Өнер және дара жол

Адамзат бойындағы ең асыл қасиеттің бірі – ананың балаға деген махаббаты. Қандай жағдай болмасын, баласын қызғыштай қорып, жамандыққа қимайтын тек Ана. «Баламның табанына қадалған шөңір менің маңдайыма қадалсын» дейтұғын ана. Баласы үшін отқа да, суға да түсетін жанкешті ана. Ана байғұс қаншама рет көңілі қалып, күйзеліп жүрсе де, «іштен шыққан шұбар жыланын» ойлаумен болады. Айлап, жылдап көрмесе де күніге жалбарынып, Алладан баласының амандығын тілейді.

Әттең… Әттең, бала шіркін, сол ананың қадірін біле бермейді-ау. Дер кезінде бағаламайды, аяламайды. Елемейді, ескермейді. Керісінше, жастық албырттықпен ана жүрегіне қаяу түсіреді. Дүниедегі жалғыз жанашыры өз анасы екенін тым кеш түсініп жатады.

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» демекші, көзі тірісінде қу тіріліктің қамымен жүріп анасына көңіл бөлмеген қанша адам кейіннен келместің кемесіне мініп кеткен анасын ойлап күңіренеді. Анасының алдындағы парызын өтемегенін түсініп, бармақ тістеп қала береді…

«Адам қартайғанда – бір бала» деген, анаға ең керегі баласының жылуы. Ананың көңілі бала секілді. Болмашыға өкпелеп, сәл нәрсеге қуанып қалады. Анаңды арқалап қажылыққа апару, зәулім сарай салып беру, алтын-күміске, үлде мен бүлдеге орау міндет емес. Ана үшін баласының ыстық ықыласы, мейірімі алтыннан да ардақты.

Бірер күн бұрын Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының 27-ші маусымын ашқан «Алло, мама…» (авт. Барзу Абдураззаков, реж. Тасқын Мажитов) спектаклі ана мен бала тақырыбын тереңінен толғады.

Қойылым барысында зал толы көрермен іштей өз анасымен тілдесіп, кешірім сұрап, әркімнің ар-ожданы оянып, пендешілікпен жасаған қателіктерін мойындап, жан дүниесін тазартар әсер алды. Тоқсанға келген кейуана жетпіске жеткен ұлын әлі күнге бала көретіні секілді, адам неше жасқа келсе де анасының орны бөлек. Залда отырған көрерменнің бірі анасын ойлап, бірі баласын ойлап, көзі сахнада болғанымен, көңілдері жер-жаһанды шарлап кеткендей. Әсіресе, көздерінен жас моншақтаған жастардың аналарына деген сағыныштары сан есе артқаны сөзсіз. Өйткені, залдан шыға сала аналарымен хабарласып жатты…

Бұл – өнердің құдіреті. Ұлы сахна өнерінің құдіреті. Еш уақытта көрерменін бей-жай қалдырмайтын өнер иесі, сахна саңлағы, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова апамыз спектакльдегі Ананың рөлін шегіне жеткізе, шебер сомдап, әлі де бабында екенін көрсетті. Сексеннің сеңгіріне шыққан жанның бір жарым сағат бойы сахнада тұрып дүйім жұрттың назарын қалт еткізбей ұстауы үшін қаншама қажыр-қайрат, күш-қуат қажет.

Оқығанынан тоқығаны көп тума талант апамыз әлі күнге әр қойылымға мұқият дайындалады. Өзі сомдаған әр образға асқан жауапкершілікпен, ішкі дайындықпен жетеді. «Алло, мамадағы» Ананың алуан түрлі эмоциясын, қуанышы мен қайғысын, сағынышы мен үзілмейтін үмітін осы жолы да шынайы жеткізді. Осы қойылымда халық әртісіне лайықты партнер бола білген Еркебұлан Төлеуовтың болашағы зор. Тәжірибесі мол, еңбекқор, талантты әртіске партнер болудың өзі әрі мерей, әрі сын. Сол сыннан сүрінбеді.

Жібек Бағысова үшін сахна шымылдығының 65-ші рет айқара ашылғанына зор құрмет көрсетіп, биылғы маусымды апамыздың спектаклімен ашқан театр ұжымы (басшысы Жарас Қалдаров) үшін апамыз алтын сандықтай. «Есігіңнің алдында биік төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Жаныңда ақыл қосар қарияң болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген, апамыздың сахнаға шыққан әр сәті үлгі-өнеге. Апамыздың кең пейіліне театрдағы әр әртіске, әр қызметкерге орын табылатыны өз алдына, жылдар бойы өзі кейпіне еніп, тағдыр-талайын толғаған әр алуан ананың образы жұдырықтай жүрегіне кеңінен сыйып тұр-ау.

Жібек апамыз көненің көзі. Сәбира, Бикен, Фарида сынды дарын иелерімен қатар тұрып өнер көрсеткен алтынның сынығы. Сол бір кездердегі телегей теңіз таланттардың бізге бұйырған бір тамшысы. Жібек апайдың сахнадағы өнер мектебі сол заманда қалыптасқан ежелгі мектеп. Сондықтан да, Халық әртісінің өнері бұлақтай мөлдір, таза да терең.

Мен үшін театрдың орны бөлек. Қырық жылдан астам еңбек жолымда осы театрға басшылық еткен төрт жылым ерекше. Өйткені, өнер өмірдің сәні. Өнер екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Сондықтан да, өнер адамдары құрметке лайық. Кезінде апамыздың 80 жылдығына орай, «Өмірлік өнер мектебім» атты естелік кітабының жарыққа шығуына мұрындық болған едім. Сол кітапта Халық әртісінің тек өзіне ғана тән дара жолы, сара жолы баяндалған.

Көкшетау театры ашылған сәттен бастап көрерменін шынайы өнерімен тәнті еткен Жібек Бағысова апамыз әлі де оқ бойы озып, оқшау келеді. Әрдайым ағарып алдымызда жүріңіз, апажаным!

Марал ЖАҚЫПОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар