«Жаһандық интеграциялануға мүмкіндік берді»

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен 8 қараша – Статистика күні болып жарияланып, кәсіби мерекелер тізіміне енгені белгілі. Биыл Қазақстанның статистикасына 103 жыл толып отыр. Кәсіби мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Расул Ерғалиевті әңгімеге тарттық.

 Жалпы, статистиканың қызмет бағыттарының бірі –«мемлекеттік статистика қағидаттарын сақтай отырып, сол қызметті жүзеге асыру» екені белгілі. Сондықтан, осы принциптер орындалмаған жағдайда қандай қаупі бар екеніне тоқталсаңыз.

– Әрине, қазіргі қоғам өміріндегі статистиканың рөлі мен маңызын бағаламау мүмкін емес. Өйткені, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді басқару сенімді ұлттық статистикалық жүйе арқылы мүмкін болады. Ұлттық статистикалық жүйені реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жаһандық статистикалық қауымдастыққа айтарлықтай интеграциялануға мүмкіндік берді. Оны одан әрі жетілдіру шеңберінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда статистикалық есептілікті оңтайландыруға және сапалы жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік беретін «ҚАЗСТАТ» жобасы жүзеге асырылды.

Қазіргі кезеңде статистикалық байқаудың барлық элементтерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ, Қазақстанда мемлекеттік статистиканы және ұлттық деректер экожүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда. Онда әкімшілік және баламалы көздерді белсенді пайдалану мен цифрлық сервисті дамыту шаралары қарастырылған. Соңғы «Digital Bridge» форумында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық статистика бюросын «цифрлық» департаментке реформалау туралы мәлімдеді. Жүргізіліп жатқан жаңғыртуға қарамастан, бүкіл ұлттық статистика жүйесінің постулаттары мен принциптері өзгеріссіз қалады.

Мемлекеттік статистика жүйесінде іргелі қағидаттарды алғаш рет 1994 жылы БҰҰ Статистикалық комиссиясында бекітсе, 2014 жылы қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданды. Статистикалық қызметтің негізгі принциптерінің бірі – мемлекеттік статистиканы жалпы қабылданған халықаралық стандарттармен салыстыру болып табылады. Ол халықаралық статистикалық классификациялар тәжірибеге енгізілді. Статистикалық бақылауларды жүргізу кезінде ғылыми негізделгенәдістер мен тәсілдер үлкен орын алады.

Маңызды бағыт – өзектілік, объективтілік және азаматтар үшін тең қолжетімділік. Бүгінде мемлекеттік статистика жетілдірілді, ашық және қоғам үшін қолжетімді болды. Пайдаланушылар ресми статистикалық ақпаратқа еркін қол жеткізе алады. Пайдаланушылардың қолында орасан зор ақпараттық ресурстар бар. Ағымдағы және үнемі жаңартылып отыратын ақпаратты Ұлттық статистика басқармасының сайтынан алуға болады. Сыртқы интернет-ресурста пайдаланушыларға 3000-нан астам статистикалық көрсеткіштер бойынша ресми статистикалық ақпаратты ұсынуға мүмкіндік беретін «Талдау» ақпараттық-аналитикалық жүйесі орналасқан. Ресми статистикалық ақпараттың сенімділігі мен объективтілігін қамтамасыз ететін мемлекеттік статистика органдарының басқа мемлекеттік органдардан, заңды және басқа да жеке тұлғалардан кәсіби тәуелсіздігі өте маңызды іргелі принцип болып табылады.Маңызды принцип – құпиялылық және бастапқы статистикалық деректерді тек статистикалық мақсаттарда пайдалану. Жеке немесе заңды тұлғаларға қатысты статистикалық ақпарат үшін жиналған жеке деректер қатаң құпия болып табылады және тек статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылады. Әрине, мемлекеттік статистиканың жалпы қабылданған қағидаттарын сақтамау деректердің бұрмалануына әкеліп соғады. Өйткені, экономикалық немесе әлеуметтік болжамдар ресми статистика деректеріне негізделеді, жоспарлау қысқа және ұзақ мерзімді перспективаға жүзеге асырылады және тұтастай алғанда мемлекет экономикасының көрсеткіштеріне тәуелді.

– Қызметтің тағы бір бағыты – «қоғамның, мемлекеттің және халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа сұранысын қанағаттандыру». Ресми статистикалық ақпарат кейде біздің базарлар мен дүкендерден алған субъективті әсерлерімізбен сәйкес келмей жататыны шындық. Сондықтан, «Ресми статистика бар…» деген ирониялық көзқарасқа түсініктеме бере кетсеңіз?

– Статистикалық көрсеткіштерді әзірлеу және қалыптастыру халықаралық стандарттарға сәйкес бекітілген әдістер бойынша жүзеге асырылады. Тек 2016 жылдан бері статистиканың барлық дерлік салаларын – экономиканы, инновацияны, құрылысты, экологияны, шағын және орта бизнесті қамтитын 82-ге жуық Әдістеме әзірленіп, енгізілді. Қазақстандық және шетелдік мамандардың бірлескен жұмысы статистикалық көрсеткіштердің есептеу алгоритмдерін жетілдірді. Халыққа ұсынылатын статистикалық ақпарат әдістемелік түсіндірмелермен қоса беріледі. Сонымен қатар, ресми статистикалық деректерді құрайтын ақпарат бір ғана жеке құбылысқа қатысты емес, олардың жиынтығын қамтиды. Мысалы, тұтыну бағасының орташа деңгейі, орташа жалақы, орташа кірістілік және тағы басқалары. Мәселен, «Орташа жалақы» көрсеткіші. Ағымдағы жылдың 2 тоқсанында жалпы Ақмола облысы бойынша бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 298 мың теңгені құрады. Жеке секторлар бойынша іріктеп алғанда, осы кезеңде өнеркәсіпте орташа жалақы 343 мың теңге деңгейінде, білім саласында – 297 мың теңге, мәдениет және өнерде – 182 мың теңге, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында – шамамен 70 мың теңге. Мамандығы мен лауазымына қарай алатын болсақ, басшылар мен топ-менеджерлердің жалақысы бағыныштылар мен төменгі деңгейдегі қызметкерлердің жалақысынан 3-5 есе артық. Нәтижесінде жалпы облыс бойынша орташа айлық еңбекақы белгіленді.

Расул Жабалұлы, өзіңіз басқаратын департаменттегі мамандардың саны мен білім деңгейі мен олардың біліктілігін арттыру формаларына тоқталып өтсеңіз?

– Әлбетте, мемлекеттік статистиканың басты байлығы – кәсіби кадрлар. Қазіргі уақытта біздің ұжымда аудандық статистика бөлімдерін қосқанда 113 адам жұмыс істейді, қызметкерлердің  93 пайызының олардың 80 пайызға жуығы жоғары экономикалық білімі бар. Оның ішінде 23 маман Қазақстан Республикасы статистикасының үздігі. Біздің қызметкерлер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола филиалында біліктілігін арттыруда. Биылғы жылы 30 маман оқыту курсынан өтті. Статистика органдарында әртүрлі жастағы, орташа еңбек өтілі 16 жыл толған адамдар да жұмыс істейді. Әрбір қызметкер аймақтық статистика қызметіне өз үлесін қосуда деп сеніммен айта аламыз. Мұнда жас маман ретінде келген көптеген адамдар өз мансабын тек статистикамен байланыстырды.

1984 жылдан бастап жалпы еңбек өтілі 40 жылға таяп қалған Фарида Исланова, Шұға Жаманова, Айтжан Ыбышева статистика органдары жүйесінде абыройлы қызмет етіп келеді. Ермек Мусина, Майра Төлебаева, Айгүл Ысқақова, Ләззат Тұрұжанова, Мәдина Тұшанова 30 жылдан астам уақыттарын статистикалық сандарға арнап, осы салада еңбек етуде. Сонымен қатар, 28 жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Бағлан Тасболатова, Мәриям Балтабаева, Салтанат Тауышева, ал, Жанна Сағындықованың кәсіби біліктілігі өз алдына бір төбе. Олар күнделікті жұмысымен қатардағы сандарды сөйлетіп қана қоймай облыс, ел тарихында жақсы көрсеткішке айналдырады. Сондай-ақ, аудан көлеміндегі әріптестеріміз тарапынан жергілікті жерлерде де біршама жұмыстар атқарылуда. Солардың қатарында Валентина Сысолятина, Гүлнәр Молдаспаева, Лариса Кортункова, Галина Ижицкая, Күлкан Түлешова, Галия Ахметова, Күлзия Ибраева, Жанна Нұрғалиева және басқа да әріптестеріміздің әрқайсысының тынымсыз, жемісті еңбектерін мақтанышпен айтуға болады. Олардың еңбекке деген адалдығы, қажырлылығы, жұмысқа деген шығармашылық көзқарастары статистика саласына жаңадан келген өскелең ұрпаққа үлгі бола алады, жастар олардың қолдауы мен көмегіне сене алады.

– Сайтта бос жұмыс орындарының тізімі бар. Статистика органдарына жұмысқа орналасу және табысты да нәтижелі жұмыс істеу үшін қандай қасиеттерге ие болу керек?

Біріншіден, мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасу шарттары біркелкі және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың талаптарына сәйкес келеді.Ереже бойынша бос лауазымға орналасуға конкурсқа тиісті жоғары білімі бар кез-келген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Біздің департаментте бос жұмыс орындары Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында жарияланады.

Конкурсқа қатысушы заңдарды және мемлекеттік тілді білуге арналған тестілеуден сәтті өткеннен кейін кандидаттардың кәсіби және жеке қасиеттері бағаланатын әңгімелесуге жіберіледі. Әңгімелесуден өткен үміткерлердің құжаттарын конкурстық комиссия қарайды. Одан әрі комиссияның оң қорытындысын алған кандидаттардың тізімдері Ұлттық статистика бюросының интернет-ресурсында орналастырылады. Мемлекеттік қызметке кіру туралы толығырақ түсініктеме «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінен жүктеп алуға болатын мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға конкурс өткізу қағидаларында көрсетілген. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы, зейнетақы, медициналық сақтандыру, іссапармен байланысты шығындарды өтеу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, осының бәрі мемлекеттік қызметшінің тиімді жұмыс істеуі үшін заңнамада нақты мемлекеттік кепілдіктермен қарастырылған.

– Ғасырдан астам уақыт ішінде статистика саласы қаншама деректерді тарих қойнауына алды. Бүгінде соның бәрін заманауи технологиялар басты.

– Дұрыс айтасыз, айналамызда болып жатқан барлық нәрсені, бізді қоршаған ортаны Статистиканың тамаша ғылымымен байланыстыруға болады. Биыл Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 103 жыл толып отыр. Осы ғасырдан астам уақыт ішінде, әрине, үлкен өзгерістер болды. 1920 жылы Көкшетау уезінде екі адамнан тұратын статистикалық бюро құрылды. Онда жалпы бөлім, сонымен қатар, демографиялық, моральдық және ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен еңбек статистикасы секциялары болған. Статистикалық бюро жұмысының арқасында мұрағат құжаттарында санақтың кейбір нәтижелерін көрсететін қызықты деректер де табылған. 1960 жылдары облыстық статистика басқармаларының жанынан машиналық санау пункті құрылып, ол статистикалық жұмыстарды механикаландырудың бастауы болды. Осы жылдары облыстық статистика басқармалары мен оның аудандық бөлімшелерінің құрал-жабдықтары санақ жұмыстарын механикаландыру құралдарымен жүргізді. Сөйтіп, фактурлық, есеп машиналары, табуляторлар, содан кейін перфораторлар пайда болды. Ал, бүгінде заманауи технологиялар статистиканың аясын кеңейтті. Қазір статистикалық жұмысты компьютерсіз және интернетсіз елестету мүмкін емес. Осы тұрғыда бір айтарым: «1975 жылы қыркүйекте М-5000 электронды есептеуіш машиналарымен жұмыс істеуді үйрену үшін Вильнюс қаласына Қазақстанның 22 статистика қызметкері, оның ішінде 10-ы Көкшетау қаласынан, 10-ы Алматы қаласынан, екеуі Қызылордадан жіберілген екен. Тағы бірайтарым, мәліметтерді жинау және өңдеу процестерін автоматтандыру үшін «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесідеенгізілді. 2019 жылдан бастап статистика органдарына ұсынылатын статистикалық нысандар туралы ақпаратты, берілген есептердің тарихын, өтелмеген есептердің тізбесін қарауға, сондай-ақ, статистикалық қызмет туралы жеке хабарламаларды алуға мүмкіндік беретін «Респондент кабинеті» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. 2021 жылғы соңғы халық санағы мамандандырылған «www.sanag.kz» сайтында интернет арқылы халық туралы ақпаратты жинаудың жаңа әдісі бойынша жүргізілді. Жаңа әдіспен қатар, қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып және портативті есептеуіш құрылғыларды планшеттерді пайдалану арқылы дәстүрлі үздіксіз айналма жол қолданылды.

Мен бүгін облыстық «Арқа ажары» газеті арқылы департамент қызметкерлерінжәне статистика саласының ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Ұзақ жылдар бойы жинақталған тәжірибелері бар статистика саласының қызметкерлерін осы саланың қамқоршылары деп айтуға болады. Олардың жұмыстары қашан да қажет әрі маңызды. Әріптестерімнің істеріне әрқашан сәттілік серік болсын, зор денсаулық, бақ-береке, кәсіби қызметтерінде табыс және жаңа жетістіктер тілеймін.

Мемлекеттік статистиканың тарихы жалғасуда, біздің алдымызда мемлекеттік статистиканы одан әрі жетілдіру және дамыту бойынша жаңа міндеттер тұр. Барша ақмолалықтарға денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақыт тілеймін. Әр үйде мейірімділік пен махаббат, тыныштықорнасын. Өңіріміздің өркендеуі, облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту және кеңейту, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жоспарланған жоспарлар мен инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асуы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар