«Қара ақша», саясат және билік

«Қара ақша» деген ұғым заңсыз әрекетпен табатын барлық қаражат пен салықтан әдейі жасырылған басқа да кіріс көздерін қамтиды.

АҚШ философия қоғамының мүшесі əрі саяси журналистиканың қас шебері Джейн Майердің қаламынан туған «Қара ақша» (Jane Mayer. Dark money) – əлемдегі ең алпауыт елдің жоғарғы билігіне қол созған мульти-миллиардерлердің астыртын радикалды əрекеттерінің сырын ашатын бірегей туынды. Сондықтан да болар, 2017 жылы жарық көрген автордың аталған кітабы қалың оқырман назарына бірден ілікті. Солай болатын жөні де бар, өйткені Джейн Майер «Wall Street Journal» сынды іргелі де ықпалды басылымда он екі жыл репортерлік қызметте, ал одан бергі кезде «The New Yorker» апталық басылымның меншікті тілшісі бола жүріп, жоғарыда аталған туындысымен етене үндес əрі бірнеше жоғары жүлдені жеңіп алған «Көлеңкелі жақ» («The Dark Side»), «Түсініксіз əділет» («Strange Justice») жəне «Жер көшкіні» («Landslide») сынды үш кітабын жарыққа шығарған-ды. «Қара ақшаның» бас кейіпкерлері – Массачусетс технологиялық институтының түлегі, əйгілі химик-инженер Фред Чейз Кох пен ізін басқан оның ұлдары Чарльз бен Давид Кох.

Фред Кох – өткен ғасырдың 30-жылдары Техаста өзінің тырнақалды жекеменшік фирмасының негізін қалап, шикі мұнайдан бензин өндірудің ең оңтайлы жолын ойлап тапқан талантты тұлға. Алайда бəсекелестері оны мұнай бизнесінен ығыстырып шығаруға бар күшін салып бақса керек. Соның салдарынан Фред Кох əлгі бақталастарынан іргесін аулақ салып, Адольф Гитлер билеген Германиямен де, Сталин билігіндегі Ресеймен де іскерлік байланыс орнатуға мəжбүр болады. Көп кешікпей Кох отбасының қолға алған тамырлы бизнесі үлкен қарқынмен дамып, толағай табысқа қол жеткізеді. Соның нəтижесінде Кох əулеті Америка халқының олигополиялық 1%- ын құрайтын «алтын миллиардтың» қатарына еніп қана қоймай, сол магнаттоптың көшбасшыларының біріне айналады. Ұшан-теңіз байлыққа кенелген Кох əулетінің бизнес əлеміндегі ықпалы да ерекше шексіз еді. Олар байлығы мен бақуатты жағынан өздерімен дəрежелес миллиардерлермен иық тіресе отырып, күштерін біріктіріп, бейбіт өмір мен адам еркіндігін бірінші орынға қоятын жасанды идеологияның туын желеу етіп, либертариандық саяси партия құрады.

1980 жылы Давид Кох əлгі саяси партияның мандатын иеленіп, АҚШ-тың вице-президенттігіне өз кандидатурасын ұсынады. Алайда ол сайлаушылардың бір пайыз ғана дауысына ие болады. Соған қарамастан, ол бұл жеңілістің себебін өздері құрған тəжірибесіз əрі бедел жинап үлгермеген жас партияның əлсіздігінен емес, елде бұрыннан қалыптасқан сайлау жүйесінің кемшілігінен көреді. Сөйтіп, Кох əулеті ендігі жерде АҚШ-тың сайлау жүйесін өзгертуге бел буады. Осы мақсатын іске асыру үшін олар ортақ мүдделі одақтастарымен тізе біріктіре отырып, жүздеген миллион доллар шығарып, өте қомақты қор құрады да, идеяларын Американың саяси өмірінің ең негізгі күн тəртібіне айналдыруға жұмыла кіріседі. Кохтар ендігі жерде радикалды мақсатты көздей отырып, өздері субсидиялаған жымысқы желілері арқылы тегеурінді күрес жүргізе бастайды. Олар көздегеніне жету үшін сырттай қарағанда бір-бірімен ешбір байланысы жоқ болып көрінетін академиялық бағдарламаларды іске қосады жəне ұлттық саяси пікірталастарға қатысу үшін ақпараттық-түсіндіру топтарын құрады. Сондай-ақ, бастаған қозғалысына серпін беру үшін жасанды құрылымдар жасақтап, Конгрестен лоббистер мен арнайы қызметкерлер жалдайды. Сонымен қатар, тек банктерді ғана емес, құқық қорғау органдарының заңгерлерін де, соттарда қаралатын істерді өз пайдасына шешу үшін сот жүйелерін де қоса қаржыландырып отырады. Алайда, əлгіндей «қара қаржыларының» ізін жасыру үшін «филантрофиялық мақсат», яғни, қайырымдылық іс-шаралар деп іздерін көмескілейді.

Осы тұрғыдан келгенде, Джейн Майердің «Қара ақша» атты туындысын – саяси билікке қол созған радикалды оңшыл күштердің артында тұрған миллиардер-магнаттардың жасырын тарихы деп айтуға болады. Аталған кітап «The New York Times» газетінің анықтамасы бойынша, 2017 жылы жарық көрген ең құнды он кітаптың санатына кірді. Еңбекте америкалық алпауыт топтар жоспарларының, жымысқы айла-тəсілдерінің астары айқара ашылады. Журналистік тергеудің ең түйткіл тұстары жария етіледі. Атап айтқанда, автор кітаптың алғысөзінде 2009 жылы 20 қаңтарда өткен өте маңызды мемлекеттік шараға, атап айтқанда, Вашингтондағы Ұлттық сауда орталығында сол жылғы президенттік сайлауда үлкен басымдықпен жеңіске қол жеткізген АҚШ-тың 44-президенті Барак Обаманың ант қабылдау сəтіне бағышталған салтанатты жиынға сілтеме жасайды. Айтса айтқандай-ақ, сол күні аталған мерекені Вашингтон халқы мемлекет астанасына ағылған миллионнан астам қонақпен бірге тойлап жатты.

Дəл осы 2009 жылы қаңтарда АҚШтағы президент сайлауын байқап қайтуға Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымының Парламент Ассамблеясы депутаттарынан жасақталған байқаушылар тобының бірі ретінде президент Барак Обаманың ант қабылдауы салтанатына мен де куə болған едім. АҚШ телеарналары айтулы мерекені 20 қаңтардың кешінен бастап, келесі таң атқанға дейін еш дамылдамай, жарыса көрсетті. Сосын бұл репортажды Америка халқы ғана емес, күллі əлем бірге тамашалады.

Сол мерекені өз көзімен көрген Джейн Майердің пікірінше, Обаманың бұл жеңісі, біріншіден, түрлі пікірталасқа негіз болғанына қарамастан, АҚШ-тың Демократиялық партиясының көптен бері асыға күткен мерекесіне ұласты, ал екінші жағынан, бұл жеңіс АҚШ-тың консервативтік саяси билік жүйесін уысында қалдыруға жанталаса тырысқан жəне сол биік мүдде үшін аса қомақты қаржыны төккен консерваторлар партиясын жақтайтын мульт-миллиардерлер діттеген мақсатына жете алмай, салы суға кеткенін дəлелдеді.

Сондықтан да болар, консервативтік саяси билікті қолдап келген олигополиялық топ белсенділері дəл сол 2020 жылы қаңтар айының соңғы демалыс күндері АҚШ-та өткен аталған президенттік сайлаудың нəтижесін жоққа шығару ниетімен қолдан келгеннің бəрін істеу үшін АҚШ-тың қиыр батысындағы Калифорния штатының Палм-Спрингс қаласының маңайындағы айтулы курорттардың бірінде оңаша бас қосып, қауырт та жымысқы жиынын өткізді. Кітап авторының айтуынша, ол жиынды ұйымдастырушылардың басы-қасында АҚШ-тың Консервативтік партиясының жетекші тұлғасы емес, жоғарыда аты аталған айтулы магнат Фред Кохтың ұлы Чарльз Кох тұрған еді.

Сонымен қатар Джейн Майер көңіліне қаяу түсірген мына бір риторикалық сұрақтардың жауабын табуға тырысады. Бүгінгі Американың тағдырын шешіп отырған алпауыт топтардың оңшыл идеологтері кімдер? Америка неліктен күн сайын тереңдей түскен экономикалық тең сіз дік шырмауында өмір сүріп жатыр? Жаһандық климаттың өзгеруіне қатысты қара пайым жобалар АҚШ-та неліктен қайта-қайта сəтсіздікке ұшырайды? Хедж-қор миллиардерлері орта тап өкілдеріне қарағанда неліктен мардымсыз салық төлейді?

Міне, осы сияқты сүбелі сұрақтарға жауап іздеген Джейн Мейер кітабындағы шытырманға толы репортажында, біріншіден, америкалық саяси билік сипатын түбегейлі өзгертудің жүйелі де жымысқы жоспарын қалқадағы «қара ақшаларымен» қаржыландырып отырған Кох, Скейф, Олин жəне Брэдли əулеті бастаған плутократтардың эли та лық тобының күшқуатын кəсіби шеберлікпен суреттейді. Мəселен, əлгі олигополиялық топтағы ағайынды Кох əулетінің жекеменшік компаниясының бір өзі ғана байлығы мен бақуаттылығы жағынан АҚШ-та екінші орынды иеленетін аса іргелі индустрияға айналып кеткендігін алға тартады. Екіншіден, əлгі индустрияның иелігінде бүгінгі таңда ұзындығы 4000 километрге созылған мұнай құбырлары ғана емес, Аляска, Техас, Минесота штаттарында орналасқан мұнай өңдейтін зауыттар да, ағаш бұйымдары мен қағаз, көмір мен химикат шығаратын ірі-ірі өнеркəсіптер де, тіпті, тауар фьючерстерін даярлайтын өндіріс ошақтарымен қатар өзге де бизнес түрлерімен айналысатын компаниялар тобы иін тіресіп тұрғанын да растайды. Үшіншіден, бұл іргелі конгломераттың шексіз байып кеткені соншалық, қазір ағайын ды Кохтар əлемдегі ең бай-ба қуатты олигархтар тобындағы бесінші жəне алтыншы орынды иеленеді екен. Сəйкесінше, 2009 жылы əрқайсысының ақшалай жеке табысы 14 миллиард долларды құрап, олардың жалпы сомасы 28 миллиард долларға теңелгенін де жайып салады.

Ал, енді сəл ғана шегініс жасап, 2009 жылы қаңтар айының соңындағы Палм-Спрингс курортында өткен жиынға қайта оралсақ. Сол астыртын басқосуды ұйымдастырған ағайынды Кохтардың үлкені Чарльздің ойында екі мақсат болған екен. Атап айтсақ, Чарльз Кох, біріншіден, консерваторларды жақтайтын өзімен мүдделес əріптестерінің жаппай қолдауына ие болуға тырысқан. Екіншіден, оның көкейінде 2009 жылы америкалық сайлаушылар жаппай дауыс берген Обама əкімшілігінің демократиялық саясатына қарсы жақтастарын жұмылдыру тұрған. Өйткені Чарльз Кох Барак Обаманың демократиялық саясатын мүде жақтырмай, «ең апатты саясат» деп сынаған.

Джейн Майер кітабында да, интернет желісінде де, жоғарыдағы олигархтардың жең ұшынан жалғасып, астыртын жұмсаған миллиардтаған «қара ақшаларының» жасырын ізін, олардың ықпал ету аймағын (сараптамалық орталықтар мен академиялық институттар, сол сияқты медиатоптар мен сот жүйелері) айла-тəсілдерін, ең бастысы, үкімет жүйесінде отырған етене жақын мүдделестерін жіпке тізгендей көрсетіп, судың бетіне шығарып берген. Мұқият зерттелген жүздеген экск люзивті сұхбат пен қоғамдық жазбаға, сондай-ақ, жеке құжаттар мен сот үдерістерінің желісіне терең үңіле отырып, Джейн Майер жаңа америкалық олигополияның артында тұрған алпауыт тұлғалардың нақты бейнелерін дəл анықтап қана қоймай, əлгі топтағылардың мемлекеттің басқару жүйесін тізгіндеп алуға бағытталған құпия жоспарларына да өзінің өткір көзқарасын білдіреді. Сондықтан да, нақты əрі шынайы журналистік зерттеулерге негізделген «Қара ақша» туындысын бүгінгі жаһандық капиталистік жүйенің бір бөлігіне айналып үлгерген еліміздің тағдырын зерделеу үшін де өте маңызды десек, артық болмас. Өйткені, кезінде Президент Қ.Тоқаев айтқандай, ел байлығының басым бөлігі аттөбеліндей ғана олигархтың иелігіне өтіп кеткенін ескерсек, 2022 жылы Қаралы қаңтарды ұйымдастырушылар мен мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп, төңкеріс жасауға ашық ұмтылғандардың артында да аса қомақты «қара ақша» тұрғанын бір сəт те естен шығармау қажет. Джейн Майердің өт кір де өзекті туындысы еліміздегі əділетті демократияның болашағын ойлайтын бүгінгі көшбасшыларға да, биліктің маңызды салаларын ұстап отыр ған тұлғаларға да, саясаткерлер мен сарапшыларға да, қатардағы адал азаматтар мен меритократ жастарға да айтары, берері бар еңбек. Осы орайда автор сілтеме жасаған қазіргі АҚШ-тың ең көшбасшы əрі солшыл ағымдағы оқу орны Колумбия университетінің профессоры, экономика саласынан Нобель сыйлығының лауреаты Жозеф Стиглицтің (Joseph Stiglitz): «Wealth begets power, which begets more wealth», яғни «Байлық одан сан есе көп байлықты тудыратын билікті өмірге əкеледі» деген пікірін ұмытпаған абзал. Рас, түп-тамыры бұлыңғыр «қара ақша» əрқашан қара пиғылға, ал, қара пиғыл – жымысқы саясатқа, ал, жымысқы саясат түбінде жымысқы билікпен жымдасқан арам байлыққа жол ашады. Ең өкініштісі, осы лас құбылыстың бəрі еліміздің ішінде жаппай көрініс тауып, азаматтық құқыққа, əділеттілікке, ел қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп, ең жауапты мемлекеттік құрылымдарды матап алғанын Қасіретті қаңтар көрсетіп берді. Бұл «қара ақша» Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тың қолға алған демократиялық реформаларын алға бастырмауға, тіпті, оны тақтан тайдыруға бар күшін салғаны белгілі.

Дана халқымыздың «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында», «Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен» немесе «Іштен шыққан жау жаман» дейтін нақыл сөздері жайдан-жай айтыла салмаған. Бұдан алатын сабақ – мемлекет іргетасын шайқалтып алмауды, егемендік пен мемлекеттігімізді əрқашан қызғыштай қорғауды аманаттайды.

Сөз соңында айтарымыз, əлемде оза дамыған елдер сияқты мемлекетіміздің прагматизмге негізделген ішкі тəртібі мен күллі заңдар жүйесін əділетті демократия жолымен барынша қатайтып, қараның да, ханның да құқы бірдей болуын халық санасына сіңіріп, осының мызғымастығын нақты іспен жүзеге асыру – биліктің де, қоғамның да парызы.

Ә­діл АХМЕТ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 («Егемен Қазақстан» газеті, 1 қыркүйек 2023 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар