Жас тарихшы ғалыммен жүздесті

Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» атты сұхбат алаңы ұйымдастырылды.

Онда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы,  Жошы  ұлысын зерделеу ғылыми институтының ғылыми қызметкері Талапкер Уәлиевжиналған қауымға ғылым жолы туралы ойларын айтты.

Шараға Көкшетау қаласының «Білім  инновация» лицейінің ұстаздары мен оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты.Ғылым мен білімсіз мемлекет те, қоғам да дамымайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін түсінік. Білім мен ғылымның қарқынды дамып жатқан заманында еліміздегі жастардың ғылыми әлеуетін арттыру – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақ. Бүгінде отандық ғылымды дамытуға үлес қосып, тың идеяларын жүзеге асыруға ұмтылатын жігерлі жастардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Талапкер Асқарұлы, ол бүгінде қазақ ғылымын, әсіресе, тарихын дамытуға өз үлесін қосып жүрген азамат.

Еркін форматта өткен шарада Талапкер Уәлиев жастармен ғылым мен білім тақырыбында жан-жақтыәңгімелесіп, қазіргі жасөспірімдер «ғалым болсам» деп емес, «танымал блогер, спортшы, кәсіпкер болсам» деп армандайтындығына көңілі толмайтындығын айтты. Ғылым жолын таңдайтындар неліктен аз екендігін, қазақ ғылымының дамуына қаржылық қолдаудың жетіспейтіндігін ашына жеткізіп, жиналған қауым тарапынан қойылған сауалдарға әрі қызықты, әрі мазмұнды жауап берді. Сондай-ақ, шара барысында Талапкер Асқарұлы ғылым саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, өз жобаларымен және идеяларымен  бөлісті, өмірінде орын алған білім мен ғылымның рөлі жайлы жан-жақты әңгімелеп берді.

–Бүгінгі ұйымдастырып отырған сұхбат алаңының басты мақсаты – кітапхананың «Туған өлке» жобасы аясында жастарға туған жерінің белгілі тұлғаларының өмірі мен шығармашылық жолын үлгі-насихат етіп, бойларындапатриоттықсезімқалыптастыруға, жігерлі, табанды ұрпақтың тәрбиеленуіне ықпал ету, – дейді аталмыш кітапхананың меңгерушісі Жанар Айтқожина.

Сұхбат алаңының қонағы, тарихшы ғалым Талапкер Уәлиев  Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы Қарақамыс ауылында дүниеге келген. Кіндік қаны тамған ауылындағы орта мектепті аяқтаған соң, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне «Тарих-география» мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейін магистратураныаяқтаған соң, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Брунель университетінде (Лондон, Ұлыбритания) тағылымдамадан өтіп келіп, «Тарих-археология» білім беру бағдарламасы бойынша докторантура бөлімінде білім алуда. Диссертациялық зерттеу жұмысының тақырыбы – «Беклербек Едіге тарих пен батырлық жырларда: дереккөздер және тарихнама» болса, ғылыми-зерттеу саласы – ортағасырлық көшпелі империялар, Алтын Орда мемлекетінің саяси тарихы, Алтын Орда дәуірінің фольклорлық мұрасы, қазақ құлпытастары, қазақ қолжазбалар тарихы.

– Егер сіздер кітапты көп оқып, ғылыммен айналыссаңыздар, бірақ ондағы алған біліміңізді біреумен бөліспесеңіздер, жарияламасаңыздар, онда тоқырауға ұшырайсыздар. Сол себепті ғылымға бас қойсаңыз, бір ойлы адамдармен сұхбаттасып, пікірлесіп, сондай ортада жүруге талпыну керек, алған біліміңізбен бөлісіп, тарату қажет. Содан кейін ғылымға қызығушылық зор болу керек. Қызығушылық болмаса, жобаңызға мемлекеттен, басқа жақтан болсын, қыруар қаржы құйылса да, нәтиже болмайды. Сондықтан мен: «ғылыммен айналысу – бұл мамандықты игеру ғана емес, оны шын көңілмен, қызығушылықпен сүю, жауапкершілікті сезіне білу, ізденіске толы ұлағатты іс дер едім. Менің тарих ғылымына деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде басталды, – деді Талапкер Асқарұлы.

Сұхбат алаңының соңында қалалық қазақ кітапханасының меңгерушісі Жанар Жұрқабайқызы жиналған қауымға өзінің ғылым жолындағы өмірі мен шығармашылығын жайып салған тарихшы ғалым Талапкер Уәлиевке алғысын білдіріп, жобаларының сәтті әрі жемісті аяқталуына тілектестігін жеткізді.

Жанель НАЗЫБАЕВА,
Көкшетау қалалық қазақ үлгілі
кітапханасының қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар