі басымдықтар мен шұғыл шараларды айқындауға тиіс ғалымдар мен сарапшылар кеңесін құру қажет.

Туризм тақырыбында докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғаған ғалымдардың да шетқақпай қалмағандары абзал. Негізінде олар туристік саланың ең маңызды стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуге және іске асыруға тартылғандары жөн. Еліміздегі туризмді ілгері дамыту үшін бірінші кезектегі және перспективалық міндеттерді ескере отырып, алдағы бес жылда туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеген абзал. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған асқаралы міндеттерін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі бизнес өкілдерінің қатысуымен туристік саланың бірінші кезектегі әрі кезек күттірмейтін мәселелерін шешу бойынша іс-қимылдар жоспарын жедел әзірлесе жөн болмақ. Елдегі туризмді дамытудың барлық тұжырымдамалық және стратегиялық құжаттары нақты бюджетпен, инвестициялармен қамтамасыз етілуге тиісті. Еліміздегі туризмді төрге шығару үшін балалар мен ересектерге, сондай-ақ, шетелдік туристерге арналған ғажайып тарихи және аса көрнекті орындар бойынша жүріп өтетін туристік пойыздың іске қосылуы пайдалы болар еді.

Шынарбек БАТЫРХАНОВ,
Туризмді тұрақты дамыту саласының ұлттық сарапшысы,
Қазақстан Республикасының құрметті туризм қызметкері, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар